» » Азулының да жүрегінде мейірім бар

Азулының да жүрегінде мейірім бар

Адамзат баласы жан-жануарлардың арасынан аққуды махаббат нышанына балап жатады. Мұндай үрдіс қазақта да бар. “Аққуды атпа, досыңды сатпа” деп мақалдатып, оны достықпен, адалдықпен байланыстырып отырған. Екі жас көңіл жарастырып, бас қосса оған осы кіршіксіз құстың махаббатын тілейді. Бұл түсінікті жағдай. Бірақ, басқа аң-құстардың махаббат жөніндегі көзқарастары қалай?
Бала күнімде бір жылан жас жігітке ғашық болыпты деген әңгімені естіген едім. Түсі суық, қорқынышты жыланды ондай ұлы сезім қалайша өзіне баурап алады? Бірақ, ел аузындағы әңгіме жайдан-жай айтылмаса керек-ті. Оқиға былай өрбіген көрінеді. Жас жігіт күнде таңертең ұйқыдан тұрса, көкірегінде жылан жатады екен. Қатты шошып, орнынан атып тұрады. Бұл оқиға бірнеше мәрте қайталанады. Тіпті, жылан жігітке тиіспей, тек қасында жататын көрінеді. Ақыры, әлгі жігіт бірде қатты шошынып, жүрегі жарылып өліпті. Ел оны аққа орап жерлегелі жатқанда жігіттің жанынан жыланның өлі денесі табылған. Жұрт сонда жыланды оған ғашық болғанын аңғарған.
Ғашық болу сезімі басқа да аңдарда кездеседі. Мәселен, қасқыр өз қаншығына бөтен өзгесін жақындатпайды. Ал, айғыр қарамағындағы үйірдегі биелерге пана болумен қатар, онда отбасындағы әкенің рөлін атқаратын көрінеді. Жер бетінің басқа аймағында өмір сүретін тіршілік иелері, яғни, бізде кездеспейтін қолтырауын, арыстан, маймылдың горилла сынды түрі өз серіктерін таңдағанда күш пен ақылға жүгінеді. Күнделікті көріп жүрген көгершіндер де махаббат пен достыққа берік құс. Ал, пингвиндердің көп бөлігі өмірбақи тек бір ғана жұппен ғұмырын өткізеді.
Жануарлар дос таңдауға да ерекше көңіл бөледі. Зерттеуші Криста МакЛеннаның пікіріне қарағанда, әрбір сиыр өзіне құрбы таңдап алады. Зерттеу барысында Кристаның өзі аталған үй жануарының бұл әрекетіне таңданыспен қараған. Сиырдың көбіне өз құрбысымен бірге жайылатынын аңғарған. Бір қызығы, оларды екіге бөлсе жалғыз жүргендіктен көңілдері түсіп, сүтті де аз берген.
– Қолға үйретілген жануарлардың арасында жылқы, ит, мысық атаулы адамға жақын келеді. “Ит – адамның досы”, “Ат – ер қанаты” деп айтылуында да терең мән жатыр. Мысықтың адамға басымен сүзген секілді кейіп танытып, жақындасуының да өзіндік себебі бар. Мұндай әрекеті арқылы мысықтар өздерінің махаббатын білдірсе керек. Ит те егесін көргенде арсалаңдап, қыңсылап, құйрығын бұлғаңдатып еркелеп кетеді.
Ғаламторда жануарлар әлеміне қатысты көптеген қызықты мәліметтер мен суреттер бар. Әсіресе, соңғы кездерде олардың мейірімге толы іс-әрекеті бейнеленген суреттері жиі жариялануда. Әлгі суреттерді көріп отырып, жер бетіндегі аң-құс атаулыға көзқарасың мүлде өзгереді десек те болады. Тіпті, итті асырап алған мысықты немесе қоянды бауырына басқан иттің суреттерін жиі көріп жүрміз. Анасын көлік қағып кеткен кенгурудың баласын ит өз қамқорлығына алмағанда тірі қалар ма еді?! Уганданың ұлттық саябағында арыстан бөкенді жеп оның жетім қалған баласын асырап, қамқорлығына алған деген оқиға күллі әлемді дүр сілкіндірді. Сөйтіп, адам баласы мұндай да ғажайыптың болатынына көз жеткізді.
Бұл секілді оқиғалар көп. Ғаламтор бетін ашып қарасаң, бірінен соң бірі шығып, көз тоярлық суреттерімен еріксіз елітіп алып кетеді. Мысалы, Хироко атты мысық үш марғауы өліп қалған соң, бар аналық махаббатын үйректің балапанына төккен. Англиядағы саябақтардың бірінде шимпанзе күшік асырап алған. Линтон саябағында абаданды (арыстанның күшігі) саябақ директорының мысығы бауырына басқан. Жұрт қызығушылығын тудырған бұл оқиғалардан махаббат пен нәзіктікті аңғару қиынға соқпас. Алысқа ұзамай-ақ, күнделікті өмірде кішкентай балалар абалаған үлкен иттің қасына барса, тиіспейтіні не болмаса мысықты қанша умаждап ойнаса да артық әрекет жасамайтыны белгілі. Осындай жәйттардан аңдардың балаға, табиғатқа қамқорлығы көрініп-ақ тұрады. Ғалымдар бұл құбылысты аналық түйсікпен байланыстырып түсіндіреді.
Қазақ халқында қошақаным, ботақаным, құлыным, танакөзім деп балаларды еркелету әлі күнге дейін бар. Алла тағала аң мен құсты жаратқанда олардың бойына да жақсы көру, достық пен адалдықты бағалау сынды қаситеттерді сіңірген. Аңдардың балаларына деген махаббатын сөзбен айтып жеткізу қиын. Өмірге келген күнінен бастап қамқорлық танытып, аналық мейірімін төгіп, тіршілікте қалай күн көру керектігіне дейін үйретеді. Тіпті, құстар тұмсығымен жемтік жинап, шырылдаған балапанын аш қалдырмаудың қамын жасайды. Бірте-бірте қанатын қатырып, белін бекемдеп ұшуды үйретеді. Олардың өмір сүру үрдісін қанша таныдық, білдік дегенмен, әлі де болса жұмбақ жағдайлар баршылық. Қалай деген күнде де, жануарлар әлемінде адамға үлгі етер дүние жеткілікті. Тек жақсыны танып, әдеміні көре білу керек.

А.БЕК.
25 қыркүйек 2018 ж. 1 337 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 723

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031