СУ МҰНАРАСЫ
Теміржол станциясындағы су қыспақты алып мұнара 1901–1906 жылдар аралығында Орынбор-Ташкент теміржолының құрылысы кезінде салыныпты. Кезінде бұл архитектуралық ескерткіш құрылысына тапсырыс беруші Ресей империясының жол қатынастары министрлігі екен.
Жалпы биіктігі – 16,5 метрді құрайтын су мұнарасы екі бөліктен тұрады. Күйдірілген кірпіштен қаланған қабатының биіктігі – 10,5 метр болса, оның үстіндегі ағаш бөлігінің биіктігі – 6 метрден асады. Қабырғасының қалыңдығы – 70 сантиметр. Жалпы формасы сегізқырлы болып қаланған.
Бір қызығы, ондағы терезелердің пішіні тікбұрышты. Есіктің үстінде жартылай циркульды жақжайы орналасса, пішіні күрделі конфигурациялық фигуралы құмыра іспеттес болып қаланған. Мұнараның кірпіштен тұрғызылған бөлігін сталактиттер түрінде қаланған декоративті белдемшесі бар карниз аяқтайды. Төбе ағаштарының шеттері, терезелердің карниздері ою-өрнектермен безендірілген.
Ал, мұнараның ағаш бөлігі панельді, карнизді және ортаңғы болып үшке бөлінеді. Алғашқы екі бөлігі сыртынан тақтайлармен тік етіп көмкерілсе, үшіншісі қиғаш етіп қапталған. Осы аталған ағаш бөлігінің ішінде су сақтайтын резервуар орналасқан. Оған мұнара ішіндегі айналма саты арқылы көтерілуге болады. Мұнараның шатыры шірімейтін қаңылтырдан жабылған. Мұнараға суды қыстақтан 3-4 шақырым жерде орналасқан арнайы су сақтағыштан айдаған.
Күні бүгінге дейін алып нысан қаз-қалпында тұр. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, мұнараның ағаштары бірде-бір шеге қолданылмай қағылған. Ерекше архитектурасымен алыстан көзге түсетін бұл мұнара аудандағы тарихи ескерткіштердің қатарына жатады.
Н.ҚАЗБЕКОВ.
Пікір 1