Ескерткіштер көне тарихтан сыр шертеді Көне тарихымыздың заттай дерегі тарих және сәулет ескерткіштері болып табылатындығы сөзсіз. Бұл ескерткіштерді өткеннің келешекке қалдырған аманаты, ата-бабаларымыздың үзілмей келе жатқан салт- дәстүрлерінің нақты көрінісі деп бағаласақ та болады. Оларды қорғап, сақтап және қадір-қасиетін жалпы көпшілікке таныстырып отыру бәріміздің де парызымыз.Елбасы Н.Ә.Назарбаев өзінің «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында «Туған жерге деген сүйіспеншілік...білім беру саласында ауқымды өлкетану жұмыстарын жүргізуді...жергілікті деңгейдегі тарихи ескерткіштер мен мәдени нысандарды қалпына келтіруді көздейді» деп ұлттық құндылықтарымызға қамқорлық жасап, туған өлке тарихын біліп өсу, сөйтіп бүгінгіні өткен тарихпен сабақтастыру туған жерге деген сүйіспеншіліктің түп-тамыры болып табылатындығы жайлы айтқан болатын.Сондай-ақ, бұл бағдарлама қазақтың төл тарихынан ойып тұрып орын алатын әрі елдігіміздің тұмары, өркениетіміздің жәдігері болған жергілікті деңгейдегі тарих және мәдениет ескерткіштері мен нысандарды қалпына келтіру бастамасын да қолға алуды ұсынады.Арықишан мешітіАрықишан мешіті Есет батыр ауылының оңтүстік-шығыс бетінде 4 шақырым жердегі ескі қорымның ішіне орналасқан архитектуралық ескерткіш. Күйдірілген қызыл қыштардан қаланып, әсем етіп қаланған зәулім күмбезді мешіт ою-өрнегімен, сырт көрінісімен еріксіз көз тартады. Шежіреші, марқұм Оразбек Қожамұратовтың айтуы бойынша, Арықишанның азан шақырып қойған аты–Ізбасар Әзизрахымұлы. Шыққан тегі Кіші жүздің Тама тайпасының Қызылқұрт аталығы. Бұл кісінің дене бітімі арық, талдырмаш болғандықтан оны жергілікті халық өз атымен атамай, Арықишан деп атап кеткен екен. Оның қай жылы туып, қайтыс болғаны белгісіз.Шамамен, ХІХ ғасырдың 70-ші жылдары Бұқарадағы «Көкілташ» медресесін бітіріп, Ұлытау жақта қоныстанып отырған өз ағайын-тумаларына қайтып бара жатқан оған ел ақсақалдары «Ауыл- аймағымызға діни сауат беретін бір мешіт салдырып, балаларымыздың мұсылманша сауатын ашып, оқыт» деп жабыла өтініш айтып, бала-шағасымен бірге өз ауылдарына алып қалады.Сөйтіп, ол кісіні ел ішіндегі ауқатты адамдар өз қамқорлығына алып, бүкіл ел-жұрт болып ұйымдасып, алдына мал салып беріп, жағдайын жақсартады.Кейіннен, тұрмысы түзелгеннен соң ол кісі жергілікті халықты ұйымдастырып, Жаңадариядан су келтіріп, қарулы жігіттердің басын біріктіріп мешіт құрылысын бастайды. Ақмешіт қаласынан Асхабулла сарт пен Самұрат деген ұста кісілерді алдыртып, алдымен мешіт маңына қыш зауытын салдырады. Аталған қыш зауыты мешіт құрылысы аяқталғанша жұмыс істеген. Құрылысшылар қам кесекті топырақтың иінің қандырып, биенің сүтін қосып илеп, жылқының қылын араластырып құйып, шеңгелдің қызыл шоғына күйдірген.Арықишан өзінің үлкен баласы Оспанды Хиуаға жұмсап, мешіттің жобасын, керекті түрлі-түсті бояулар мен құрал-саймандарды, елдің ауқатты адамдарының көмегімен Арқа жақтан түйелерге артып, қажетті құрылыс материалдарын алдыртады.Сонымен, аталған мешіт халықтық әдіс-асар арқылы шамамен 1883 жылы салынып бітеді. Мешітте үнемі діни- жоралғылар мен діни- мерекелер, жұма намаздар өткізіліп, ел ішіндегі көптеген кісілер ислам дініне бет бұрып, намазға жығылады. Күнделікті қайыр-садағадан түскен мал сол жерде сойылып, еті жетім-жесірлер мен жоқ-жұқаларға үлестіріліп беріледі. Мешіт жанындағы Хорезмнен келген өзбек ұстасы қоладан құйған тайқазан күні кешегіге дейін (ХХ ғасырдың 50- шы ж.ж. ) сақталып келген екен.Арықишан өмірінің ақырына дейін осы мешітте дәріс беріп, халықты діни сауаттандырады. Кейіннен, Арықишанның үлкен баласы Оспан мешіттің жанына қосымша медресе салдыртып, әкесінің ісін жалғастырып, ауыл балаларын адалдық пен имандылыққа тәрбиелеген екен. Арықишанның немере інісі Бәйтен мешітте азаншы болған көрінеді. Бәйтеннен ұрпақ қалмаған. Ал Арықишанның Оспан, Мәмбет, Мағзұм есімді ұлдары мен бірнеше қыздары болған. Бұл күндері олардың сүйектері мешіт жанындағы қорымда жатыр.Арықишанның бел балалары мен қыздарынан тараған немере, шөбере, жиендері тағдырдың тәлкегімен Тәжікстан Республикасының Ленинабад қаласында, қыздарынан тараған ұрпақтары Қырғызстан Республикасы мен Оңтүстік Қазақстан облысының төңірегінде тұрып жатыр.Арықишан дүние салғаннан кейін, денесі осы мешіттің ішіне жерленеді. Өзінің көзі тірісінде пайдаланған діни кітаптары да ол кісімен бірге көмілген көрінеді.Мешіт ХІХ ғасырдың 80-ші ж.ж. аралығында күйдірілген қызыл кірпіштерден қаланған. Мешіттің жалпы өлшемі–10,5х5,50 метр. Қабырғасының қалыңдығы - 80 см. Мешіт ишанның өзі жерленген бөлме мен дәліз ретінде соғылған қосалқы бөлмеден тұрады. Кіреберіс есігі оңтүстікке қараған. Қабырғаның жоғарғы жағы ою-өрнекті карнизбен безендірілген. Сегіз қырлы (восьмигранник) болып қаланған екі барабанның үстіндегі күмбезде ішке қарай жарық түсетін 4 тесік бар. Мешіттің жалпы биіктігі – 5,70 метрге жуық.Еліміз егемендік алғаннан соң ғана барып Ақарық ауылының тұрғындары мешіт тұрған қорымның айналасын қоршап, мешітті күтімге алады.Қорыта айтқанда, уақытында мешіт ұстап, халықты мұсылманша сауаттандыруда елеулі еңбек сіңірген Арықишанның кесенесі қайта жаңғырып, кейінгі ұрпаққа жетіп жатса табиғатында таза жанның әруағы риза болар еді.Т.Қозыбағаров,Аудандық музейдіңэкскурсоводы Тарих 29 желтоқсан 2017 ж. 2 939 0