» » » Әр өңірден табылған археологиялық жәдігер жергілікті музейде сақталуы керек — Айшагүл Азаматқызы

Әр өңірден табылған археологиялық жәдігер жергілікті музейде сақталуы керек — Айшагүл Азаматқызы

Биыл атажұрттан жырақтағы азғана қазақтың құтты ордасы, мәдени бесігі болған Бай-Өлке музейіне 70 жыл толады. Осыған орай музей басшысы Айшагүл Азаматқызымен арнайы әңгімелесудің сәті түскен еді. Ендеше Орталық Азиядағы көшпенділер тарихынан ең көп мұра сақталған жәдігерлер үйінің жай-күйі жайында сіз де біле отырыңыз.
 Айшагүл ханым, әуелі Бай-Өлке орталық музейнің құрылу тарихына аздап тоқталып кетсеңіз?
— Баян-Өлгей аймағы алғаш 1940 жылы орнап, ел бірлестік боламыз-болмаймыз деп, халық та үкіметке сенер-сенбесін білмей біраз әбігер болғаны тарихта белгілі. Сол кезеңде аймақ халқы да небір қиын заманды бастан кешіріп, аймақ орнағанын білеміз. Міне осындай қарбалас сәтте орнағанына небәрі 8 жыл болған Баян-Өлгей аймағының сол кездегі басшысы Жеңісхан Дүзелбайұлы 1948 жылы өлкетану кабинетін ашуды, мұраларды жинап, ел тарихын түгендеуді тапсырған арнайы бұйрығын шығарады. Бұл бұйрық бұған дейін музей қорында жоқ болатын. Жақында 1948 жылғы бұйрықты және мәжіліс хаттамасын, сол кездегі біраз тізімдерді іздеп таптым. Әрі сол кездегі ел басқарған ағаларымыздың тарихқа бей-жай қарамай, мұқияттылықпен, әрі болашақты тым ерте ойлай білген қабілеті мен білімділігі қайран қалдырды. Соның арқасында әлем қазақтарының бір мақтанышы болған Баян-Өлгей музейі тарихтың небір кезеңінен өтіп, ұзақ жылғы тәжірибесі қалыптасып, міне 70 жыл үзбей халыққа, алыс-жақыннан келер түрлі деңгейдегі қонақтарына қызмет етіп отыр.
 Қобда бетінде қазақтар өмір сүргелі 7 ғасыр болмаса да, сонша уақыттың жәдігерлерін топтастырып отырған мұражайдың 70 жылдығына дайындық қалай?
— Аймағымыз музейінің 70 жылдық мерейтойын белгілеп өткізуге байланысты аймақтық Азаматтар өкілдер құрылтайының төрағасы Бауыржан Дәлелұлының арнайы үкімі қабылданып, жұмыс тобы құрылды. Мерейтойды кең көлемде, алыс-жақын шет елдердің музей қызметкерлерін, музейтанушылар мен тарихшылар, этнографтар мен археологтардың басын қосып, халықаралық дәрежеде өткізуді жоспарлап отырмыз. Осы мерейтой қарсаңында көршілес елдер, орталық, барлық аймақтағы музей мамандарының қатысуымен ғылыми іс-шара ұйымдастыру арқылы аймағымыз музейінің ерекшелігін таныту, насихаттау, және де басқадай көптеген шаруаны арнайы жұмыс комиссиясымен бірлесе отырып атқаруды қолға алдық.
Аймағымыздың музейі — Моңғолия қазақтарының тарихын толық қамтыған, өлкедегі жан-жақты тақырыпты терең тануға мүмкіндігі бар, барлық кезеңнің заттай мұрасы сақталған, жан-жақты кемелді қоры құрылған ұжым. Келер ұрпақ үшін өткенімізді көз алдына келтірер құнды тарихи деректер сақталған мекеменің 70 жылдығын атап өту барша халыққа ортақ іс деп ойлаймын. Өйткені бұл жерде кешегі күннің көзі, бүгінгі күннің дәлелі, келер күннің тарихы сақталып отыр. Онымен қоса аймағымыздың тарихында ерекше орны бар, айрықша қолтаңбасы қалған мыңдаған зиялы азаматтың деректері қойылып, насихатталып отыр. Осы қарсаңда музейдің өз 70 жылдық тарихи кітабын жазып шығарсақ және де бірнеше бөлмелерге жаңаша заманауи жөндеулер жасатып жаңа жәдігермен толықтыру шаруалары да жоспарлануда.
 Қазіргі кезде музейді құру бір бөлек, оны жәдігермен толтырып, келген қонақтарға сапалы мұра ұсына білу бір басқа. Оның сыртында музей уақыт пен заман талабына сай болуы керек қой?
— Иә, оныңыз рас. Қазіргі кез барлығының бір орында тұрмайтын кезі. Бірақ музейге кірген адам бір сәт өзі қалаған дәуіріне тап болуы керек. Ол үшін музейлер заманға сай жабдықталған болуы шарт. Біздің қолымызда Қобда бетіндегі қазақтардың ғана емес, арғы сақ, ғұн дәуірінен бергі жәдігерлер бар. Бірақ соларды түгелдей көрсетуге мүмкіндігіміз болмай отыр. Музейіміз кешегі дәуірдің көзқарасымен, сол кездегі стандартты қалыппен жабдықталған. Біз оны әлі күнге ауыстырған жоқпыз. Дегенмен, уақыт өткен сайын заман өзгеріп, адамдардың таным дүниесін қабылдау қабілеті де өзгеріп жатқанда біз де музейді заманауи дәрежеде сәулелендіріп қайта орналастырғымыз келеді. Бірақ бәріне қаржы керек. Әр кездегі басшыларға айтып та, жазып та келеміз. Алатынымыз бір-ақ жауап — «Қаржы жоқ». Қазіргі кезде ауқымды жоба жасап, музей ішін толық қайта жөндеуден өткізіп, орналастыру заман талабы болып отыр. Осы істі жергілікті билікке де, осы салаға жауапты министрлікке де айтып, талап-тілегімізді жолдағанбыз.
— Әр музейдің азды-көпті, жақсылы-жаманды, құнды-құнсыз жәдігерлері болатыны белгілі. 70 жылдық тарихы бар музейдің экспонат қоры да аз емес болар?
— Музей жәдігерлері бұрын да көп жиылған. Соңғы кезде де шамамызға қарай халық қолында сақталған бір жәдігерді болса да жиып алып, музей қорына сақтасақ деген мақсат қойып, сол бағытта жұмыс жасап жатырмыз. Өткен 2017 жылы 30-дан астам жәдігер музей қорын толықтырды. Әлі де қорды байытуға халықтың қолындағы көне жәдігерлерді сатып алу қаражатына байланысты мининстрлікке, жергілікті басшыларға мәселелер қойып отырмыз. Бір өкініштісі, қазіргі халық өзінің ата-бабаларынан қалған бұйымдарды музейге өткізіп, ата-бабасының атын сақтап қалғаннан гөрі, шет елде жүрген саяхатшыларға, өзге біреуге ақшаға сатып жіберуді тәуір көреді. Бұл біз үшін, тіпті тарих үшін өте қынжылатын жағдай болып отыр. Мұнан бөлек, осы салаға қатысты тағы бір күрмеуі шешілмей отырған мәселе - Баян-Өлгей жерінен табылған археологиялық жәдігерлердің қолды болуы. Бұл тақырыпты аймағымызға танымал этнограф-таушы Жанарбек Ақыбиұлы түбегейлі зерделеп, барынша насихаттауды қолға алып жүр. Басқа ешкім өлкеміздегі мұндай жәдігерлерге бас ауыртып отырған жоқ. Әр өңірдің мұрасы сол өңірде сақталса екен дейміз. Мысалы Баян-Өлгейде табылған жәдігерлер қазып алып, зерттеу жасалған соң, қайтадан сол Баян-Өлгей музейіне әкелінсе, осы өңірдің тарихынан сыр шертетін бір мұра ретінде біздің музейде тұрса деген ниетпен біраз жерге мәселе ретінде айттық, әзірге нәтижесіз болып тұр. Олардың алға тартып отырған бір себебі біздің музейде ондай жәдігерлерді сақтайтын орын жоқ екен. Алайда бізде ондай орын бар, бірақ ол жерді аймақтық архив ұйымы иеленіп, сол бөлмелерге өз архив құжаттарын сақтап отыр. Оларға да басқа ғимарат тауып алыңдар деу қиын, дегенмен бірнеше рет ресми түрде ескерту жасадық, бірақ олардың да бара қояр жері болмаған соң бізге мінгесіп отыр.
Аймақ басшылары да біздің бұл жағдайымызбен жақсы таныс, енді құлақ асатын шығар деп ойламын. Аймақтық мұрағат өз баспаналарын тауып алса, онда біз Баян-Өлгей жерінде табылып, Ұланбатырға кеткен археологиялық қазбаларды өзімізге қайтарып, осында сақтауға барымызды салар едік. Мәдени мұраны сақтау туралы заң бойынша музей құрылысы өзінің іс-қызметіне арналып қана пайдаланылуы керек. Сондықтан осы 70 жылдық мерейтой қарсаңындағы бір үлкен шаруа – музей құрылысын өз мұқтаждығына пайдаланып, күрделі жөндеу жасатып, қордағы жәдігерлерді және археологиялық мұрамызды өз қорымызға сақтауды реттеп алсақ деген ойымыз бар.
— ХХІ ғасыр — ақпарат ғасыры. Кез келген дүниені ақпарат арқылы жарнамалап, оның таралым қуатын арттырып, халыққа кеңінен насихатталуын қамтамасыз ету. Бұл тұрғыда музей жұмысы қалай жолға қойылған?
— Жаңа жоғарыдағы сөзімде, Баян-Өлгейдегі археологиялық мұраларды өзіміздің музейде сақтау мәселесін көтеріп отырғанымның өзі тегін емес. Себебі Баян-Өлгейдің өлкелік тарихы осы өңірге алғашқы қазақтар келуімен басталмайды ғой. Сол секілді, біздің музейдің алғашқы жәдігерлері сонау 1948 жылдан бастап жинала бастағанымен, олардың түпкі тарихы одан да ары, ежелгі сақ, ғұн кезеңіне дейін барады. Ал уақыт бойынша ең соңғы жәдігер кеше ғана еліміз көлемінде болып өткен іс-шараның, аймағымызға қатысты өткен 2017 жылдың оқиғаларының заттай куәлары тіркеліп тұр. Оның сыртында Баян-Өлгейді ежелден мекен еткен бауырлас ұлттардың жәдігерлері де біздің музейден орын алған. Сондықтан біздің музей өлке тарихы, ұлттар мәдениеті, халықтар достығы тұрғысынан алғанда да, тарихи дәуірлер, заманалар ағымынан алғанда да өте құнды.
Ал музей экспонаттарын өлке азаматтарына және елімізге келетін алыс-жақын шетелдік туристер мен еліміздің басқа өңірлерінен келетін азаматтарға көрсету, оны насихаттау кең жолға қойылған. Туризм саласын насихаттауға өлке туристік компаниялары туристерге біздің музейді көрсетеміз деп арнайы бағдарлама жасап, өтінішін айтады, сол арқылы олардың өз қалауы бойынша күндіз-түнде даярланып, өз жәдігерлерімізді кең көлемде насихаттауды қолға алдық. Соңғы жылдарда көптеген тақырыптық көрмелер ұйымдастыру жолға қойылды. Бұл тұрғыда шет елдерге барған сапарымызда өзіміз де сол елдердегі музейлердің жұмыс істеу тәртібімен танысып, тәжірибе алмасып, өзіміздің экспонаттарымыз бен экскурсияларымызды дамытып отырамыз.
Осы өңірдің, осы елдің өткенімен бүгіні бәрімізге ортақ. Ендеше Баян-Өлгей музейі де бір ұжымның меншігі емес. Музей есігі әрқашан кімге болса да айқара ашық. Олай болса, әрбір азамат өз тарихына бей-жай қарамай, әркім өз үлесін қосады дегенге сенімім зор.
— Әңгімеңізге рахмет!
Құрметті оқырман, естеріңізде болса, бұған дейін Айшагүл Азаматқызының Баян-Өлгей музейінің жалпы жағдайы, экспонаттық жүйесі, музей қорына қатысты сұқбаты шыққан болатын.
Әңгімелескен: Жанарбек Ақыбиұлы
05 қаңтар 2018 ж. 1 177 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 786

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031