» » ӨТКЕН ЖЫЛҒА ӨКПЕ ЖОҚ, КЕЛЕР ЖЫЛДАН КҮТЕРІМІЗ МОЛ

ӨТКЕН ЖЫЛҒА ӨКПЕ ЖОҚ, КЕЛЕР ЖЫЛДАН КҮТЕРІМІЗ МОЛ

Жыл сайын ауданның әлеуеттік ахуалы жоғарылап, әрбір сала бойынша едәуір даму көрсеткіші байқалады. Тауық жылында толайым табысқа кенелген Жалағаш жұртшылығы оң өзгерістерге қадам басты. Әсіресе ауыл шаруашылығы саласында қажырлы еңбек еткен жергілікті тұрғындар мол өнімге қол жеткізіп, өңір қазынасын нығайтуға белсене атсалысты. Өткен жылы егіс алқабына себілген Сыр маржанынан 129,398 тонна алтын дән жинап, аудан еңбеккерлері абырой биігінен көрінді. Ал, мал шаруашылығы бойынша мемлекеттік бағдарламалармен жұмыс жасаған жергілікті халық мал басын асылдандырумен жұмыс жасап, бүгінде жемісін көріп отыр. Сапалы өнімге сұраныстың мол болатынын жете түсінген жалағаштық шаруашылықтар бұл салада толайым табысқа кенелді. Өзге аймақтардан асыл тұқымды мал әкеліп, ет бағытында өз өнімдерін саудаға шығарып үлгерді.
Жалпы, өңір халқының кәсіппен айналысуға деген ынтасы жоғары. Ауданда «Сыбаға», «Құлан» және «Алтын асық» бағдарламаларымен жұмыс жасап, кәсібінің көкжиегін кеңейтіп жатқан шаруашылық иелері жетерлік. Мұнан өзге де бағдарламалармен түрлі жобаларды жүзеге асырып жатқан азаматтар қаншама. Өткен жылдың 10 айында кәсіпкерлік саласында 856,1 млн теңгенің өнімі өндіріліп, бұл көрсеткіш 2016 жылмен салыстырғанда 2,7 есеге өсті. Осылайша өндіріс көлемі артқан аймақтың ісі де алға басуда.
Денсаулық сақтау саласына келсек Жалағашта 1 аудандық емхана, 10 дәрігерлік емхана мен 3 медициналық пунк жұмыс жасайды. Сонымен қатар, 4 ауылдық аурухананың ақ халатты абзал жандары науқастарға сапалық қызмет көрсетуде. Бүгінде емдеу орталықтарында кеселмен күресу ғана емес, оның алдын алу жұмыстары да жолға қойылған. Нәтижесінде, науқастар мен қайтыс болған адамдар саны төмендеп отыр.
Жалпы Жалағаш ауданы білім саласында тек өткен жылы ғана емес, соңғы 4 жылда біраз жетістікке жетті. ҰБТ қорытындысында білім шыңын бағындырған түлектер өңір ұстаздарының біліктілігін санмәрте дәлелдеді. Ұлттық бірыңғай тестілеуде жоғары балл жинаған аудан жастары облыс бойынша 2 жыл қатарынан көш бастады. Биыл да бұл салада аудан көрсеткіші 81,6 баллды құрап, үздік бестіктен көрінді. Мұның барлығы оқушылардың сапалы білім алуына жасалған жұмыстардың жемісі деп білеміз. Себебі, соңғы жылдары еліміз білім саласына қыруар қаржы бөліп, игі бастамаларды қолға алуда. Осы мақсаттағы жұмыстардың жарқын жемісін Жалағаш ауданынан да көруге болады. Өңірдегі білім ошақтарына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, талапкерлер биыл да жаңа оқу маусымын көтеріңкі көңіл күймен бастады.
Жалпы аймақтағы 20 білім ошағы да типтік жобада салынған. Олардың жаңа оқу маусымына дайындығын қамтамасыз ету мақсатында жай жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін өткен жылы 17 млн теңге бөлініп, тиісті жұмыстар атқарылды. сондай-ақ, Есет батыр ауылындағы 124 мектептің жылу қазандығына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін жергілікті бюджеттен 12,3 млн теңге бөлінді. Ал, №188, 117 және 201 мектептердің ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін жобалық-сметалық құжаттар әзірленді. Оқушылардың сапалы білім алуы үшін жасалған жұмыстар тек мектеп базаларының жаңартылуымен шектелген емес. Жыл сайын ұстаздар қауымы да тиісті орталықтарға барып өз білімін жетілдіруде.
Дәл осындай жетістіктер спорт, құрылыс және басқа да әлеуметтік салаларда жиі байқалады. Бір сөзбен айтқанда өткен жылға өкпе жоқ. Тауық жылында толағай табысқа кенелген жалағаштықтар ит жылында игі бастамаларды қолға алмақ ниетте. Биыл аудан орталығынан үлкен орталық аурухананың құрылысы басталады деп күтілуде. Сонымен қатар, М.Шәменов ауылындағы білім ошағының мәселесі де биыл өз шешімін тауып қалуы ықтимал. Тағы бір қуантарлық жаңалық, ауданды көгілдір отынмен қамтамасыз ету бағытында біраз шаруалар қолға алынады. Игі бастамалар сәтімен жүзеге асып жатса, өңір әлеуетінің күн санап алға басатыны анық.

Кенжетай БАЛҒАБАЙҰЛЫ.


04 қаңтар 2018 ж. 1 327 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 767

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930