» » » АУДАНЫМЫЗДЫҢ АБЫРОЙЫ АСҚАҚТАЙ БЕРСІН

АУДАНЫМЫЗДЫҢ АБЫРОЙЫ АСҚАҚТАЙ БЕРСІН




Туған жеріміздің түлеуі, ондағы жастардың жаңаша бастамалары, туып-өскен ауданымыздағы жып-жылы жаңалықтар бізді әрине қуантады. «Айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызған» заманда ғұмыр кешіп жатқан соң бұрынғыдай ел жаққа елеңдеп, сарыла хабар күтіп жүрмейміз. Ауданымыздың хал-ахуалын күнделікті біліп отыруға толық мүмкіндік бар. Ауылдағы туған-туыстан күнделікті ұялы телефон арқылы естейтін ауылдың амандығынан бөлек, интернет желісіне қосылған аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты бізге аптасына екі мәрте аудан жаңалықтарын ресми түрде жеткізіп отыр. Яғни аудандық басылымның аптасына шығатын екі нөмірінен ауданымыздың барлық салаларының жетістіктерінен, ауданның толайым табыстарынан құлағдар болып отырамыз. Бұл шалғайда жүрген біздер үшін зор қуаныш. Ауданымыздың әр асқан асуы, бағындырған белесімен, жалынды жастардың жетістігімен мақтанып, қарттардың амандығын тілеп отырамыз.
Жалағаш – киелі мекен. Бұл қасиетті топырақтан көңілдері күпірден ада әулие-әнбиелер, еліне қорған болған батырлар, елді бірлікке шақырған билер мен шешендер, алқалы топқа ақыл айтып, адасқанға жол көрсеткен абыздар, халық мұңын жоқтаған қаламы қуатты ақындар, аудан абыройын асқақтатып, ел мерейін асырған спорт саңлақтары, аудан руханиятына қызмет жасаған мәдениет қайраткерлері, ауыл шаруашылығын түлеткен қаншама еңбек ерлері дүниеге келген. Кешегі кеңес кезеңінде Сыр салысын өндіруден облыс бойынша, тіпті, республика бойынша ең жоғары көрсеткіштен төмендемей, «Күріш фабрикасы» атанған ауданымыздың даңқы асқақтады. Жалағаштың әлі де ырыс-несібесі кеміген жоқ. Алқабында ақ маржаны жайқалып, тоқырау жылдарында тігерге тұяқ қалмаған құм қойнауы қазірде төрт түлік малға қайта толыпты. Ауыл шаруашылығының дамуы – халықтың әлеуметтік тұрмысының түзелуінің кепілі. Сондықтан бұл орайда кешегі ауыл шаруашылығының көрнекті ұйымдастырушылары, ел ағалары, білікті басшылар Сұлтан Аманов, Мөрәлі Шәменов, Сейітнәби Мұқашев, Ұзақ Еспанов секілді тұлғалардың игі ісін жалғастырып, ауданның дамуы жолында еселі еңбек етіп келе жатқан аудан басшыларына, шаруашылық төрағаларына алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Сол секілді ел азаматтарының іскерлігіне, ортақ іске халықты жұмылдыра білетін ұйымдастырушылық қабілетіне іштей сүйсініп жүреміз. Елдегі азаматтардың тың бастамалары арқылы атқарылып жатқан әрбір игілікті істер мен жағымды жаңалықтарды үлкен тебіреніспен, толқыныспен оқимыз. Жетістікке қуанамыз, сыни мақалаларды оқығанда көңіліміз жасып қалатынында жасыра алмаймыз. Өйткені, бұл біздің туған жеріміз, бізді түлеткен қасиетті топырақ. Әрине, кемшіліксіз қоғам болмайды, сын айтылмаса, кемшілік түзелмейді. Алайда, сол сыннан нәтиже шығуы тиіс. Сонда ғана қисық түзеледі, қыртыс жазылады.
Өзім мәдениет саласының өкілі болған соң, аудандағы мәдени жаңалықтарға да құлақ түріп жүреміз. Ауданда өтіп жатқан мәдени шараларды аудандық газеттің сайтынан оқып отырамыз. Аудан руханиятының тамыры өте тереңде. Басқасын айтпағанда, сонау жетпісінші жылдары аудандық мәдениет үйі жанынан құрылған «Алтын арай» ән-би ансамблінің өзі Жалағаш ауданы – өнердің ордасы екенін талай мәрте дәлелдеген еді. Біз еліктеп өскен аға буын әншілер мен жыршы-жыраулардың соқпағы әлі үзілмепті. Таяуда ғана аудан әкімдігінің қолдауымен ашылған айтыскер ақын, жырау, талантты жерлесіміз Айдос Рахметов жетекшілік ететін айтыскер ақындар мен жыраулар дайындайтын орталық жұмысын бастағанын оқығанда шынымен қуандым. Өйткені, «Ел іші – өнер кеніші». Әсіресе, тасада жүрген талантты жастар Жалағашта жетерлік. Оған елге барғанда көз жеткізіп жүрміз. Міне, алыс-алыс ауылдардағы осындай талантты жеткіншектердің басын қосып, дәстүрлі өнерге баулып жүрген Айдос інімізге және талантты жастарға жанашырылық танытып, қолдау көрсетіп отыратын аудан басшылығына ризашылығымыз шексіз.
Міне, таяу арада Тауық жылы шығып, Ит жылы есігімізден енгелі тұр. Бұл жыл да еліміз үшін жайсыз жыл болған жоқ. Басқасын айтпағанда, бұл жыл Астана төрінде өткен «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесімен көптеген халықтардың есінде қалды. Ендеше, мен де өз атымнан жалағаштықтарды жаңа жылмен құттықтап, отбастарына амандық, дендеріне саулық тілеймін!

Сағат ЖЫЛКЕЛДИЕВ,
Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі.

04 қаңтар 2018 ж. 1 504 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 784

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031