БАЛАЛАР ШАТТЫҚҚА БӨЛЕНДІ Жаңа жыл – жаңару мен жақсылықтың, тазалық пен әдеміліктің мерекесі. Жаңа жыл ғажайыптарға толы мереке. Әсіресе, бүлдіршіндерге ерекше қуаныш сыйлап, Аяз ата, Қаршақызбен жүздесетін шақ. Биылғы жылы да балалар жаңа жылдық сыйлықтан құр алақан қалған жоқ. Апта басында аудан орталығындағы «Айбибі» салтанат сарайында аудан әкімінің балаларға арналған жаңа жылдық шыршасы өтті. Оған облыстық, республикалық олимпиадалардың, байқаулардың жеңімпаздары, озат оқушылар, аз қамтылған және көп балалы отбасынан шыққан бүлдіршіндер қатысты. Мерекелік кешті аудан әкімі Қайратбек Әубәкірұлы ашып, өткен жылдың жетістіктеріне тоқталып, санаулы күндерден соң есігімізден енетін жаңа жылмен құттықтады.– Біз аз күндерден кейін 2017 жылды шығарып салып, 2018 жылды қарсы аламыз. Бұл – адам өміріндегі үлкен бір белес. Бір жылдан екінші жылға өткен кезде алдағы уақыттан жақсылықтар күтіп, жаңа жылға үмітпен қарайды. Өткен жылы біраз игі жұмыстарды бітіріп, жақсы нәтижелерге жеттік. Көптеген қуанышты сәттер мен жарқын істер орын алды. Жалпы, ауданымыз білім саласы бойынша облыста алдыңғы қатардан көрінді. Ол білімді ұрпақтың, білікті маманның, сіздердің жемісті еңбектеріңіз. Сондай-ақ, биылғы жылы аудан оқушыларының 75 пайызы ҰБТ-ға қатысып, 65 пайызы жоғары оқу орындарына түскен. Бұл облыс бойынша жоғарғы көрсеткіш деуге болады. Сонымен қатар, ауданымызда да біршама жобалар жүзеге асты. «Туған жерге тағзым» атты жалпы республикалық акция өтсе, рухани жаңғыру аясында түрлі шаралар мен жиындар ұйымдастырылды. Біз келешекті білімді жастардан күтеміз. Осы бүлдіршіндердің бәрі терең білім алып, мәдениет, спорт, экономика саласында жоғары жетістіктерге жетіп, туған жерін түлетуге, көркейтуге күш салады деп сенеміз. Міне, бүгінгі мереке сіздер үшін ең қуанышты мереке. Жаңа жыл табыс пен молшылық әкелсін. Еліміз тыныш, заманымыз бейбіт болсын, – деді аудан басшысы. Салтанатты шара барысында жаңа жылдық шырша шамын жағу рәсімі өтті. Бүлдіршіндер Аяз ата мен Қаршақызды қарсы алып, әсем шыршаны айнала ән айтып, би биледі. Сондай-ақ, ұлы дала елінің жетістіктері туралы «Алтын бала мен бақыт құсы» атты қысқаша көрініс қойылып, өткен жылдың жетістіктеріне шолу жасалды. Жаңа жылдық кештің иелері мәре-сәре болып, кеш соңында аудан әкімінің тәтті сыйынан дәм татып, басқа да жаңа жылдық сыйлықтарға ие болды.Н.АЛМАСҚЫЗЫ. Жаңалықтар 01 қаңтар 2018 ж. 1 234 0