Кореяда қайтыс болған баланың денесін әкелуге қазақстандықтар он күн ішінде 30 млн теңге жинап берді
Бір жылдан бері остеогендік саркома ауруымен күрескен бес жасар қазақстандық Богдан 23 қыркүйекте Корея мемлекетінде қайтыс болған еді. Ем қабылдау барысында бүлдіршін жан сақтау бөліміне түсіп, ата-анасының емхана алдындағы қарызы қомақты ақшаға жеткен. Осылайша ұлдары қайтыс болып, оның мүрдесін емханаға қарыздарын бермей ала алмайтындарын айтқан отбасы қазақстандықтардан көмек сұрады.
Корея емханасына 30 миллион теңге қарыз болған Богданның ата-анасына Қазақстанның Кореядағы елшілігі баланың денесін транспорттауға көмек беретіндерін мәлімдеген. Осылайша 10 күннің ішінде Қазақстан және Ресей азаматтары қазақстандық баланың ата-анасына керекті қаражатты жинап берді. Бүгінде олар ұлдарының денесін Қазақстанға әкелуге дайындалып жатыр.
Сонымен қатар, бүлдіршінге көмек сұрап ашқан Инстаграм парақшасында ұлдың ата-анасы барша қол ұшын созған азаматтарға алғыстарын білдірді және жерлестерінен Богданның денесін Өскемен қаласынан Белағаш ауылына жеткізуге көмек беруді өтінген.
Естеріңізге салсақ, қайтыс болған баласының денесін ала алмай отырған ата-анасы туралы кезекті материалымызда жазған болатынбыз.
Stan.kz