» » Сағымнан озған САҒЫНЫШ

Сағымнан озған САҒЫНЫШ

Дүние көшкен бір керуен. Оған келу бар да, кету бар. Бір ғұламаның өмір туралы, ондағы жаратылыс иелері туралы пайымында, адамның тіршілігі мұхит суларындағы бір тамшы көпіршік секілді, су бетінде сәл қалқып тұрады да, бір толқын мен екінші толқынның арасында жойылып кетіп жатады, олардың орнын басқалары басады дегені санамда қалыпты. Рас-ау, ауқымды ұғыммен алғанда бір ғасырыңның өзі көзді ашып-жұмғандай сәт шығар. Сонда дүниеге келген әр пенде санаулы ғұмырында не тындыра қоюы мүмкін?! Бұл енді әрқайсысымыз үшін ойланатын мәселе болса керек. Жаратушы адам етіп жаратып, денсаулық берген соң айналаңдағы адамдарға, қоғамға пайдаң тиетіндей бір әрекет жасаған жөн болар. Ал, соңымызға бұрылып қаралықшы, не тындырдық екен, кейінгілер аңғаратын із қалып па?
Шырынкүл Селбесінова бір көргенге қарапайым ғана отанасы, ауыл әйелі. Балаларын өсіріп, немерелерінің амандығын тілеп, Алладан медет сұраған жан. Ал ішкі дүниесіне үңіліп қараңызшы, талай кереметтерге кезі­гуіңіз мүмкін. Жас кезінен жақсыға жанасып, жаңалыққа құштар болып өсті. Бейнетін шын көңілімен атқарып, несібесін адалынан жи­ды. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз өткен ғасыр­дың сонау алпысыншы жылдары еңбек жолын сауыншылықтан бастады. Жігерлі де, жаңа­шыл жас өз кәсібіне төселе бастағаннан замана ағымына сай үндеу көтерді. «Қыздар, механизмді меңгерейік!» деді. Мұнысы сиырлардан сүт алуды жаңа технолгия - сауу аппаратары арқылы жүзеге асырайық дегені. Бұл сиырды қолмен сауғаннан гөрі тез әрі өнімді атқарылатын шаруа. Жетістікке жету үшін әрине оған да бейімделу керек. Міне, осы орайда комсомол белсендісі осы бастаманың басында тұрды. Жалағаш ауданындағы Мөрәлі Шәменов басқаратын шаруашылықтың жас сауыншысы осылай елге танылды. Пленум, конференцияларға делегат ретінде қатысты. Тәжірибе алмасу семинарларының ортасында жүрді. Еңбегі оң бағаланып, облыстық советке депутат болып сайланды. Елімізге танымал тұлғалармен араласып, білім көкжиегін кеңейте түсті. Өзімен қатар еңбек еткен Маржан мен Райкүл де абырой биігінен көрінді. Шырынкүл өнерден де кенде емес еді, тамылжыта ән шырқап, дөңгелене би билегенде отырғандар тұрып, жүргендер тоқтап қарайтын-ды. Бойына дарыған таланты бойжеткеннің ойын да өсіріп, еңбек жетістіктеріне жетуіне септігін тигізді. Сол кездегі Жалағаш ауданының бірінші хатшысы, Социалистік Еңбек Ері Исатай Әбдікәрімов: «Ауданымыз ауылшаруашылығы саласында облыста алдыңғы қатарда тұр. Алайда, мәдениет саласында ақсап жатқан жайымыз бар, онда жастарды алға тартатын өзің секілді зерделі жас керек», деп қайрады да бірден аудандық мәдениет үйінің директорлығына тағайындады. Бұрын бұл салада тәжірибесі жоқ, тек сауыншылық жолдан өткен Шырынкүл осылай мәдениет саласының басшылығына топ ете қалған еді. Тек, совхоз директоры М. Шәменов: «Сауыншылықтың қыр-сырын меңгеріп қалып едің, осы жолдан таймағаның жөн болатын еді-ау, – деп өкініш білдірді. Сонымен, жаңа орта – мәдениет саласында қызу жұмыс басталып та кетті. Әуелі ауданда «Алтын арай» атты ансамбль құрып, оның репуартарын өзгеше етіп шығару жолында ізденісті жұмыстар жүргізілді. Алматыдан арнайы сатирик-ақын Оспанхан Әубәкіров, композитор Әсет Бейсеуов, балетмейстер Рафаэль Сүлейменовтерді көмекке шақырылды. Ол кісілер үш ай бойы ауданның өнерлі жас­тарына дәріс берді. Қос автордың «Армандастар», «Аспан қызы», «Күткенде» тағы бас­қа әндерінің алғашқы тұсауы алпысыншы жылдардың соңында осылай Жалағашта ке­сіліп еді. «Алтын арай» ансамблінің құрамы 80 адамға жетті. Оларға қамқорлық жасап, бар жағ­дайын жасайтын Селбесінованы сықақшы Осекең: «Алтын арайдың шешесі» деген жанама ат қойғаны сол кез еді-ау.
Иә, ол бір сәтті кездер еді. Аудан жұрт­шылығы күткеніндей, «Алтын арай» ансамблі­нің атағы дүрілдеп шықты. Облыс­та түрлі байқаулардың алдын бермеді, астанадан кел­ген мәртебелі қонақтар осы ансамбльдің өнерін тамашалау үшін арнайы уақыт бө­летін. Ауданнан шықан өнерпаздарды Алматы қаласына телевидениеге түсіруге де шақырды. Сәтімен 40 минутқа созылған хабар республика көлеміне кеңінен таралды. Сонда, Әсет Бейсеуовтің «Шақырады көктем» әнін Тынымкүл мен Қадиша Қанзадаевалар әдемі шырқап, үлкен қошеметке ие болды. Сондай-ақ, ағайынды Салмановтар, Айлауовалар да топ жарды. «Солдат сағынышы», «Тракторшы Гүлсара» әнінің де өмірге жолдама алғаны сол мезет. Айтпақшы, Алматыдан арнайы шақырып, ансамбльге көмекке келген өнер адамдарына аудан басшылығы бар жағдайды жасап, қайтар кездерінде риза етіп шығарып салды.
Өмірдің жолы қашанда тақтайдай тегіс емес, бұралаңы мен бұрылысы жетерлік. Сауыншылықтан бастап, мәдениет саласында үлкен жетістіктерге жеткен Шырынкүлді тағы бір сынақ алдан күтіп тұр еді. Ол 1971 жылы Шиелі ауданының «Авангард» совхозының жігіті Құдайберген Үсеновпен шаңырақ көтеріп, жұптасты. Отбасы жағдайына байланысты Шиелі жаққа қоныс аударады. Алғашында бұл жерде өзіне лайықты жұмыс бола қоймайды да, жағдайын облыс басшылығына келген ИсатайӘбдікәрімовке баян етеді. Сол кісінің аманатымен өзі кітапханашы болып жұмысқа кіріседі де, күйеуі Құдайбергенге су жаңа автомашина беріледі. Әне, «жақсыдан шарапат» деген осы.
Іскерлік қабілеті бар жан қашанда өз орнын табады. Алдыңғы қатарда жүруге қалыптасқан алғыр жас өз міндетін адал атқарып, қоғамдық жұмыстарға да белсене араласты. Ширек ғасырдан астам уақыт ауылдық әйелдер кеңесінің төрайымы ретінде ауыл арасында ынтымақ, бірліктің сақталуына қызмет жасады. Аудандық партия комитетінің бюро мүшелігіне сайланды. Айтпақшы, колхоз басшыларының қолқалауымен біршама жыл сырттан әкелінген асыл тұқымды сиыр фермасында еңбек етіп, өзінің бұрынғы тәжірибесімен бөліскені де бар. Жастарды сауыншылыққа баулыды. Оларды өнерге де тартты. Әйтеуір өз міндетін атқарып қана тыныш жүре бермей, белсенділігінен бір танған емес. Отбасында да берекелі ғұрыпты қалыптастырды. Жан жары екеуі 4 ұл, бір қыз сүйді. Қазір оншақты немересі бар, өсіп-өнген шаңырақ.
– Жас кезімде бар қабілет-қарымымды арнап, шырқау биіктерге көтерілген «Алтын арай» ансамблі, Жалағаштағы жастық шағым есімнен шыққан емес. Бұрынғы өнер ұжымына деген сағынышым ұмытылмай, бір немеремнің атын «Алтынарай» деп атадым, – дейді Шырынкүл апай әдеттегідей жарқын жүзбен күлімсіреп. Атақты ансамбльдің құрылғанына 40 жыл толу мерекесіне жалағашықтар өзін арнайы шақырып, құрмет те көрсетті, бұрынғы қызық кездерді де еске алды.
Сөз соңында Шырынкүл Селбесінованың тағы бір қырына тоқталғанды жөн көрдік. Ол жергілікті баспасөз саласына да белсенді араласып, түрлі ой-пікірлері мен мақалаларын жариялап отырады. Автордың Мәлике Басанова, ардақты аналарымыз жайлы және күріш егу барысындағы табысты еңбек еткен ардагерлер туралы да жазбасын оқырмандар тартымды қабылдады. Ортамызда жүрген өзге ұлт өкілдері жөніндегі мақалаларын зор ізденіс пен жамағатын жатырқамайтын бауырмалдықтың белгісі деп түсінеміз.
Иә, жоғарыда айтылғандардың бәрі де алтын арайлы сағыныштан туған ұмытылмас әсерлер мен перзенттік парызды орындау жолындағы еңбек.

Нұрмахан ЕЛТАЙ,
«Ақпарат саласының үздігі».

30 қазан 2018 ж. 844 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 724

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031