БІРЛІГІ БЕКЕМ ЕЛДІҢ БЕРЕКЕСІ БҰЗЫЛМАЙДЫ
Бірлігі жоқ ел азады. Иә, бұған кәрі тарих куә. Адам тұрмақ, жер бетіндегі ұшқан құс, жүгірген аң, жыбырлаған жәндіктерге дейін бірлесіп, қоғамдасып өмір сүрмесе, жоғалып кету қаупі бар екенін өздеріне тән табиғи түйсіктері арқылы сезеді екен. Аң-құсты айтпағанда, тіршілік иелерінің ішіндегі ең ұсағы – құмырсқалардың бірлігін көргенде сүйсінесің, ерекше жаратылысы еріксіз таңғалдырады. Әсіресе, осы бір бунақденелілердің бекем бірлігі, тынымсыз тірлігі адамдарға үлгі етерліктей. Ғажабы сол, бір илеуде сан мыңдаған құмырсқа болса, солардың барлығы да ережеге сәйкес өте тату өмір сүреді. Қылдай жолдың үстінде қарама-қарсы ағылып жатқан олар бірі-біріне бөгет жасамайды, қақтығыспайды. Керісінше, көтерген жүгі ауырлау болып, титықтаған ұяластарына өзгелері жәрдемдесіп, илеуге дейін демеп жеткізеді. Бұл күнделікті өзіміз куә болып жүрген көз алдымыздағы көріністер. Бірақ, солардың берекелі бекем тірлігін көре тұра біз, адамдар үлгі алмаймыз. Тіпті аяғымыздың астына үңіліп қарауды да қойдық. Аспанға қарап жүретін болдық. Масқарасы сол, әлгі табанымыздың астындағы өзіміз таптап өтіп кетіп жүрген бунақденелілер тобының өкілдері өздерінің ішкі дауыстары арқылы бізге былай деп үн қататын көрінеді:
«Біз құрған қоғамдық жүйені адамдар әлі қалыптасыра алған жоқ. Бәлкім, бұл ақыл-ой, сана иесі болғанымен адамзат баласындағы жаман қылықтар мен нәпсінің кертартпалығынан шығар. Адамға Жаратушы ақыл, сана-сезім берді де және оларды сынау үшін нәпсіні азғырушы шайтан – көреалмаушылық, күндеушілік, іштарлық секілді жаман қасиеттерді де қосып берді. Сірә, адамдардың мінсіз қоғам құра алмауының себебі, бойларындағы осындай жаман әдеттерге қарсы әділетті түрде соғыс ашып және оларды тас-талқан етіп күйрететін рухының әлсіздігі шығар». Көрдіңіз бе, құмырсқалар адамзатты мұқатып тұрған жоқ, мүсіркеп тұр, әлі де кеш емес екенін ескертіп тұр. Өйткені, осы бір жәндіктің есімі қасиетті Құран сүресінде бар. Сондықтан осы еңбекқор жәндіктердің жанынан шыққан бұл жаңғырығына біз құлақ түруге тиіспіз. Әсіресе, бірлікті берекенің бастауы деп ұғынған қазаққа құмырсқалардың осы тұтастық туралы тәмсілі аса қажет қазірде.
Иә, расында адамдар арасындағы сыйластыққа сызат түсіретін көбіне көреалмаушылық, күншілдік, қызғаныш. Ал, енді осы екі адамның арасындағы араздық бүтін елдің берекесін бұзуы бек мүмкін. Бұрынырақта қарияларымыз өз елінде емес, өзімен қоңсылас отырған елдің екі азаматының арасындағы дауға да әділ төрелік айтып араласқанда тек арағайындық мақсатта ғана емес, бүтін қазақ ұлтының өзара іштей бүлініп, берекесінің ыдырамауын ойлаған екен. Тентек пен телінің арасындағы ерегес аңдаусызда адам өліміне апарса да, ағайыннан кек алу мақсатында қылыш қайрамапты. Ердің құнын төлетіп, екі жақты жауластырмай, арадағы ынтымақты бұзбай сақтап қалыпты. Әрине, адамның құны дүние байлығымен өлшенген бе?! Әйтсе де, арада кек болса бір адамның өлімі үшін жүз адам ажал құшуы әбден мүмкін еді. Сондықтан да олар ауыл-аймақтағы дау-дамайлардан бастап, жүзаралық жер дауы, жесір дауын да мейілінше әділ қарап, ушықтырмай бейбіт бітіммен шешіп отырыпты. «Әділ биі болмаса, бірлігі кеткен ел ғаріп», - дегенді айтқан сол бабалар тірліктен де бірлікті артық қойыпты. Рас қой, бірлік болмаса «бас-басына би болған» замандағы берекесіз ит тірлік кімдерге опа берер еді?! Бірлігі бекем елдің берекесі қашпайды. Айтпақшы, әлгі илеуінің айналасында құжынаған құмырсқалардың ең үлкен ұрықтандырушы қанатты аталығы мен сол еңбекқор жәндіктерді көбейтіп отыратын аналығы болады екен.
Ал, қалған құмырсқалар солардың нұсқауы бойынша өздеріне берілген міндеттерді мүлтіксіз атқарады. Соның нәтижесінде, олардың илеуін жәндіктер тұрмақ азулы аңдардың өздері бұза алмайтын көрінеді...
Ендеше, ел дегенде емешегі үзіліп, ағайын арасындағы араздыққа араша болып, екі рулы елдің басын біріктіріп, тіпті ұлт пен ұлыстың арасындағы қарым-қатынасты түзеп, отбасының ғана емес, тәуелсіз еліміздің ынтымағын күзетіп отыратын абыздар әлі де керек бізге. Қазақта тағы да «Төртеу түгел болса төбедегі келеді, алтау ала болса ауыздағы кетеді» деген сөз бар. Бұл сөзді де талдап түсіндірудің қажеті бола қоймас.
Бүгінде, жер шарының қай нүктесі де қып-қызыл отқа оранып тұр. Теледидар, газет-журналдар, интернет желілері күнделікті тарататын хабарларынан жан түршігеді. Әсіресе, Таяу Шығыс елдеріндегі саяси, діни көзқарастардың қайшылығынан, лаңкестердің арандатушылығынан туындаған қарулы қақтығыстар мен жарылыстар қаншама жазықсыз жандарды жалмап жатыр. Бүтін қалалар қирап, далалар қанға боялды. Соның салдарынан сан мыңдаған адам елін, туған жерін тастап, босып кетті. Бұл саналы, иманды адамға сабақ болуы тиіс еді, бірақ...
Шүкір, бүгінде іргеміз бөлек тәуелсіз елміз. Әйтсе де, бізге қазір сыртқы жаудан, өз ішімізден шыққан дұшпандар қауіптірек болып отыр. Елдің жайын ойлаған болып, қара басының қамы үшін ел арасына іріткі салып, лаңдатып жүргендер өз пайдасы оңынан шешілген күнде сол өздері берекесін қашырған елде берекесіз тіршілік кешетінін және өзінен кейінгі ұрпақтары да сол елде үреймен, қиыншылықпен өмір сүретінін бір сәт ойланса дейсің. Өйткені, іштен іріген елді сыртқы жау оп-оңай олжалайды. «Тозған қазды топтанған қарға жейді». Бейбіт өмір де, тыныштық та, қоғамдағы саяси тұрақтылық та бірлігі бекем елде ғана болады.
Қуат АДИС.