» » » ЖАРТЫ ҒАСЫР ТАРИХЫ БАР, АҚТАРАТЫН АРХИВІ ЖОҚ

ЖАРТЫ ҒАСЫР ТАРИХЫ БАР, АҚТАРАТЫН АРХИВІ ЖОҚ

Жаршылық міндет мойнымызда жүрген соң, ауданымыздың мәдени-рухани өміріндегі жылт еткен жақсы жаңалықтарды жарғақ құлағымыз жастыққа тимей оқырманға жар салып отырамыз. Сонымен бірге аталған саланың олқы тұстарын да ара-тұра көзіміз шалып қалады. Қоғамға, әсіресе, елдің рухани дамуына кері әсерін тигізетін келеңсіздіктерді көре тұра тіліңді тістеп қалсаң, оның түзелуіне азамат ретінде үн қоспасаң онда сен – қылмыскерсің. Мәдениетімізден мән кетсе, қалай рухани жаңғырамыз?! Ендеше, бізге әлі де рухани құндылықтарымызды қастерлеуге, жоғалған мәдени жәдігерлерімізді түгендеуге келгенде білек түргізер белсенділік керек. Мәселен, өткен жылдары Бұқарбай батыр ауылының кіре берісіндегі «тұғырынан түсіріп», бақташыға айналдырып жіберген батыр бабамыздың ескерткішін жол бойынан әзер алдырдық. Одан соң Батыс Еуропа – Батыс Қытай халықаралық көлік дәлізінің төрт тараптан тоғысатын тұсында тұрған кербұғының келісті ескерткішін жоғалтып алып, іздеу салдық. Бірақ, оған да тиісті орындардан тырс еткен жауап болған жоқ. Сол секілді қай бір жылы қызмет барысында жүріп әуе көлігі оқиғасынан опат болған боздақтарға қойылған естелік-тақтаның күтімсіз қалғанын айтып, дабыл қақтық. Ол кезде де сол көтерілген мәселеге мән беруге тиіс құзырлы мекемелер жауапкершіліктен жалтарып, бірі-біріне сілтеді. Оның бергі жағында көше бойларына ілінген билбордтағы жазулардың сонадайдан көзге ұрып тұратын өрескел қателіктері жайында да жаза-жаза қолымызды қаламға қажаттық. Онда да мән-жайды түсіндіріп, хабарласқан бір жан баласы болмады. Міне, содан әлі күнге дейін ауданымыздың мәдени ахуалын бөлмеде отырып, терезеден бақылау жалғасып келеді.
Жуырда ғана газетіміздің кезекті нөміріне келер жылы құрылғанына 50 жыл толатын «Алтын-Арай» халық ән-би ансамблінің қысқаша тарихы мен әр жылдары ансамбль құрамында болған өнерпаздар хақында «Аңызға айналған «Алтын-Арай» тақырыбында мақала жариялаған болатынбыз. Сол мақаланы дайындау барысында тағы да келеңсіздіктерге тап болдық.
Басылым бетіндегі мақаланы «сөйлететін» – сурет. Әсіресе, тарихи тақырыптардың мазмұнын үстеп, маңызын арттыратын сол мақалаға қатысты фотосуреттер. Хош, сонымен біз мақаланың нобайын ойымызға түсіріп, аудандық мәдениет үйіне бардық. Мақсатымыз – асықпай отырып мәдениет бөлімінің мұрағатынан жарты ғасырлық тарихы бар ансамблдің ескі суреттерін мақала мазмұнына лайықтап таңдап алу еді. Бірақ, кәлладағы тәтті қиялдың күлі көкке ұшты. Әйгілі өнер ұжымының фотосуреттері тұрмақ, аудандық мәдениет үйінің жеке мұрағаты да жоқ болып шықты. Міне, қызық! Біз өнерлеріне таңдай қағып, тамсанып жүрген ансамбльдің фотошежіресі тұрмақ, тіпті мәдениет саласының тарихы сақталатын мекеме мұрағаты да жоқ дегенге сенер-сенбесімізді білмей, дағдарып қалдық. Сөйтіп, шалқып кірген көңіліміз су сепкендей басылды. Елімізді айтпағанда, сонау Мәскеуге дейін барып өнер көрсетіп, көрерменін тәнті еткен үлкен өнер ұжымының тарихына даңғарадай мәдениет ошағының тым болмаса бір бұрышынан орын берілмегені қалай? Амал не, іздеген жоғымызды там-тұмдап болса да ансамблдің алғашқы құрамында болған аға-апаларымыздың отбасылық фотоальбомдарынан таптық.
Мәдениет саласының әр жылдардағы тарихи сәттері мәдениет үйінің бір қабырғасында өткеннен шежіре шертіп тұрған болса, біз үй жағалап іздеп жүрмес едік қой...
Өткеніңді білмесең, болашағыңды көре алмайсың. Рухани құндылықтарымызды қастерлеп, мәдени мұраларымызды түгендеп жүрмесең, санаң сілкініп, жадың жаңғырмайды.

Қуат АДИС.
17 ақпан 2018 ж. 1 014 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 697

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031