» » МЕКТЕПТІ МЕЙРАМХАНАҒА АЙНАЛДЫРМАЙЫҚ

МЕКТЕПТІ МЕЙРАМХАНАҒА АЙНАЛДЫРМАЙЫҚ


Картинки по запросу день рождения
Қазір балалардың туған күнін мектепте, мектепте болғанда да, сыныпта атап өту үрдіске айналды. Әсіресе, бастауыш сыныптағы оқушылардың дүниеге келген күні атаусыз қалмайды. Әрине, бірінші кезекте бұған кінәлі мұғалімдер емес, ата-аналар. Бастама көтеріп, ақша жинайтын да солар және олар бұл істе өте белсенді болып алды. Сыныпта жайылған дастарханға туған күн иесіне арнайы тапсырыспен дайындатқан торт, шоколадтар мен тәтті тоқаштар және шырынның да алуан түрі қойылады. Тіпті, кейбір ата-аналардың сынып ішін алуан пішіндегі түрлі-түсті шарлармен безендіріп, мектепті мейрамханаға айналдырып жіберетінін қайтерсің! Рас, қай ата-ана да баласын қуантқысы келеді ғой. Бірақ, ондай ізгі ниетін баласының туған күнін сыныпта атап өту арқылы жүзеге асырмауы керек. Егер, ата-ана соған шынымен ықыласты болса, баланы қуантудың одан да басқа жолдары көп. Сабақ жүріп жатқан жерге дастархан жайып, баланың «меншікті мерекесі» бар екенін есіне салып, оның бойына менменшіл мінезді кішкентай кезінен қалыптастырғаннан біз ештеңе ұтпаймыз. Керісінше, бұл оқушылардың арасындағы алалықты тудырады. Өйткені, бүгінде бір сыныпта оқитын балалардың отбасындағы әлеу¬меттік жағдай тең дәрежеде емес. Ауқатты отбасылар өздерінің мәртебесі мен балаларының м嬬рейі үшін олардың жылт еткен жаңалығынан ештеңе аянып қалмайды, сосын амал жоқ, тұрмысы төмен отбасылар да олардан қалғысы келмей, баласының көңілі үшін қалтасын қағып, соңғы ақшасына сыныпқа сыйлық арқалап келеді. Бірақ, солай бола тұрса да бұл келеңсіздіктің тиылатын түрі жоқ, қайта күн өткен сайын белең алып барады. Жарайды, балаларының туған күнін отбасында тойласын, оған ешкімнің қарсылығы жоқ. Тек ата-аналар мектептің мейрамхана емес, білім беру мекемесі екенін естерінен шығармағаны абзал. Көп ата-аналар балаларының туған күнін өздерінің мәртебесі үшін атап өтетін сияқты. Сол баяғы қанымыздағы мақтангерлік әлі қалмай келеді. Айталық, сыныпқа дастархан жайылады, туған күн иесін ортаға алып сыныптастары жайғасады. Ұстазының, ата-анасының және достарының сол мезеттегі өзіне ауған ерекше ықыласын сезініп, көңілі шалқып отырған баласын айналып жүріп естелік үшін бейнетаспаға жазады, әр қырынан мың мәрте суретке түсіреді. Сонымен тәмам!.. Ал, жарайды, ақыры баласының туған күнін сыныптастарының арасында атап өтуді ұйғарған екен, онда неге 5-10 минуттық болса да сол қуанышты сәтті балалардың есінде қаларлықтай қылып бағ¬дарлама бойынша өткізбеске?! Мәселен, адам өміріндегі туған күн тойлаудың мәні – есею кезеңінің белгісі екенін және адам баласының жас қосып, алға аттаған әр қадамында жасауға тиісті парыздарын ұғындырып, әр мүшел жастың ерекшелігін сол дастархан басында отырған балаларымызға қысқаша тақпақтар мен өлең үзінділері арқылы түсіндірсек, тәрбиелік мәні бар шара ретінде қабылдар едік қой. Бірақ, оның бізге керегі жоқ. Өйткені, кейбір ата-аналардың балаларының туған күнін мектепте тойлаудағы мақсаты мүлдем басқа. Әрине, оған тыйым салу біздің құзырымызда емес. Десе де, өз баласының мерейін өсіремін деп, өзге балалардың көңілін жасытуға еш қақысы жоқ екенін сол ата-аналардың естеріне салғымыз келеді. Солар балаларының туған күнінде сынып ішін сән-салтанатымен безендіріп, көл-көсір дастархан жайып, баласына қымбат бағалы сыйлық табыстап жатқанда кейбір қам көңіл, жәутең көз балалардың өзін өзгелерден төмен санап, іштей қорланып отыратынын ойлайды ма екен? Бір қызығы, баласының туған күнін мектепте атап өтуге құштарлардың қатарында тек жас ата-аналар ғана емес, осындай келеңсіздіктерді «тәйт» деп тыйып тастап отыратын әжелердің де бар екені қынжылтады. Сосын бізді бір таңғалдырғаны, оқушының туған күнін сыныпта атап өтуге тыйым салуға келгенде мұғалімдердің шарасыздығы. Осы мәселе жөнінде бастауыш сыныптың бір-екі мұғалімімен сөйлескенімізде олардан «Әрине, біз оқушының жеке басына қатысты қандай да бір қуанышын сыныпта атап өтуге болмайтынын ата-аналарға барынша түсіндіріп-ақ келеміз, бірақ, олар бізді тыңдамайды» дегенін естіп, жағамызды ұстадық. Енді ше, сынып жетекшісінің қарсылығына қарамай, мектептің ішкі тәртібіне бағынбай, Қазақстан Республикасының Білім беру туралы заңының талаптарына пысқырып та қарамай сабақ уақытында сыныпқа баса көктеп кіріп, туған күн тойлап жатқан ата-аналарды көз алдыңызға елестетіп көріңізші!..
Біз осы орайда ата-аналарға мынадай ұсыныс айтқымыз келеді: Шынымен балалардың туған күніне сыйлық жасап, оларды қуантуға құштар екенбіз, онда туған күн иелеріне өз кезегімен ата-анасы тарапынан да, сыныптастары тарапынан да жас ерекшеліктеріне қарай сыйлық ретінде сабаққа қажетті оқу құралдары немесе ертегілер, қисса-дастандар, әдеби кітаптар тарту етілсе. Сол арқылы балаларға кітаптың ең қымбат сый екенін ұғындырып, рухани құндылықтарды қастерлеуге үйретер едік. Әр туған күнінде екі-үш кітаптан алып тұрған баланың үйдегі жеке кітапханасы да он бір жылда біршама қымбат қазынамен толығар еді. Әйтпесе, туған күнінде таласа ішіп-жеген торт пен тәтті сусындардың дәмі баланың таң¬дайында қалмайды, сынып ішіне жайылған дастархан басындағы шулы көріністер туған күннің мәнін әлі жете түсінбейтін бала санасына бір сәттік қызық ретінде әсер қалдыруы мүмкін, бірақ, әдемі естелік болып есінде сақталып қалмайды. Ал, қолтаңбамен тарту етілген кітап кім үшін де ескірмейтін естелік һәм болашағына бағыт беретін ақылшысы, сарқылмас қазына. Ендеше, туған күнінде балаларымыздың көңілін тек тәттілермен ғана ауламай, оларға өміріне рухани азық боларлық қуаныш сыйлайық және соған өзіміз дағдыланайық, балаларды да сондай сыйлықты асыға күтуге қалыптастырайық. Сонда ғана Елбасы мақаласындағы халық болып талқылап келе жатқан ысырапшылдықтың алдын аламыз, даңғойлық пен бос мақтаннан арылып, рухани жаңғырамыз.


Қуат АДИС.

09 қаңтар 2018 ж. 1 178 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 680

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031