Ұлттық банк қазақстандық екі сақтандыру компаниясының лицензиясын тоқтатты
Қазақстанның Ұлттық банкі «ТрансОйл» АҚ және «Азия Life» АҚ сақтандыру компанияларының лицензиясын уақытша тоқтатты, деп хабарлайды банктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап Stan.kz.
Бірінші жағдайда Ұлттық банк 29 қазаннан бастап «ТрансОйл» сақтандыру компаниясы» АҚ-ның лицензиясын алты ай мерзімге тоқтатты.
«Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының «ТрансОйл» сақтандыру компаниясы» акционерлік қоғамы туралы» 2018 жылғы 29 қазан № 238 қаулысына сәйкес «ТрансОйл» сақтандыру компаниясы» акционерлік қоғамына жалпы сақтандырудың міндетті және ерікті нысандағы сақтандыру түрлері және қайта сақтандыру қызметі бойынша сақтандыру (қайта сақтандыру) қызметін жүзеге асыру құқығына берілген 2016 жылдың 6 қаңтарында № 2.1.42 лицензияның қолданылуы:
– уәкілетті орган қолданған шектеулі ықпал ету шараларының талаптарын орындамау;
– негізделмеген сақтандыру сыйлықақыларының мөлшерлерін қолдануда көрінген сақтандырудың міндетті түрлерін реттейтін Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерін бұзу;
– Қазақстан Республикасының қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы заңнамасында көзделген талаптарды жүйелі түрде бұзу арқылы көрінген бұзушылықтар үшін, – алты айға тоқтатылды.
«ТрансОйл» СК» АҚ-қа Лицензияның қолданылуын тоқтата тұру мерзімі өткенге дейін қолданыстағы сақтандыру (қайта сақтандыру) шарттарын ұзартуды және сақтандыру сыйлықақыларын, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы жауапкершілігінің көлемін арттыруды көздейтін өзгертуді қоса алғанда, жаңа сақтандыру (қайта сақтандыру) шарттарын жасауға, сондай-ақ сақтандыру агенті ретінде міндетті және ерікті нысандағы сақтандыру түрлері бойынша сақтандыру делдалдығын жүзеге асыруға тыйым салынады», – делінеді хабарламада.
Сонымен қатар банк компанияны бұрын жасалған сақтандыру шарттары бойынша өзiне қабылдаған мiндеттемелердi орындауға міндеттеді.
Ал екінші жағдайда «Азия Life» Өмірді сақтандыру компаниясы» АҚ-ның лицензиясы 3 айға тоқтатылды.
«Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының «Азия Life» өмірді сақтандыру компаниясы» акционерлік қоғамы туралы» 2018 жылғы 29 қазан № 239 қаулысына (№239 Қаулы) сәйкес Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген пруденциядық нормативтердiң талаптарын сақтамағаны үшін «Азия Life» өмірді сақтандыру компаниясы» акционерлік қоғамына (жаңа атауы «Freedom Finance Life» Өмірді сақтандыру компаниясы» АҚ) «өмірді сақтандыру» саласында сақтандыру (қайта сақтандыру) қызметін жүзеге асыру құқығына берілген 2015 жылғы 30 қаңтардағы № 2.2.48 лицензияның қолданылуы:
– аннуитеттік сақтандыру;
– қызметкер еңбек (қызметтік) міндеттерін атқарған кезде оны жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру бөлігінде 3 ай мерзімге тоқтатылды», – делінеді банк хабарламасында,
Сонымен қатар «Азия Life» ӨСК» АҚ-қа Лицензияның қолданылуын тоқтата тұру мерзімі аяқталғанға дейін қолданыстағы сақтандыру (қайта сақтандыру) шарттарын ұзартуды және сақтандыру сыйлықақыларын, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы жауапкершілігінің көлемін ұлғайту көзделетін оларды өзгертуді қоса алғанда, жаңа сақтандыру (қайта сақтандыру) шарттарын жасасуға, сондай-ақ аннуитеттік сақтандыру және ЖОМС бойынша сақтандыру агенті ретінде сақтандыру делдалдығын жүзеге асыруға тыйым салынады. Және компания бұрын жасалған сақтандыру (қайта сақтандыру) шарттары бойынша өзіне қабылдаған міндеттемелерді орындауға міндеттеледі.
2018 жылы 31 қазаннан бастап екі сақтандыру компаниясының лицензиясы уақытша тоқтатылды.
Stan.kz