Төреғали Төреәлі Ескендір Сүлейменовтің өліміне кінәлі қызды кешіруді сұрады
Олжас Сүлейменовтің немересінің өліміне кінәлі деп танылған Малика Мұхитованы енді әнші Төреғали Төреәлі жақтап шықты. Өнер иесі абайсызда жас жігіттің өліміне себепкер болған қызды кешіруді сұрады. Ол әлі тұрмыс құрып үлгермеген қыздың болашағына алаңдайтынын жеткізді, деп хабарлайды Stan.kz ақпараттық агенттігі.
“Ажал (апат) айтып келмейді, кеткен қайтып келмейді! Бәріміз жолда жүрген жолаушылармыз. Кейбір өлімнің себепшісі адам болғанымен, әр адамның маңдайына тағдыры солай жазылған. Ал тағдыр ол Алладан! “Жазмыштан озмыш жоқ”, біз пенде болғандықтан қателесеміз. Шексіз мейірім иесі Ұлы Алла, шексіз кешірім иесі! Сұрақтың шешімі, сынақтың жеңілдігі болса дейміз ғой”, – деген Төреғали жаппай қоғам талқыға салған атышулы оқиғаға үн қосқысы келетінін атап өтті.“Қара нардың қабырғасын қайыстырып, қыраны қыршын кеткен ардақты Олжас ағамыздың отбасына қайғырып көңіл айтамыз. Тас түскен жеріне ауыр, бізге де жеңіл тиіп тұрған жоқ. Бауырымыздың бақилық болуы Алланың ісі деп білемін. Сол жағдайға Малика қызымыздың тап келіп қалғаны тағдыр! “Алдыңа келсе атаңнын құнын кеш” дейтін кешірімді xалық емес пе ек?!
Әдейілеп қолымен жасалмаса да, мойынымен көтеріп тұрған осы қыздың болашағына алаңдаймын.
Қазақтың әр ұлы бауырым, әр қызы әпке-қарындасым! Сондықтан қаракөздерімізді жәутеңдетіп, тағдырына тосқауыл болмайықшы! Ешкім де, ештеңе де мәңгі емес қой!
Біз кім болсақ та, кімнің баласы болсақ та, бәріміз Алланың алдында бірдейміз! Дәрменсіз де, пәрменсіз де мына біз! Бұл тағдыр!
Ешқайсысымыз өз тағдырымызда не күтіп тұрғанын білмейміз! Сондықтан Алладан келген жарлықпен, әр сынаққа сабырмен қарап Маликаны қолдап, кешіру де өз қолдарыңызда тұр ағайын! Баршаңызды бір болуға шақырамын!” – дейді Төреғали Төреәлі.
Желі қолданушыларының басым бөлігі өнер иесінің бастамасын қолдады.
“Иә, абайсызда болған жағдай, кешіру керек”. Кешіргені дұрыс қой. Ол кісі халық танитын адам, түсінігі бар деп ойлаймын”, – деп пікір білдірді олар.
Айта кетейік, Малика Мұхитова Ескендір Сүлейменовтің өліміне кінәлі деп танылып, 2 жылға бас бостандығынан және 5 жылға көлік жүргізу құқығынан айырылған еді.
Stan.kz