Арызқойлық алысқа апармайды
Соңғы кездері біреудің үстінен арызданып жала жабу, ақты қара деп күйе жағу сынды қазақы ұғымға жат әрекеттер көбейіп барады. Осындайда айтпасам маған серт, жазбасаң саған серт деп, арыздана кететіндердің табыла қоятынын қайтесің. Өмір болғасын жақсылығы мен жамандығы қатар жүреді.
Сөздің әлқиссасын неге бұлай бастағанымызды оқырман қауым түсініп те отырған шығар. Дегенмен, бүкпелей бермей ашығын айтайық.
Қазір ел арасында біреуді жамандап, артынан әңгіме айту деген үрдіс белең алып барады. Үрдіс дейміз-ау, дұрысы арызқойлық деген жөн. Бір адамның үстінен шағымданып, оны қудалағаннан не ұтады? Жарайды дедік. Қудалады. Аудан басшылығына, тіпті, облыс, республикаға дейін жеріне жеткізіп жамандады. Сондағы көздегені нысанына алған адамын жұмыстан шығару болар.
Осындай қадамға барып, жиіркенішті мақсатына көз жеткізгенде әлгі арызқой не істейді екен? Жазған арызының артында қанша адамның тағдыры тұрғанын біле ме екен өзі? Мәселенің мәнісіне үңіліп, пайымына бара ма? «Біреудің қайғысын біреу не қылсын?» деп жайына кете ме? Бірақ, жазған арыз шындыққа жанаспаса ше? Мұндайда таразының басы басқа жаққа аууы мүмкін. Мұны да естен шығаруға болмайды.
Бұдан біршама уақыт бұрын атын айтып, түсін түстеп жазған арызының астына өзінің де кім екенін көрсетіп қоятын. Қазір атын да жазбай, кім екенін де айтпай шағымданатындар пайда болды. Мұның атын анонимді арыз дейді. Жуырда ауданда осындай оқиға орын алды. Мәдениет саласының басшыларының үстінен арыз түсті. Арыз бойынша жұмыс жасалып, тексеру жұмыстарын жүргізгенде кімнің жазғаны белгісіз болып шықты. Сонда біреуді қаралаған, даттаған, жасаған жұмысын жоққа шығарған шағымның кімге керегі болды екен? Мұндай істің артында біреудің сұрқия саясаты, арам пиғылы жатқаны анық. Дегенмен, түптің-түбінде ақиқаттың салтанат құрары белгілі.
Жұмыс жасалған жерде кемшілік кездеседі. Бірақ, соны жерден жеті қоян тапқандай қылмай, мәдениетті, өркениетті түрде сол мекеменің басшысына тікелей айтуға болады ғой. Егер шынымен жаны ашып, сол саланың өркендеп, қанат жайғанын қалаған адам болса осылай жасар еді. Бұл ойымызбен келісетіндер де, келіспейтіндер де болуы ықтимал.
Таяқтың екі ұшы болатынын ұмытпаған абзал. Бірін бассаң, екіншісі маңдайыңа тиеді. Орынсыз, ретсіз, дәлелсіз біреуді қараламақ болған адам заң алдында жауап береді. Ертеңгі күні жалған жала жаптың деп өзіңе қарсы дүрсе қойса, құтылмас дауға тап болатынын ұмытпаған абзал. Ондай сәтте «жаздым, жаңылдым» дегеннен ештеңе өнбейді. Қателікке бой алдырғанын, өз ісінің дұрыс емес екенін сонда барып түсінеді. Бірақ, бәрі кеш болады...
Қарға тамырлы қазақтың бірін-бірі жамандыққа қимайтыны тағы бар. Мұндайда Абай хәкім «біріңді қазақ бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» демеп пе еді. Қазақта Абайдай тебіреніп, Абайдай толғанған жан аз. «Өсек, өтірік, мақтаншақ, еріншек бекер мал шашпақ» дейтін ақын алаш баласын не аздырып, не тоздыратынына дейін айтып кетті. Бірақ, кейбіреулер хәкім Абайдың нақылына мән беріп, ақылына құлақ аспайтын секілді... Әйтпесе...
Ақиқатты айтушы.