» » ТАСАДА ТҰРЫП ТАС АТУ – өсек пен өтіріктің ісі

ТАСАДА ТҰРЫП ТАС АТУ – өсек пен өтіріктің ісі

Біреуді күндеу, жала жабу, көпе-көрнеу арыз айту қай кезде де болған. Біздің заманымызға дейінгі ғасырларда өмір сүрген ғұламалардың бірі Эпикурдан мындай сөз қалыпты: “Ешқашан күндеме: жақсы адам күндеуге лайық емес, жаман адамдар бақытты болған сайын өз-өзіне зиян келтіреді”. Иә, бүгінгі қоғамда да бұл нақыл өз құнын әлі жойған жоқ.
Өмірде қанша адам болса, сонша пікір, сонша көзқарас бар. Өкініштісі, кейбір теріс пиғылдағы пікірлер ел ішін бүлдіреді, жақсылықты емес, жамандық шақырады. Біздің айтпағымыз - бүгінгі күн жағдайындағы жөн-жосықсыз арыз жазатындар жайы.
Иә, арыз жазуға келгенде, біреуді сынап-мінеуге келгенде қамшы салдырмайтындар көп. Мейлі, жазсын-ақ. Мәселе – оның қаншалықты дұрыс-бұрыстығында. Кемшілікті көрген жөн, бірақ оның себеп-салдарын анықтамай, зерделемей тұрып, тисе терекке, тимесе бұтаққа деп жұртты дүрліктіруге болмайды ғой.
Жасыратын несі бар, біздің ауданда ондай ниеттегілер ішінара кездеседі. Аудан әкімі Қайратбек Сәрсенбаев халықпен кездескен сәттерінде бұл мәселеге баса мән беріп, мұндай келеңсіздікті тоқтату керектігін айтып жүр. Өйткені, дәлелсіз арыз жазу, көпе көрнеу жала жапқандар заң алдында жауап береді. Тіпті, соңғы уақыттары ондайлар жазасын алып та үлгерді. Ал, енді осы кімге пайда, кімге зиян? Белгілісі – жеке басқа да, қоғамға да пайдасы жоқ. Керісінше, тек зиянынан басқасын көре алмаймыз.
Анонимді арыз жазу деген бар. Аты-жөнін көрсетпей, ғаламтор арқылы ойға-қырға арыз жазып, әлеуметтік желіні шулатады кейбір білгішсымақтар. Шамасы, тасада тұрып тас атқанымды кім біледі дейтін болса керек. Шындығында, технология дамыған заманда оның егесін анықтау да түк емес. Оның ар жағында біреуге жала жапқаны үшін немесе жалған ақпар бергені үшін жаза күтіп тұр.
Жоғарыда келтірдік, ел іші болған соң түрлі көзқарастың, пікірдің болуы заңды. Оны мәдениетті, сауатты жеткізудің жолдары бар. Бас-көз жоқ жұртты жамандап, өсек айтып, бәле іздеудің заманы әлдеқашан өткен. Басы ашық нәрсе – көп адамдар бұндай берекесіздікке жеке бастың пайдасын күйттегендіктен барып жатады. Өкінішке орай, оның арты қандай болатынын бірсыпыра айтқандаймыз. Қысқасы, тасада тұрып тас ату – арсыздың ісі.
Хакім Абай жұртының басындағы қайғысын қалай сейілтем деп күресті. Елді өсек айту, жала жабу, күндеу, сатқындық, жалқаулық, көре алмаушылық секілді қасиеттерден арылтам деп арпалысты. Жақсың қайсы, жаманың қайсы, дұшпаның кім, досың кім? Осыны ажыратып, қалың елін қиындықтан құтқаруға тырысты. “Бес дұшпанның екеуі - өсек пен өтірік”, - деді дана қазақ. Өсекке құмар, өтірікке әуес адам не істейді? Жауапты тақырыпқа тұздық еттік.

03 ақпан 2018 ж. 1 254 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 731

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930