ҚАЙЫРШЫНЫҢ БІР КҮНІ немесе тәлкекке түскен тағдыр
Күнделікті өмірде қайыршы көрсек, оны аяп, мүсіркеп жүреміз. Қалтамызға қолымызды салып, 5-10 теңге тастап кетуді де әдетке айналдырғанбыз. Қайыршы демекші, ол мұндай күйге қалай түсті? Бір кезде ол да біреудің мәпелеген баласы, аялаған қызы еді ғой. Өмір болған соң түрлі жағдай кездеседі. Әркімнің тағдыры әрқалай өрбиді. Бір жыл бұрын журналистік қызығушылықпен өмірден өз орнын таба алмай жүрген осы жандардың бір күндік ғұмырын зерттеп көрген едік. Көрген-білгенімізді сол мезетте-ақ жазуға ниеттенгенбіз. Бірақ, тәлкекке түскен тағдыр иелері туралы қалам сілтеу оңай болмады.
Қызылорда қаласының тұрғындары «Жайна» сауда орталығының маңындағы көпірді жақсы біледі. «Ескі базар» атанып кеткен бұл маңда бірнеше сауда орны орналасқан. Күнделікті келімді-кетімді адам көп болғандықтан, базар тіршілігі қызып тұр. Жоғарыда аталған көпірде бірнеше қайыршы отыр екен. Менде солардың жанынан орын алдым.Үстімдегі киімімді ауыстырып, басыма шүберек қалпақты баса кигенмін. Сондағы мақсатым – жұртқа әшкере болмау. Бетімді де екі-үш жерден арнайы бояу арқылы көгертіп қойдым. Өзімше «Таныстар кездесіп қалмаса екен» деп қоям іштей күбірлеп. Алдымда базар маңынан тауып алған қорапша тұр. Басымды жерден көтермей, жүзімді жұрттан жасырып отырмын. Әйтсе де, мақсатымды жүзеге асыру үшін айналаны бағдарлауға тура келді. Менен сәл әріректе отырған басқа қайыршылар «мына біреу қайдан келді?» деп ойлайтындай көрінді де тұрды. Мүмкін сөйлесермін, әңгімеге тартармын. Сонда ғана олардың өмірі қалай өтіп жатқанын білемін ғой. Әлде жақтырмай ма екен...
Осындай ойдың жетегінде отырғанда тырс еткен дыбыс шықты. Қарасам алдымдағы қорапта 10 теңге жатыр. Оны қолымды қалай созып алғанымды да білмеймін. Әйтеуір, қалтама салар сәтте біртүрлі өзімнен-өзім жиіркенгендей болдым. Дереу қорапқа тастадым. Жұрттың барлығы маған қарап тұрғандай көрінді. Жанымнан өткен кейбір адамдар «Зіңгіттей азамат, ұялса қайтеді?», «Мұнысы несі?», «Жұмыс істеп ақша таппайсың ба?», «Мұндайларға ақша беруге болмайды, тапқан-таянғанын ішкілікке жұмсайды» деп жатыр. Орнымнан атып тұрып «Мен журналистпін. Осындай жағдайға түскен адамдар туралы жазу үшін жүрмін» деп айтқым келді. Алайда, мақсатың бөлек болғаннан кейін өзіңді әшкере ете алмайсың. Аузыңа құм құйғандай жұмған күйі отыру керек. Көп ұзамай 7-8 жасар баласын жетектеген сыған қызы келіп «бұл менің орным» деді орысшалап. Әйел затымен бет жыртысу әдетімде жоқ. Оның үстіне сығанға сөзімді шығындағым келмеді. Үндемей заттарымды жинастырып, көпірдің арғы бетіндегі тепкішектердің біріне жайғастым.
... Арада бірнеше сағат өтті. Қаңтардың суығы аяқты сыздатып, аязы бетті қарып барады. Өзімді қызықтырған тағдыр иелерін жақынырақ тани түсу үшін олармен әңгімелесуге бел байладым. Маған таяу маңда отырған орта жастағы әйелдің жанына бардым. Алғашқыда сөзді неден бастарымды білмедім. Ол менімен сөйлесе ме, сөйлеспей ме онымен жұмысым жоқ. Тек қандай тақырыпты қозғарымды білмей дал болдым. Әрі-беріден соң «Сәлеметсіз бе» деп амандастым. Ол да басын изеп, ишара танытып, ернін жыбырлатты.
– Атыңыз кім, – дедім сәлден кейін қайта сөз бастап.
– Оны қайтесің? – деді ол жақтырмаған сыңай танытып.
– Жәй, әншейін,– дей салдым аузыма басқа сөз түспей.
– Қызық екен. Жәйдан-жай адамның атын сұрай ма?
– Менің атым Азамат.
– Оны сенен кім сұрады?
– Сонда сіз қасыңыздағы адамның кім екенін білгіңіз келмей ме?
... Сүт пісірім уақыт екеуміз де үнсіз отырдық. Қалай болғанда да одан сыр тартуым керек. Ол мұндай күйге қалай түсті? Неге қайыршы болып жүр? Бұрын жұмыс жасаған ба? Оқыған ба? Мұның барлығын қалай анықтасам болады? Осылай ойым сан-саққа жүгірді. Кенет көз алдымда тұрған қораптағы ақшаға түсті. Шамасы 500-600 теңгедей жиналып қалған сияқты. Мүмкін, осы ақшаны берейін. Сонда сөзге тартуға болатын шығар... Жоқ, олай жасасаң әшкере боласың. «Қайтсем қасымдағы кісіні әңгімеге тартамын, қалай сөйлетемін» деп отырғанда оның өзі тіл қатты.
– Сағатың бар ма?
– Жо-жо-жоқ...
– Қап-ай, ә.
– Мына өтіп жатқан адамдардан сұрай салайық та.
– Негізі біз басқа адамдардан сағат сұрамаймыз.
– Неге?
– Енді біртүрлі ыңғайсыз. Жұмыста жүрген адамдай бізге уақыттың не керегі бар? Оның үстіне біз сияқты қайыршылармен кім сөйлесе салады дейсің...
Шындығына келгенде, сағатым бар еді. Бірақ, қалтамнан смартфонды шығарып, оның экранындағы уақыт өлшемін көруге ыңғайсыздандым. Бір жағынан тағдыр тәлкегіне түскен адамның образын бұзғым келмеді. Сол себепті, «жоқ» деп жауап беруге тура келді. Бірақ, осыдан соң ол кісімен ептеп әңгімелесудің сәті түсті. Есімі Айжамал екен. Шынымен солай ма, әлде, мен секілді өтірік айтып отыр ма, оны білмедім. Әйтеуір, бұрын еден жуушы болып жұмыс жасаған көрінеді. Өзінің айтуынша, кейін денсаулығы сыр беріп, жұмысқа жарамсыз болып қалған екен.
– Бұл жерге күнде келесіз бе?
– Жоқ, тек ақша қажет кезде ғана.
– Туыстарыңыз бар ма, олар біле ме осылай жүргеніңізді?
– Әй, сен алдымен өзіңді жетістіріп алсайшы, менде нең бар?
– Енді білгім келіп тұрғаны. Өзімізге өзіміздің жанымыз ашымаса, басқа кімнің жаны ашиды?
– Олай деме. Бізге садақа бергендердің барлығының жаны ашиды.
– Олар жәй мүсіркеп қарайтын шығар?
– Мүсіркесе де аяушылық танытады ғой.
– Оныңыз рас.
Екеуара әңгіме осылай өрбіді. Түстен кейін Айжамал қайтуға ыңғайланып жатқанда жанымызға бір кісі келді. Сырттай қараған жан бұл адамның көптен бері ішкілікке салынғанын бірден байқайды. Бет-аузы іскен. Өзінен біртүрлі қолаңса иіс шығып тұр. Оны көрген бойда Айжамал тапқан-таянғанын ылдым-жылдым қалтасына сала қойды. Ал, ол болса асықпай келді де менің алдымдағы қораптағы ақшаны ала бастады.
– Әй, таста, – деді Айжамал. – Сен мұны білмеуші ме едің?
– Қайдан білейін, бірінші рет шығып тұрмын ғой. Әй, тоқта, бер ақшамды, – дегенше болған жоқ, әлгі адам кері бұрылды да жөніне кетті. Бұл енді таза көше кезген қаңғыбас. Оны артынан қуғанмен пайда жоқ. Сөйтсем осындайлардың бірнешеуі бар екен. Өздері күні бойы ішеді. Ақшалары таусылса, алақан жайып жүргені. Ештеңе табылмаса қайыршы болып отырғандарға бас салады осылай. Айжамал мені аяп «ақша табамын деп, қаңғыбасқа жем болдың-ау» деп қояды. Менің мүлдем басқа адам екенімді ол қайдан білсін. «Ештеңе етпейді» дедім де орнымнан тұрып кете бардым.
Тәлкекке түскен қаншама тағдыр иесі бар? Бұл мен көрген келеңсіз көріністердің бірі ғана. Әлгі сыған «менің орным» деп отырған жерімнен қуған жоқ па?.. Қайдағы біреумен қайыршылық үшін ұрсысып, бейшараның күйін кешпейін дедім. Ал, ана маскүнемдікі не масқара? ..
Шырмауы көп ойдың жетегімен келе жатқанда үйге де жеттім. Түні бойы Айжамалды ойлаумен болдым. Ертеңіне базар маңына қайта бардым. Сондағы бар ойым – Айжамалға көмектесу. Бірнеше сағат бойы көпірді торуылдадым. Бірақ, ол келмеді. Ал, әлгі маскүнем алақан жайып әлі жүр екен. «Айжамал неге келмеген?» деп қоямын іштей. Тым болмаса тұратын мекен-жайын біліп алмағаныма өкіндім.
…Қаңтардың тағы бір күні ұясына батты...
Әзиз ЖҰМАДІЛДАҰЛЫ,
Суретті түсірген Нұрболат НҰРЖАУБАЙ.