ИГИЛ немесе ИШИМ туралы не білеміз? ИШИМ халықаралық террористік ұйымы 2006 жылы “Әл-Кайда” және тағы да басқа он бір экстремистік ұйымдардан құрылып, 2014 жылдың 29 маусымында өздерін “Ислам мемлекеті” деп жариялады. Бұл ұйым қазіргі күнде өзін шариғатқа негізделген жалғыз ислам – халифат деп жариялап, өзінің қызметінде діни мотивтерді пайдалануда. ИШИМ өз әрекетін діни тұрғыда қаншалықты негізделгенімен, әлемдік мұсылман қауымы тарапынан қатаң сынға ұшырады. Мұсылман әлемінің беделді ғалымдары мен танымал тұлғалары ИШИМ-ге 126 адам қол қойған ашық хат жолдап, іс-әрекеттерін тоқтатуды және тәубеге келуді үндеген еді. Осыған орай ИШИМ-ді исламға қатысы жоқ, саяси және қаржылық мақсаттарды көздейтін ұйым деп қарастыруға толық негіз бар. Біріншіден; ИШИМ өз әрекеттерін аса қатігездікпен жүргізеді, ымыраға келмейді және өзге дін өкілдерімен өзара келісімді орнату мәселесін жоққа шығарады.Таратып айтсақ тарихта көптеген империялар мен мемлекеттер түрлі сылтаулар арқылы өзге діндегілер мен ұстанымдағыларды қудалап өлім жазасына кескендігі белгілі. Ал исламда мұндай әрекеттерге жол берілмейді. Мысалы, Мекке мен Мәдина қалаларында қалыптасқан алғашқы ислам мемлекетінде мұсылмандар мен бірге еврейлер және пұтқа табынушылармен өзара келісімде бейбіт өмір сүрген. Олардың ешқайсысына қысым көрсетілмейтін. Егерде қайбір өңірде өзге дін өкілінің құқықтары заңсыз шектеліп, діни негізде басымдық берілсе, қысым жасалса, бұл хабар жедел түрде халифке (Ел басшысына) жеткізіліп, туындаған мәселені шешіп, сол өңірдің әкімі дереу ауыстырылатын.Екіншіден; ИШИМ көптеген адамдар мен эмиссарларды жазықсыз өлтіруде.Исламда нақақтан нақақ жан иесін өлтіруге жол берілмейді. Бұған дәлел; “Әнғам” сүресінің 151-аяты: “Өлтірілуіне Алла тыйым салған кісіні нақақтан өлтірмеңдер” деген және пайғамбарымыздың “Кімде кім жазықсыз бір адам өлтірсе, онда ол бүкіл адамзатты өлтіргенмен тең” дегн хадисі бар. Сонымен қатар эмиссарлар мен елшілердің өміріне қастандық жасау барлық діндерде тыйым салынғандығы белгілі. Эмиссарлар бір топтың екінші топқа бітімгершілік жасау үшін жіберілетін құрметті адамдар. Сахаба Ибн Масғуд; “Елшілердің өміріне қауіп төндірмеу – пайғамбарымыздың сүннеті” деген болатын. Журналистер мен БАҚ өкілдері де эмиссарлар қатарына жатады. Өйткені олардың міндеті оқиғаның шынайы келбетін халыққа жеткізу еді. Ал ИШИМ қолға түскен көптеген журналистерді (Д.Фоли, С.Сотлоф т.б.) қатігездікпен өлтірді. Сондай-ақ гуманитарлық миссияның (Қызыл крест жарты ай т.б.) өкілдері де эмиссарлардың қатарына жатады. Өйткені олар аштық болған, соғыс болған елдерге барып азық-түлік, киім-кешек, дәрі-дәрмектен көмек береді.Алайда ИШИМ мүшелері гуманитарлық миссия өкілі Д.Хэйнсті де аяусыз өлтірді. Бұл әрекеттердің барлығы да исламға жат – харам істер.Үшіншіден; Исламда халифалықты (ислам мемлекетін құру) барлық мұсылмандармен бірлесе арнайы кеңес - “Шура” өткізбей жариялауға болмайды. Халифалықты халықтың келісімінсіз жариялау фитна (іріткі салу, бүлік) болып табылады. Өйткені мұндай шешімнің салдарынан елдің бірлігі мен берекесі қашып, салдарынан туындаған бүлік мемлекетті ыдыратуға әкеп соғады. Құранның “Бақара” сүресінің 217 – аятында ; “Бүлік шығару – адам өлтіргеннен де ауыр күнә” деген. Төртіншіден; Ислам діні бойынша шариғатта бекітілген қағидалар сақталмай қылмыстық жаза жүзеге асырылмайды. Құран мен сүннетте айқын белгіленген ислам шариғатындағы жазалау – исламдағы әділеттіліктің ең бір ажырамас бөлігі. Алайда айыптыны жазалау қылмыстық істі мұқият тергеуден кейін, тергеудегі адамның кінәсі толық дәлелденгеннен соң іске асырылады. Ал ИШИМ ұйымының мүшелері болса тиісті тергеу істерін жүргізбестен халықты жаппай өлім жазасына кесіп, қырып жойып жатыр.Бесіншіден; ИШИМ ұйымы Жиһад – деген сөзді ұранға айналдырып алып, өздернің жаулап алған жерлерінде жүздеген тұтқындарды тіпті бейбіт тұрғындарды да жаппай өлтіріп жатыр.Жиһад сөзі араб тілінде белгілі бір нәтижеге, мақсатқа жету үшін бар қажыр-қайратың мен ынта жігеріңді төгу, тырысу, күресу деген сияқты мағыналарды білдіреді.Жиһад – ұғымының аясы өте ауқымды. Бүгінгі таңда теріс бағыттағы ақпарат салдарынан көптеген адамдар жиһадты қару алып соғысу деп біржақты түсінеді. Әрине, мұндай түсінік жиһадтың мағынасын шектейді. Құранда “жиһад” сөзі 35 жерде келгенімен төрт жерде ғана тікелей соғыс мағынасында келген.Жиһад – ең алдымен өзіңді түзету. Ішкі жан дүниеңді, жүрегіңді тазарту. Болмысыңды қызғаншақтық, жалқаулық, надандық, қанағатсыздық, тәкәппарлық секілді күллі жаман қасиеттерден арылтып, бойға көркем қасиеттер жинау. Қысқасы өз нәпсіңмен әрдайым үздіксіз күрес деген сөз. Өйткені, әуелі өз басын түзете алмаған адам, нәпсісін жеңіп, кәміл адам болу жолына түспеген жан өзгені қалайша түзетіп, тура жолға салмақ ?Бірде пайғамбарымыз соғыстан шаршап, шалдығып келе жатқан сахабаларына қарап; “Біз кіші жиһадтан үлкен жиһадқа қайттық” деген кезде сахабалары; “Уа Расулуллаһ, үлкен жиһад деген не?” – деп таңғала сұрақ қойды. Пайғамбарымыз; “Ол – өз нәпсіңмен күрес”, - деп жауап қайырды. Міне көрдіңіз бе ? Неге ? Өйткені, нәпсіңмен күрес қолға қару алып дұшпанмен соғысқаннан да қиын. Олай дейтініміз, сыртқы дұшпанның кім екені, қайда екені, қашанға дейін болатыны белгілі. Сондықтан онымен күресу оңай. Ал нәпсің болса, ол оңай емес. Ол сенің ішіңде. Оның дұшпандығы белгілі бір уақытпен шектелмейді. Әрдайым сенімен бірге. Міне сондықтан пайғамбарымыз сыртқы дұшпанмен күресті “кіші жиһадқа” жатқызса, нәпсіңмен күресті “үлкен жиһадқа” балаған. Алла разылығы үшін істелген әрбір іс-әрекет - жиһад болып саналады. Мысалы, бір дәрігердің өз саласында кәсіби деңгейге қол жеткізу үшін тынбай талпынуы мен ізденуі, мұғалімнің бар ынта жігерін жұмсап балаларды оқытуы, тіпті бала - шағаңды асырау үшін маңдай теріңмен еңбектеніп адал табыс табуың да – жиһад болып саналады.Жоғарыда атап өткендей, қазіргі таңда ИШИМ жүргізіп жатқан әскери миссия исламның шариғи қағидаларына қайшы келіп, жасап жатқан жауыздықтары исламға күллі мұсылман жұртшылығына қарсы жүргізіліп жатқан террорлық акт ретінде бағаланады. Әлемде болып жатқан террорлық әрекеттермен исламның ешқандай байланысы жоқ. Ислам сөзі “бейбітшілік, амандық, есендік” деген мағынаға саяды. Ислам діні – жер бетінде бейбітшілік пен тыныштықты орнату үшін жіберілген Құдайдың соңғы діні.А.Байқабылов. Қоғам 31 қаңтар 2018 ж. 1 490 0