Елімізде әдейі көлік астына түсіп ақша табатындар көбейген
Елімізде көліктің астына әдейі түсіп, алаяқтық жолмен ақша бопсалайтындардың қатары көбейіпті. Олар бағдаршамда қасақана күтіп тұрып, өз жемтіктерін таңдайды. Ол былай тұрсын, бұндай алаяқтардың қасында алдын-ала келісіп алған “куәгері” болатын көрінеді.
Ал, көпшілік кейде бұндай жымысқы әрекет иелері полициямен де өндірілген ақшаны бөліседі деген пікірде. Бұл қаншалықты рас? Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.Күні кеше ғана Алматыда ер адам жүріп келе жатқан көліктің астына түспек болған еді. Алайда, осындай алаяқтық жолмен ақша таппақ болған азаматтың әрекеті лезде әшкереленді. Себебі, белгісіз тұлғаның барлық әрекеті темір тұлпарлардың бейнетіркегішіне түсіп қалған.
Ал дәл осындай оқиға келесі күні Ақтауда қайталанды. Жолдың арғы шетінен қасақана жүгіріп шыққан ер адам жүк көлігінің астына әдейі түскен еді. Оның бұл әрекетін байқаған куәгерлер бірден полицияға хабарлаған. Белгілі болғандай, бұл жол оқиғаларын ұйымдастырған алаяқтардың жымысқы ойлары жүзеге асқан жоқ. Екеуінің үстінен де әкімшілік іс қозғалған. Ал, халық бұл “не істерін білмей ерігіп, ақша табудың жолын іздегендердің арам әрекеті” -дейді.
«Ақымақ жастардың істеп жүргені. Ол водительдерден не өндіреді? Ол байқұстарда бала-шағасын асырау күн көрудің қамы. Сондай заман ғой»
«Құдай сақтасын. Ондай вообще дұрыс емес».
«Өзімнің басымда иә болды.
Күтпеген жерден болатын жол оқиғасында кейде кінәлі болып шығуың да әбден мүмкін. Себебі, көлік жүргізушілерінің көбі бағасы 20 мың теңгеден басталатын бейнетіркегіштерді сатып алуға қаражатын қимайды. Осы себептен алаяқтықтың құрбанына айналып, ақшасынан айрылып қалады.
Ал, көпшіліктің сөзіне сүйенсек бұл жағдай бизнеске айналып, ұшығып барады. Көлік жүргізушілерге жала жауып, ақша талап ететін алаяқтар топтасып жұмыс істейді екен. Мәселен, ол жолға шығып көлік астына әдейілеп түскенде қасына келісіп алған серіктес “куәгерін” ертеді. Ол полиция алдында жаяу жүргіншіні ақтауға тырысады. Ал, бұл жағдайда көлік иесі не істеуі керек?
«Жүргізуші үстінен заңсыз қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілген жағдайда әр жүргізушінің құқығы бар. Прокуратураға болмаса жоғары тұрған инстанцияға арызданып, өзінің құқығын қорғауға болмаса адвокаттың көмегіне жүгінуге», – заңгер Абзал Құспанов.
Заңгердің пікірінше, алаяқтық жасалған уақытта көлікте бейнетіркегіш болмаса оқиға орнын тастап кетуге болмайды. Себебі, болған жәйттің соңына жетпей кетіп қалған көлік иесі Әкімшілік құқық бұзу кодексінің 611 бабының 2-тармағы бойынша жауапқа тартылып, өзі кінәлі болып шығады, – дейді ол. Ал, көлікке қатысты ақпараттардың қыр-сырын меңгерген мамандар “ең қауіпсізі жолда диктофон қосып жүрген жөн. Себебі, кейде полицияға да сенім аз. Ең абзалы бейнетіркегішті міндетті түрде қолданған дұрыс”, дейді.
«Полиция қызметкерлерімен алаяқтардың байланысы бар деп 100 пайыз сенімді түрде айта алмаймын. Алайда, бұл жағдайды толық жоққа шығаруға да болмайды. Осындай жағдайлардан өз құқығын қорғап, аман құтылу үшін жүргізушілерге бейне тіркеуші қондырғылардан артық дос жоқ. Бұл құрылғыларда бейнежазбалар тайға таңба басқандай анық көрініп тұрады», – дейді Тәуелсіз автомобиль одағыынң төрағсы Эдуард Эдоков.
Алаяқтық жолмен ақша бопсалайтындардың әрекеті анықталған жағдайда Қылмыстық Кодекстің 190-бабы арқылы жауапқа тартылады. Сондай-ақ, 2000 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл төлейді. Тіпті, 2 жылға бас бостандығынан да айрылуы мүмкін. Ал, ұйымдасқан топың жазасы бұдан да ауыр.
«Егер ұйымдасқан топта, бірлескен топта алдын-ала сөз байлап, бірлескен топта болса ол жерде қылмыстың жауапкершілігі ұлғаяды. Яғни, 10 жылға дейін бас бостандығынан айыруға дейін барады, мүлкін тәркілеп», – дейді заңгерАбзал Бекбосынов.
Алайда, заңға қарамастан жан сақтауды көздегендер бұндай заңсыз әрекеттен бас тартар емес. Сондықтан, мамандар әр жүргізуші өзі үшін қауіпсіздік шараларын ұстануы тиіс деген шешім айтады.
Stan.kz