Алматылық кәсіпкер әжесінің құрметіне қарттарға тегін тамақ үлестіруде
Алматы қаласының тұрғыны Расима Темербаеваның зейнеткерлерге “Тегін түскі ас” атты әлеуметтік жобасының іске қосылғанына төрт жыл болды. Алғашында күніне 15 шақты түскі ас таратудан басталған жұмыс, осы жылдар аралығында 70 мыңға жуық тегін асқа жетті. Бүгінгі таңда осы іс-шара бойынша күніне 200- ге жуық тамақ беріледі, деп жазадыStan.kz ақпарттық агенттігі.
Алматы қаласында жағдайы нашар зейнеткерлерге тегін түскі ас тарату нүктелері Шашкин көшесіндегі 16 үйде және Жандарбеков пен Айманов көшелерінің қиылысында ашылған. Бұл көмекке, әсіресе, ең төменгі мөлшерде зейнетақы алатын қарттар мен жүріп-тұруы қиын үлкен кісілер зәру.
Тегін түскі ас 16:00 мен 16:30 аралығында таратылады. Идея авторы бұл жобаның қанатын кеңге жаю мақсатында Әуезов ауданында тағы бір тегін ас тарату нүктесін ашуды жоспарлап отыр.
Тегін түскі ас 16:00 мен 16:30 аралығында таратылады. Идея авторы бұл жобаның қанатын кеңге жаю мақсатында Әуезов ауданында тағы бір тегін ас тарату нүктесін ашуды жоспарлап отыр.
“Жақын арада бұл жобаның тағы бір нүктесі ашылады. Қазір дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр. Әзірге қай күні, нақты қай жерде екенін айта алмаймын”,- дейді жоба авторы Расима Темербаева.
Тегін түскі ас күн сайын таратылып тұрады. Тек демалыс күндері мен мереке күндері жұмыс істемейді екен.
Жоба авторының айтуынша, мұндай сауабы мол істі қолға алуына кішкентайынан ата-әжесінің қолында өсуі себеп болған. Расима Темербаева сол кездің өзінде шарасыз жандарға, жылдар өте келе жұмыс істеуге шамалары келмей қиналған қарт кісілерге көмек көрсетуді арман еткен.
Айта кетейік, Расима Темербаева бірнеше республикалық қайырымдылық конкурстардың иегері. Оған «Ардагерлерге қамқорлығы үшін» номинациясы бойынша «Алтын Жүрек» ұлттық сыйлығы берілген. Сонымен қатар, 2018 жылы ең үздік республикалық әлеуметтік жоба авторы атанды. Ал осы жылы “Мейірімді іс керуені” атты қайырымдылық конкурс-акциясына ұсынылды.
Естеріңізде болса, бұған дейін алматылық әйелдің жалғызбасты зейнеткерлерді тегін тамақтандырып жүргені туралы хабарлаған едік.
Stan.kz