Сіз робот жасай аласыз ба? Ал, бұл балалардың қолынан келеді
Аудан жастары техникаға жан бітіріп, ақылды робот құрастыра бастады. Ғылымды дамытуға ынталы оқушылар арнайы үйірмеге қатысып, робототехникамен жұмыс жасап жүр.
Аудандағы оқушылар үйінде ашылған балалар технопаркінде 44 оқушы дәріс алады. Технологияларды оқытуға арналған мультимедиялық кабинет арнайы жиһазбен, заманауи компьютерлік және мультимедиялық құралдармен әрі арнайы робот материалдармен жабдықталған. Онда балалар роботтарды құрастырып, болашақ технологиясын өз идеяларымен жүзеге асырып келеді. Негізінен бұл үйірме 2017 жылы ашылған. Өткен жылы мұнда 10 комплекті жаңа робототехникалар әкелініп, әрқайсысына компьютерлік бағдарламалар енгізілген.
Мәселен, бір роботты жаңылмай құрастырып шығарсаңыз, бірнеше жұмысты бір мезетте жылдам әрі тиянақты атқара алады. Бұл робот машинасы қара сызықтың бойымен түп-түзу, әрі жылдам, жаңылмай жүріп-өткенін көрсеңіз, бәлкім «техникаға жан бітті ме?» дерсіз. Бұрын робот технология адамды алмастырады дегенге мән бермейтінмін. Ал, оқушылар құрастырған мына роботтардың адамның кейбір функционалдық міндеттерін алмастыра бастағанын көзбен көріп, таңқалдым...
Иә, болашақта адам еңбегінің кейбір түрлерін роботтар алмастыруы әбден мүмкін. Өйткені, әлем елдері робототехника ғылымына айрықша ден қоюда. Қазіргі таңда жаһандағы ғылымның бұл түрі біздің елде де қарқын ала бастады. Елбасы еліміздің экономикалық-әлеуметтік жағдайын жаңартудағы ең басты өзекті мәселе – экономиканы цифрландыру керектігін мақсат етіп қойды. Цифрландыру – адам атқаратын жұмыстарды жасанды интеллектіге арту деген сөз. Қазіргі кезде дамыған батыс елдерінде, сондай-ақ, Оңтүстік Корея, Жапония, Малайзияда жасанды интеллект құралдарының немесе қарапайым сөзбен айтсақ, өндірістегі роботтардың салмағы артып келеді. Бұл бағыттағы ғылыми сала біздің елде де қарқын алды. Әсіресе, ғылымды дамыту арқылы технологияларды әр салаға енгізуді көздеп отырмыз. Мұны биылғы жастар жылының ашылу салтанатында Елбасының өзі атап өткені белгілі. Жалпы, ІТ-ды, робототехниканы меңгеруге ынталы өңірдегі талапты жастар болашақта өз идеяларынан туындаған инновациялық құрылғыларды жүзеге асырып, оны қолданысқа енгізуді қалайды...
Өңірдегі робототехника үйірме жетекшісі Бағлан Тұрмаханов 4 топтағы оқушыларға екі мезгіл технологияны дамыту бағытында дәріс оқып, робот құрастырудың қыр-сырын үйретіп келеді. Оның айтуынша, мұндағы балалардың барлығы ақылды құрылғыны еркін меңгерген.
– Робототехника – автоматтандырылған техникалық жүйелерді құрумен айналысатын қолданбалы ғылым. Ол механика және жаңа технологиялар проблемасын жасанды интеллект проблемаларымен ұштастырады. Қазіргі таңда әлемде ғылымның бұл түрі үлкен сұранысқа ие болып отыр. Қазақстанда дамыған елдер қатарына қосылуда ғылыми-техникалық прогрестен шет қалмауы тиіс. Осының аясында аудандық оқушылар үйінде балалар технопаркі ашылған еді. Жаңа технологияның қыр-сырын білуге құмартқан әрбір жас робототехника үйірмесіне қатысып жүр. Үйірме «3D модельдеу», «Цифрлық білім беру бағдарламалары», «Робототехника» бағытында жұмыс жасайды. Қазір оқушылар түрлі жарыстарға қатысып, жеңімпаз атанып жүр, – дейді үйірме жетекшісі.
Бағлан бұрын мектепте бағдарламашы болып жұмыс жасаған. Ол «Болашақ» университетінің түлегі. Былтырдан бастап ол осы үйірмеге жетекшілік етіп келеді. Сол уақыттан бері мұндағы оқушылардың қатары артып, алды түрлі байқаулардың жүлдегері атанды. Жуырда облыстық «Ата-ана, мен және робот» атты отбасылық-танымдық чемпионатта осы үйірменің ұстаздары мен оқушылары «Үздік» деп танылса, халықаралық стандарт бойынша қолданылып жүрген облыстық робосумо жарысында жерлесіміз Асылбек Бекмолдаев жүлделі орынға ие болды. Ал, «Zhalagash Rodtics – 2019» робототехникадан аудандық чемпионатында үйірме оқушысы Арун Тыныштықбай І орынды жеңіп алса, Шәкәрім Оразбек ІІІ орынды еншіледі. Бұл деген сөз, робототехникаға қызығушылығы басым оқушылардың жетістігі, ұстаздардың тынымсыз еңбегінің жемісі деуге болады.
Айта кетейік, технопарктің жұмысы негізінде оқушылардың сабақтан тыс бос уақыттарын тиімді пайдалануға, жаңа идеяларын дамытуға бағытталған. «Робототехника» үйірмесіне 2-11 сынып оқушылары қабылданады екен. Мұнда балалар робот құрылғыларымен жұмыс жасап, өз идеяларын дамытуға да мүмкіндік қарастырылған.
Нұрсұлтан ҚАЗБЕКОВ,
Тимур ҚУАНДЫҚ (сурет).