6 жастан бастап оқи ма? Білім министрлігі балаларды неше жаста мектепке беру керектігін түсіндірді
Елімізде мектепалды даярлық сыныбын (0-сынып) енгізудің мәні өте қарапайым. Мұндағы басты мақсат – балаларды бірінші сыныпқа бірыңғай бағдарлама бойынша дайындау. Балаларды неше жастан бастап мектепке беру керектігін түсіндірген Білім және ғылым министрлігінің мектепке дейінгі және орта білім департаментіндегілер осылай дейді, деп хабарлайды ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап Stan.kz.
Балаларды бірінші сыныпқа бірыңғай бағдарлама бойынша дайындауды көздеген білім министрлігіндегілер, онің ішінде, бірінші сынып бағдарламасының бір бөлігінің (сандар мен әліпби) 0-сынып бағдарламасына ауысуын, сондай-ақ, тәрбиешілердің дәрежесін бастауыш сынып мұғалімдерінің дәрежесіне дейін жеткізуді мақсат кетіп отыр. Ал 0-сынып оқулықтарын енгізу 2020 оқу жылының қыркүйегіне жоспарланып отыр. Бүгінде 0-сынып дегеніміз – балабақшадағы даярлық тобы.
Министрліктегілер егер мектептің өз ғимаратында 0-ші сынып ұйымдастыруға мүмкіндігі болса, оған толықтай құқығы бар екенін атап өтті. Ал 0-сыныпты енгізу құқығынан балабақшаларды ешкім айырған жоқ, дейді ведомстводағылар.
Осылайша, 2020 жылы еліміз бойынша барлық мектептер мен балабақшаларда 0-сыныптар ашылады. Алайда, қолданыстағы білім туралы Заңнамада балаларды 6 жастан 1-сыныпқа баруға міндеттейтін норма бар. Заңның аталмыш нормасына өзгеріс енгізіледі.
Білім министрлігінің мәліметінше, биылғы жылы былтырғы жылғыдай, 1 қыркүйекте толық 6 жасқа толатын балалар 1-сыныпқа бара алады. 1 қыркүйекке дейін 6 жасқа толмаған балалар ата-ананың қалауымен мектепке бара алады немесе балабақшада қалуына болады. 7 жасар балалар да бірінші сыныпқа қабылданады. Бірақ, егер, бала мектепалды даярлық сыныбының бағдарламасын балабақшада меңгерсе, мектепте оны қайта оқи алмайтындығын және 1-сыныпқа баруы керектігін ескеруіміз қажет.
Stan.kz