» » ЖАНАРҒА ШИПА СЫЙЛАҒАН

ЖАНАРҒА ШИПА СЫЙЛАҒАН


Бүгінгі күні адамзат баласы дамыған ғылыми технологияларды көптеп пайдалануда. Бұл адам баласының жұмыс істеуін жеңілдеткенімен, денсаулыққа зиянды жағы жетерлік. Жалағаштағы оптика дүкені иесімен әңгімелескенімізде осыған тағы бір көз жеткіздік.


Роза Нұрсейітова аудан орталығында орналасқан «Оптикада» 30 жылдан астам уақыттан бері жұмыс жасап келеді.
–Мен бұл жұмыспен ұзақ жылдан бері айналысып келемін. Күнделікті тұтынушылардың сұранысы мен тілегін қолдан келгенше орындап, қажетті көзілдіріктерін тауып беріп отырамын. Болмаған жағдайда немесе көзінің өлшеміне сәйкес келмегенде, тапсырыспен жасатып беремін.
Шыны керек, бұрындары көздерінің көру қабілеті нашарлап келетіндердің барлығы дерлік жасы келген кісілер болатын. Қазіргі таңда жастардың қатары көбейіп отыр. Өйткені компьютер алдында шамадан тыс отырады. Одан қалса ұялы телефонды көп қолданады. Қазіргі смартфондар көздің майын тауысады. Және де адамға зиянды сәулені көп бөледі. Соның әсерінен көз жанарлары нашарлап жатады, - дейді Роза Нұрсейітова.
Бүгінде көкжиегі кеңейген орталықта көзілдіріктің неше түрі бар. Күн сәулесінен қорғайтын, көру қабілеті нашарлаған кісілерге арналған белгілі өлшемді көзілдіріктер, сонымен бірге балаларға арналған түрлі-түсті көзәйнектер де кездеседі. Бұдан бөлек, оптикада сынған көзілдіріктерді тез арада жөндеп, түсін өзгертіп те береді.
Роза Нұрсейітова, аудандық емхананың окулист дәрігері Сәуле Тасқараевамен тығыз байланыса жұмыс жасайтынын айтты. Өйткені емделушілер әуелі емханаға барып көз дәрігеріне қаралады. Сонан соң көру қабілетінің нашарлау деңгейіне қарай көзәйнек алуға осы оптикаға келеді. Бұл жерге келушілердің қатары көп. Ауданда бір ғана оптика болғандықтан кезек соңы ұзап кететін уақыттар да кездеседі.
«Болашақта жанымнан бөлме қосып окулист маман алып, кәсібімнің өрісін кеңейтсем дейді. Әрине, бұл оңай жұмыс емес. Ең алдымен қомақты қаржы керек. Содан соң қолайлы, кең орын керек. Көз дәрігерінің де жұмыс жасауына мүмкіндік болу керек. Тиісінше құрал-жабдықтары, көз аппараттарымен қамтамасыз етілу керек», - дейді Роза апай.
Айта кету керек, Роза Нұрсейітова кәсіби біліктілігін жетілдіру, арттыру мақсатында облыстағы арнайы орталықтарға барып тұрады.
Қанша уақыттан бері халыққа аянбай еңбек етіп, жұмысының желісін үзбей келе жатқан оптика дүкенінің иесі бүгінде ардақты ана, аяулы әже болып отыр. Тек жанына бататыны өмірлік жолдасынан ертерек айырылып қалғаны. Дегенмен, шүкіршілік етіп, өмірдің сынына сынған емес. Жолдасы екеуі 4 баланы өмірге әкеліп, тәрбиелеп, өсірді. Оқытты, өмірден өз орындарын тауып, қанаттануына бар күш-жігерін салды. Қазір де сол балаларынан немере сүйіп, әже атанып отыр.

Нұржамила НАУАН.



02 ақпан 2018 ж. 1 052 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 766

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930