21 мың теңгені кімдер алады: Қаржы министрлігі түсіндірді
Тұрмысы төмен отбасыларға жиынтық табысты әр адамға бөлген кезде 15 мың теңгеден аз тиетін отбасы жатады
"Нұр Отан" партиясының съезінде мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев көпбалалы отбасылардағы әр балаға 21 мың теңге төлеуді тапсырды. Қаржы министрі Әлихан Смайылов аталған көмекті кімдер алатынын түсіндірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Елбасы айтқандай, тұрмысы нашар отбасылардағы әр балаға ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70%-і немесе шамамен 20 800 теңге төленеді. Көпбалалы отбасы болып 4 немесе одан да көп бала тәрбиеленіп жатқан отбасылар есептеледі", - деді ол.Ал тұрмысы төмен отбасыға ондағы жиынтық табысты әр мүшеге бөлген кезде ең төменгі күнкөріс деңгейінің 50%-інен аспайтын, яғни әр адамға 15 мың теңгеден аз тиетін отбасы жатады.
"Осындай отбасылардың жиынтық табысын есептей келгенде, олар жәрдемақының 3 түрінен қағылады. Мұндай жәрдемақыны алатындарды көбірек қамту үшін ертең үкімет отырысында аталған мәселені кеңірек талқыға саламыз. Сондықтан мұны сол кезде толығырақ айтып беремін",- деді Әлихан Смайылов "Нұр Отан" партиясының съзінен соң журналистерге.
Сонымен қатар қаржы министрі президент халықтың тұрмысын көтеру мақсатында оларға берілетін әлеуметтік көмекті күшейтуді тапсырғанын атап өтті.
"Жалпы бюджеттен бөлінетін қаржыны әлеуметтік салаға бағыттау жайлы кеше-бүгін ғана айтылып жатқан жоқ. Әсіресе, бұл мәселе соңғы жылдары көп көтерілді. Біздің халықтың әлеуметтік көңіл күйіне әсер ететін жағымсыз жайттардың күшеюіне байланысты әлеуметтік қолдау күшейтілді.Айтап айтқанда, соңғы екі жылда республикалық бюджеттен әлеуметтік салаға бөлінетін шығындар 34%-тен 45%-ке өсті. Алдағы 3 жылда аталған көрсеткіш 49%-ке артады. Әлеуметтік салаға басымдық берілгені анық көрініп тұр", - деді ведомство басшысы.
sputniknews.kz