» » Сенаторлар көпбалалы және тұрмысы төмен отбасылардың жәрдемақысын арттыруды ұсынды

Сенаторлар көпбалалы және тұрмысы төмен отбасылардың жәрдемақысын арттыруды ұсынды



Астана, BAQ.KZ тілшісі. Сенат депутаты Мұрат Бақтиярұлы ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаевқа жолдаған сауалында көпбалалы және тұрмысы төмен отбасылар мәселесін көтерді.

Депутаттың айтуынша, бұндай жанұялардағы әрбір балаға кәмелеттік жасқа жеткенше ең төменгі жалақының 50 пайызы көлемінде жәрдемақы төлеу мүмкіндіктерін қарастыру керек. Сонымен қоса, олардың тұрғын үй мәселесін шешу қажет.

«Көпбалалы және тұрмысы төмен отбасыларды әлеуметтік қорғау мәселесі соңғы апталарда жұртшылықтың ең көп талқылап жатқан тақырыптарының біріне айналды. Елбасы тапсырмасына сәйкес, Үкімет жанынан халықтың табысын арттыру және тұрмысын жақсарту бағытында ұсыныстар әзірлеу жөнінде жұмыс тобы да құрылды. Біз бұны құптаймыз. Ресми мәліметке сүйенсек, елімізде 340 мыңнан астам көпбалалы отбасы тіркелген. Оның 237 мыңы - Алтын алқа мен Күміс алқа иелері. Сонымен бірге, 85 мың мүгедек бала, 400 мыңға жуық балалары бар, бірақ асыраушысы жоқ не одан айрылған жалғызбасты аналар бар. Сондықтан да, Үкімет Алтын алқа, Күміс алқа бар аналардың, асыраушысы жоқ аналардың, мүгедек әйелдердің, мүгедек баласы бар аналардың, әлеуметтік-тұрмыстық әл-ауқатын көтеру үшін әрбір балаға кәмелеттік жасқа жеткенше ең төменгі жалақының 50 пайызы көлемінде жәрдемақы төлеу мүмкіндіктерін қарастыру керек», - деді Сенат отырысында Мұрат Бақтиярұлы.

Оның айтуынша, Қазақстанда көптеген дамыған елдердегі сияқты көпбалалы отбасын қолдау және жәрдемдесу мақсатында «Үлкен отбасы» арнайы мемлекеттік бағдарламасы қабылдануы тиіс. 

«Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау барысында отбасында бірге тұратын зейнеткердің, мүгедектің, студенттің және бір жасқа дейінгі бала күтіміне, мүгедек баланы қарағаны үшін төленетін жәрдемақы мен шәкіртақы көлемін табыс көзі ретінде есепке алмауды ұсынамыз. Бұған қоса, көпбалалы аналар мен тұрмысы төмен отбасылардың Үкіметтің тұрғын үймен қамтамасыз етуге бағытталған сан алуан бағдарламаларға қатысу мүмкіндігінің болмауына байланысты көпшілігі қолайсыз, тар, жалдамалы орындар мен пәтерлерде тұруға мәжбүр. Сондықтан, олардың үй кезектілігін бөлек тіркеу шараларын және олар үшін барынша қолжетімді, алдын ала жарнапұлын төлемей, жалға берілетін, еліміздің барлық қалалары мен аудан орталықтарында салынатын тұрғын үй мәселесін шешуге бағытталған жүйелі іс-шаралар қабылдануы тиіс», - деді депутаттардың атынан сауал жолдаған Мұрат Бақтиярұлы.

Сенатор еліміздегі әлеуметтік тұрақтылық пен халықты қорғауды күшейту мақсатында көпбалалы аналар мен мүгедектерді, қиын жағдайда өмір сүріп жатқан азаматтарды қолдауға бағытталған арнайы кешенді әлеуметтік бағдарлама әзірлеуді ұсынды.
Қымбат Елтайқызы

BAQ.KZ
14 ақпан 2019 ж. 789 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 760

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930