«Өрт сөндіру қызметі тыңдап тұр»
Бұл біздің бүгінгі кейіпкеріміз – аудандық №6 өрт сөндіру бөлімінің радиотелефонисі, азаматтық қорғау кіші сержанты Алтынай
Елдееваның жұмыс барысында айтатын сөзі.
Иә, расында қазіргі таңда әйелдер қауымының араласпайтын қызметі жоқ. Ерлермен қатар халыққа қалтқысыз қызмет етіп жүрген Алтынай ханым да бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербететін әйел заты болса да бұл қызметтің қиындығына да, жауаптылығына да әбден бойы үйренген. Алтынай Ибрахимқызымен азын-аулақ тілдескенімізде де осыны аңғардық.
– Басым көпшілігі ер азаматтардан тұратын үлкен ұжымда қызмет атқарған соң, кейде өзіміздің әйел екенімізді де ұмытып жатамыз. Әр мамандықтың өзіндік қиыншылығы бар. Біздің жұмыс қоғам тыныштығын күзету, бетін аулақ қылсын бірақ, алда-жалда тұтанған өртті ауыздықтаумен арпалысамыз. Мен мұнда сонау 2001 жылдан бері қызметтемін. Жұмысым радиотелефонист болғандықтан, 101, 112 нөміріне келіп түскен шақыртуларды қабылдап, облыс орталығына хабарлап отырамын, – дейді Алтынай Елдеева.
Өрт сөндіру бөлімінде жауынгерлік кезекшілікте ауданның тыныштығын білу, барлық түскен ақпараттарды басшыларға дер кезінде хабарлау, жедел жоспарларды жіті білу де Алтынай ханымның бойынан табылатын қасиеттер. Осы міндеттерді бұлжытпай орындап отыратын радиотелефонистка өз жұмысының нағыз шебері. Ол кісі ұйқысыз кезекшілік ауысымда болу, көптеген хабарландырулар, қоңыраулар қабылдап, басшыларға жеткізу, өрт сөндіру бөлімінің күш құралдарын оқиға орнына жіберуге атсалысу секілді қаптаған тынымсыз тірліктің ортасында жүр.
Біздің мақаламызға арқау болған Алтынай Елдеева осы бөлімдегі бір қызметкер. Осындай жауапты бөлімде адал әрі тынымсыз қызмет етіп жүрген нәзікжандылар да, ер азаматтар да көп. Олардың әрбірінің еңбегі ерен деуге болады. Өйткені, өрт сөндіру бөлімі оқыс оқиға орнына елден бұрын жетіп, апатты ауыздықтауға күш салады.
Ұйқысыз қызметте болатын бұл бөлімнің жұмысы жеңіл деуге келмес. Әлсін-әлсін шырылдаған қоңырауды естіп, алаңдап отырдық. Алтынай ханым да: «Бүгінгідей тыныш күндеріміз көп болсын. Апаттан аман болайық. Сақтансаң сақтайды деген. Өз өмірімізді бағалап, қауіпсіздік шараларын әрдайым қадағалап отырғанымыз жөн. Тұрғындардың амандығы біз үшін ең басты байлық», – деп сөзін аяқтады.
Нұржамила АЛМАСҚЫЗЫ,
М.АХМЕТОВ (сурет).