АНТЫНА АДАЛ ЖАН

Бір жылдары Алматы мемлекеттік медициналық институтын тәмамдаған Балтагүл Жақсыбаева да медицина саласына осындай үлкен мақсатпен келді. Нәтиже де жаман болған жоқ. Саналы ғұмырының 40 жылын аталған салаға арнаған майталман маман қазіргі таңда аудандық емханада аймақтық дәрігер болып қызмет атқарады.
Қанша дегенмен ұзақ жылдық тәжірибе бар ғой. Екеуара әңгіме барысында кейіпкеріміз жұмыс барысын сөз еткенде серпін алған саланың қыр-сырына қанықтық. Алғаш еңбек жолын аудандық емханада бастаған Балтагүл 1988 жылдан 2001 жылға дейін Мәдениет ауылында учаскелік педиатр болып еңбек етіпті. Сол жылдары ауылдық елді мекендер көлік қатынасы былай тұрсын, жарыққа зәру екен. Бірақ, «қайтсем де талай дерттің дауасын тауып, өз саламда үлкен жетістікке жетемін» деген мақсат мұндай мәселелерді елеген жоқ. Көмекшісі екеуі жаяу болса да қысы-жазы халыққа қалтқысыз қызмет етті. Кейін аудандық емханаға қайта ауысқан Балтагүл Жақсыбаева мұнда да талай науқастың алғысына бөленді.
– Мақсатыңа жету жолындағы өз ізіңнен таймасаң, талай белесті бағындырарың сөзсіз. Бір саладағы ұзақ жылдар бойы атқарған еңбек маған осыны ұқтырды. Қазір шүкір, жаман болған жоқпыз. Кеселмен күрес барысындағы табандылықтың арқасында талай науқастың аяқтануына жұмыс жасадық. Оқуға түсудегі басты мақсатымыз халыққа қызмет ету болса, сол мақсат орындалды деп ойлаймын. Ауылдық елді мекендерде де небір қиын күндерді бастан өткердік. Ол кезде қазіргідей емес, көлік былай тұрсын, жарықтың өзі бір машақат еді. Қазір бәрі жақсы ғой. Барлық медициналық орталықтар, ауруханалар заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған. Тек жауапкершілік бойыңнан жоғалмаса, алдыңдағы науқасты да жоғалтып алмайсың, – дейді білікті дәрігер.
Тәжірибелі маманның ұзақ жылдар бойы атқарған еңбегі де ескерусіз қалған емес. Бірнеше рет ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің «Құрмет» грамотасымен марапатталды. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының да бірнеше рет алғыс хатына ие болды. Кешегі тәуелсіздік мерекесі қарсаңында облыс әкімі Қырымбек Көшербаев министрліктің «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісін білікті маманның кеудесіне тақты.
Еңбек еленер, бастысы марапатқа емес, мемлекетке қызмет ету мақсатыңа айналса болғаны. Бұл сөзімізді ұзақ жылдық тәжірибесі бар кейіпкеріміздің өмір жолы да қуаттап тұрғандай.
К.БАЛҒАБАЙ.