» » Жансақтау бөліміндегі жылылық

Жансақтау бөліміндегі жылылық



Дәрігерлік мамандықты таңдап, оның қыр-сырын қанық білу үшін мейірім мен төзім қажет. Жан мен тәнге шипа дарытар ақ халатты абзал жандарға артылатын жүк те ауыр. Қоғамдағы әр адамның өмірі осы жандармен тығыз байланысты. Оларға қанша сын айтылса да, халық дәрігерлер қауымын ерекше құрмет тұтатыны ақиқат. Біз халықаралық анестезиологтар күніне орай, абзал жандардың адал қызметінің қыр-сырын түсіну үшін бір күнімізді аудандық аурухананың жансақтау бөлімінде өткіздік.

Әрине, ауруханадағы тыныс-тіршілік, оның ішінде жансақтау бөліміндегі бір күндік жұмыстың қаншалықты қауырт әрі үлкен жауапкершілікті қажет ететіні бәрімізге белгілі. Адам өміріне араша болатын, алғашқы көмек көрсетіп, дертіне шипа сыйлайтын дәрігерлердің еңбегі қашанда құрметке лайық. Алдымен, бөлімге бас сұқпас бұрын, тазалық сақтау үшін ақ халат пен қолыма арнайы қолғап кидім. Содан соң, жансақтау бөлімінің меңгерушісі Алмагүл Сермағанбетовамен әңгімелесіп, ондағы науқастардың хал-жағдайымен танысып шықтық. Бөлім бір мезетте алты адамға медициналық көмек көрсете алады. Көргенімдей, жан сақтау бөлімінде біраз уақыт бұрын ауыр жағдаймен түскен бүлдіршін, ересек екі науқас ем қабылдап жатыр. Олардың жағдайлары әдепкі кездегіден жақсарып, қалыпқа түскен. Мұнда күніне 4-5 адам ауыр жағдаймен түседі. Оларға дер кезінде диагноз қойылып, қажетті ем шарасы жасалады. Жағдайы жақсарған науқас басқа бөлімдерге ауыстырылады. Мұнда дәрігерлердің жұмысын жеңілдету үшін оларға тез әрі дұрыс шешім қабылдауына септігін тигізетін медициналық аппараттар да жеткілікті. Қан құрамындағы электролиттерді жедел анықтайтын аппарат арқылы қан құрамына талдау жасалады. Оның тиімділігі сонша, 2-3 секунд ішінде қажетті ақпаратқа қол жеткізесіз. Одан соң науқасты өкпені жасанды желдету аппаратымен демалдырып, тыныс алуын тоқтатуынан сақтандырады. Анестезиолог-реаниматолог дәрігердің қасында жүріп, әр аппараттың құрылысымен танысу оңайға соқпады. Өйткені, медициналық құрылғылардың өзіндік атқаратын қызметі бар. Оларды асығыс кезде шатастырып алмау үшін, қандай жағдайда қай тетікті қолдануға кәсіби сауаттылық пен жан-жақтылық керек.
Жалпы, бөлімде меңгеруші, үш дәрігер, бір аға мейірбике, алты мейірбике және жеті кіші буын медицина қызметкері жұмыс жасайды. Бөлім меңгерушісі Алмагүл Сахиқызы жоғары санатты анестезиолог-реаниматолог дәрігер. 2006 жылдан бері аудандық аурухананың ең жауапты бөлімінде қызмет атқаратын ол талай науқастың жанына араша болған ақ халатты абзал жан. Мұнан өзге, анестезиолог-реаниматолог дәрігерлер Бауыржан Насибеков пен Рауан Шөменова да өз ісіне адал, көп жылдардан бері осы салада жүрген тәжірибелі мамандар. Бұл дәрігерлердің негізгі қызметі науқасты операцияға даярлау, диагностика жасау, емдеу кезеңінде қажетті ағзалардың қызметін реттеп, қалпына келтіру, жансақтау әдістерін жүргізу. Бір сөзбен айтқанда, науқастың отадан, не болмаса аса қауіпті төтенше жағдайлардан аман-есен шығып, сауығып кетуінде анестезиолог-реаниматолог дәрігерлердің үлесі зор. Себебі, бұл саланың дәрігерлері тез ойлап, жылдам шешім қабылдай алатын, медициналық құрал-жабдықтарды шебер қолдана білетін қабілетке ие екені даусыз.
Бір күн бойы жансақтау бөлімінде жүріп, ақ халатты абзал жандардың жұмысымен танысқаныммен, қызметтерінің қыр-сырын жетік меңгердім деп айту қиын. Аса жауапкершілікті қажет ететін ұлы мамандықтың күрделі әрі қиын тұстары өте көп. Адам анатомиясын өте терең білумен қатар, кез келген жағдайдағы науқасқа көмек көрсете алатын, адам тағдырына асқан жауаптылықпен қарайтын дәрігерлердің қызметіне қайран қаласың. Бұл саланың мамандары күйзеліске төзімді, жүйкесі мықты жандар. Мен үшін бөлімдегі әр дәрігер жүздеріндегі мейірім, жүректеріндегі жылылықпен қатар, кез келген ауыр жағдайда өздеріне бекем, қайратты бола білетін қалыптарымен де ерекшелене түскендей болды.

Түйін. Мемлекеттің басты байлығы адам десек, әрбіріміздің денсаулығымызды бақылайтын ақ халатты абзал жандардың қоғам алдындағы еңбегі еселі. Олар туралы қанша толғақты ой тербетсек де, артықтық етпейді. Ел арасында айтылатын «жүз рет естігенше, бір рет көзбен көрген артық» деген сөздің астарында терең мән жатқанын түсінгендеймін. Бір күндік дәрігерлік қызметімде адам жанына араша түсіп, науқастың дертінен айығуына сеп болудың өзі адами болмысыңды айқындап, жаныңа жылу сыйлайтынын сезіндім. Жансақтау бөліміндегі жанталастың өмірге деген ұмтылыспен байланысты екенін ұғындым.

Нұржамила АЛМАСҚЫЗЫ.

13 қазан 2018 ж. 1 450 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 766

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930