» » Мәртебелі мамандыққа мәзірет

Мәртебелі мамандыққа мәзірет

Медицина қызметкерлері кәсібінің мәртебесін көтеру және оларды барынша қолдау – Мемлекет басшысының тұрақты назарында. Елбасы өз сөзінде: «Қазіргі медицина саласындағы Қазақстан халқының денсаулығын сақтау, өскелең ұрпақ денсаулығын қамтамасыз ету ісіне озық технологиялар енгізу, ауылдағы медициналық қызметтердің сапасын арттыру болып табылады. Осы бағытта халқымыздың дені сау ұлт болып өсіп-жетілуі жолындағы ақ халатты абзал жандардың еңбегі зор», - деген болатын.
Адамзат атаулыға амандық тілеп, жабырқаған жанның жүрегіне жарық сәуле жағып, сырқаттардың жайын таба білген денсаулық сақшылары кәсіби мерекелері қарсаңында халық алдында құрметтелді. Расында, әр минут сайын адам өмірін құтқаруға, олардың дертінен айығып, салауатты өмір салтын ұстануына бірден-бір себепші болатын мамандық иелері қандай құрметке болса да лайық. Салтанатты жиында аудан әкімі Қайратбек Сәрсенбаев медицина саласы мамандарын төл мерекелерімен құттықтады.
– Дәрігер мамандығы – әлемдегі ең ізгілікті мамандықтардың бірі. Сіздер бізге денсаулық сыйлайсыздар, ауру-сырқаудан сақтап, өміріміздің ең ауыр кездерінде көмекке келесіздер. Адамның осы өмірге келуінің куәсі боласыздар. Біздің ең қымбат байлығымыз – өміріміз сіздердің кәсібиліктеріңізге, мейірімділіктеріңіз бен көңілдеріңізге байланысты. Сондықтан да бұл сала иелеріне құрметпен бірге, үлкен жауапкершілік жүктеледі. Біз бүгінгі мерекеде еліне жасаған елеулі қызметімен қадір-құрметке бөленген, құрметті зейнет демалысына шықса да, қоғамдық өмірден қол үзбей, мемлекеттің әлеуметтік-рухани өміріне белсене араласып жүрген сала ардагерлеріне ризашылығымызды білдіреміз. Олардың игі істері медицина саласында еңбек жолын жаңадан бастап жатқан жастарымызға үлгі-өнеге болатыны сөзсіз. Мәселен, ауданның денсаулық сақтау саласында аудан бо­йынша халық денсаулықтарын қорғауда қосқан зор үлесі, ұзақ жылғы адал қызмет атқарғандары үшін әр жылдары 16 медицина саласының қызметкері «Денсаулық сақтау саласының үздігі» төс белгісінің, мекеменің қаржы саласының 2 қызметкері «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» төс белгісінің, 1 дәрігер «Ерен еңбегі үшін» медалінің, сондай-ақ, 2 медициналық қызметкер «Конституцияның 10 жылдығы», «Тәуелсіздіктің 20 жылдығы» медальдарының иегерлері атанды.
Елбасы Н.Назарбаевтың «Ұлт ден­­сау­лығы – біздің жарқын бола­шағы­мыз­дың негізі», - деген сөздері сіздердің мамандықтарыңыздың бар болмысын айқындап тұр. Сондықтан да құрметті денсаулық саласының қызметкерлері, Сіздерді дәстүрлі төл мерекелеріңізбен құттықтаймын!, – деді өңір басшысы Қ.Әубәкірұлы. Сондай-ақ, аудан басшысы осы салада аянбай еңбек етіп, үлесін қосқан бірқатар ақ халатты абзал жандарды облыстық денсаулық сақтау басқармасының, аудан әкімінің, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының «Алғыс хаттарымен» және аудандық ардагерлер кеңесінің «Құрмет грамотасымен» марапаттап, сый-сияпатын табыстады. Мұнан кейін, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы С.Әлиев бірқатар сала мамандарына облыстық ардагерлер кеңесінің «Құрмет грамотасын» тапсырды.
Салтанатты шара аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары дайындаған мерекелік концертпен жалғасын тапты.
Айта кету керек, 2015 жылы аудан орталығынан жаңадан бой көтерген ауысымына 250 келушіге арналған үш қабатты типтік жобадағы емхана ғимараты ел игілігіне пайдалануға берілді. Заман талабына сай жаңа медициналық құрылғылармен жабдықталған емханада аудан тұрғындарын спирография, электроэнцефалография, холтерлік мониторлау тексерулерінен өткізу мүмкіндігі жолға қойылған. Ал, алдағы уақытта аудан орталығынан типтік жобадағы жаңа аурухананың құрылысы басталады деп күтілуде.
Сырқатына ем, жанына дәру ізде­ген­дердің дертіне дауа, көңіліне демеу болатын абзал жандарға төл мерекелеріңіз тағы да құтты болсын демекпіз!

Нұржамила АЛМАСҚЫЗЫ

19 маусым 2018 ж. 1 189 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 762

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930