ЖҮРЕК-ҚАН ТАМЫРЛАРЫ АУРУЫ ЖИІЛЕП ТҰР
Жүрек-қан тамырлары аурулары әлемнің көптеген елдерінде басты проблемаға айналып отыр. Ресми дерекке сүйенсек, өлім-жітімнің елу пайызын жүрек ауруы құрайды екен. Бұл кеселге әкеліп соқтыратын басты себептер қандай? Инфаркт пен инсульттің қалай алдын алуға болады? Осы және басқа да сұрақтарға жауап алу үшін аудандық емханадағы кардиолог маманның жұмысымен танысып көрдік.
Ауру алқымынан алып, жаны қысылғанда барып дертіне дауа іздеген жандардың көбісі таң азанмен кардиолог маман Ақнұр Кәметованың кабинетінің алдына жиылған. Жұмыс барысында дәрігермен әңгімелесіп, оның медицина саласына қалай келгенін білдік. Ең алдымен денсаулық сақтау саласына келуіне түрткі болған оның дәрігерлер отбасында дүниеге келуі. Ақнұр Ханзуллақызы 1997 жылы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік медицина академиясына оқуға түсіп, 2004 жылы емдеу ісі мамандығы бойынша тәмамдаған. Сол жылдан бері Жалағаш аудандық емханасында кардиолог дәрігер болып қызмет етуде. Жыл сайын Алматы қаласындағы дәрігерлер білімін жетілдіру институтында білімін жетілдіріп тұрды. 2008 жылы Семей мемлекеттік медицина академиясында кардиология саласы бойынша 6 айлық қайта даярлаудан өткен. 2018 жылы Республикалық медицина академиясында Кардиологиядағы функционалды диагностика, яғни холтер бойынша тәуліктік ЭКГ циклы бойынша білімін жетілдірген.
Білуімізше, ауданда жүрек-қан айналым жүйесі бойынша аурушаңдық көрсеткіші 100 мың тұрғынға шаққанда соңғы төрт айда 10241,4, оның ішінде миокард инфаркты бойынша 5 адам тіркелген. Аудан бойынша қауіп-қатер тобына 2500 науқас іріктеліп, амбулаторлы жағдайда холтер аппараты бойынша тәуліктік ЭКГ және тәуліктік артериалды қан қысымын зерттеуден өткізіліп отыр. Холтер аппаратының көмегімен жасалған зерттеудің артықшылығы – көптеген науқастарда жүрек бұлшықетіндегі қан айналыс бұзылысын ерте анықтайды және зерттеу қортындысына орай науқастар облыстық, республикалық деңгейде коронарографиялық зерттеу мен электрофизиологиялық радиожиілікті аблацияға жолданып, өз деңгейінде ем алып, сауықтыру шарасын жалғастыруға мүмкіндік алады. Сонымен қатар, сырқаты анықталған науқастар «Д» есепке алынып, амбулаторлы жағдайда тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етіледі.
Біз байқағанымыздай, кардиология бөлімінің жұмысы ертемен басталғанымен келуші науқастар қатары күн ұзағынан азайған жоқ. Қарт кісілер, егде жастағылармен қатар орта жастағы адамдардың да арасында осы дерт дендеп тұр. Науқастардың қан қысымын, жүрек соғысын өлшеп, дәрігерлік кеңес беретін Ақнұр Кәметованың жұмыс кестесі өте тығыз. Алдына келген әрбір науқасқа дәрігерлік ем шараларын жасаумен қатар мейірімді жүзімен, жылы сөзімен жанына демеу бола білетін білікті маманның өз қызметіне деген жауапкершілігі, адалдығы айқын көрініп тұрды.
«Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген қазақ. Кардиолог дәрігерге жүрек-қан тамыр ауруын емдегеннен гөрі алдын алудың өте маңызды екенін айтып, осы ауруға әкеп соғатын себеп-салдарға тоқтала кетуін өтіндік.
– Жалпы, ауруды туғызатын басты қауіп факторы – гиподинамия, яғни дене қимыл қозғалысының азаюы және семіздік. Бұның негізінде дұрыс тамақтанбау, яғни холестерині мол және ас тұзын шектен тыс қолдану болып табылады. Екіншіден нервтік факторлар. Олар эмоционалды күйзеліс, стресс. Эмоционалды күйзелістің әсерінен жүрек соғысы жиілеп, жүрек бұлшық етінде зат алмасудың бірден күшеюі болады. Осы себепті тамыр қуысы тарылып, артериалды қан қысымының жоғарылауына әкеп соғады. Тағы бір қауіп факторы алкогольдік ішімдікті шектен тыс қолдану. Бұл өз кезегінде жүректің майда қан тамырларында қайтымсыз өзгерісін дамытып, тамыр қабырғаларының қалыңдап, қуыстарының тарыла түсуіне, осының салдарынан жүрек бұлшықетіне қанның келуін қиындатады. Бұдан бөлек, негізгі себеп-салдар қатарына тұқымқуалаушылық, яғни жүрек-қан тамырлары ауруына бейімділік, қант диабеті жатады. Алайда, медицинада ең қауіптісі осы аталған қауіп факторларының бірлесіп кездесуі, – деді А.Кәметова.
Біз Ақнұрмен сұқбат барысында ақ халатты абзал жандардың әр науқас үшін алаңдайтынын, салауатты өмір салтын қалыптастыру жолында аянбай еңбек ететінін көрдік. Басы ауырып, балтыры сыздаған адамның дертіне дауа, еміне шипа беретін денсаулық сақтау саласы мамандарының еңбегі әрқашанда құрметке лайық. Адам өмірін ұзартуға септігін тигізіп, ажалдан арашалаушы аяулы жандарды алдағы төл мерекелерімен құттықтап, қызметтеріне табыс тілейміз. Ерен еңбектеріне, шипалы алақандарына, мейірімді жүректеріне алғыс айта отырып, ауданның медицина саласының мұнан әрі дамуына сүбелі үлес қоса беріңіздер демекпіз.

Н.АЛМАС,
М.АХМЕТОВ (сурет).