Көксандықтың күйігі
Көксандық бұл кәдімгі сіздің үйдегі теледидар ғой. Иманы жолдас болғыр, ең алғаш рет 1923 жылы Англияда Берд, АҚШ-та Дженкинс жасап шығарған, содан бері бір-бір үйді бір емес бірнешеуі жаулап алған көксандық бұл.
Көксандық ішінде қатыгездік пен қан-жын аралас сюжет көбейді бұ күнде. Сонымен қатар, таңнан түн ортасына дейін дамылсыз қосылып тұратын теледидар да бар. Онда не көрсетіліп жатыр, бас ауыртып жатқан пенде болсайшы. Көксандығымызды түрік пен үндінің сериалы басып алды. Ағайын-туыстың ахуалынан гөрі әртістердің өмірін уайымдап ауыратындар да бар.
Ресейлік зерттеушілердің мәліметі бойынша, телебағдарламаларды көрудің орташа уақыты жұмыс күндері 3 сағат және демалыс күндері 3,5 сағатқа жетеді екен. Сонымен қатар, көп арналық кабелді теледидарлар саны артып кеткен.
Көрерменге ұсынған фильмдер мен бағдарламалар қаншалықты қатегіз болса, көруші де соншалықты сезімсіз әрі селқос бола түседі. Күш көрсету сценаларына үйреніп кеткені соншалық, тіпті, селт етпейді. Кейін ашу үстінде қатігездікпен қару ала жүгіретіндер көбеймей ме деген үркек ой басымда тұр. Егер кез келген бағдарламада зорлық-зомбылық немесе өлім көбейсе, соғұрлым агрессивті болады, яғни, зорлық-зомбылық түріндегі көркем фильмдер адамды қылмысқа итермелейтінін арнайы мамандар айқайлап-ақ айтуда. Барлық жерде теледидар көбейген сайын қылмыс өршіген. Оған мысал, 1957-1974 жылдары Канада мен БҰҰ-да көптеген арналардың таралуына байланысты қылмыс саны екі есеге көбейген. Телеарналық бағдарламаларда нәзіктікке қарағанда, зорлық-зомбылық көрсету актісі төрт есе есе көп.
Бұрын телебағдарламаны көру отбасы үшін кәдімгідей жұмыс еді. Теледидардың алдында отбасы қарым-қатынасындағы сезімдерді бөлісу, кез келген командаға жанкүйер болу, үлкендер балаларға көрсетілгенді ауызша талқылап, барынша жағымды жағымен тәрбиелеп, пікірлер айтылатын. Тарихи отандық фильмдер мен қазақи бағдарламаларды көріп көзің сүйсініп, көңілің толатын. Қазір ақпараттық, интеллектуалдық бағдарламалар мен концерттерден басқасын отбасымен бірге көру мүмкін емес. Әрбір адамның өз теледидары – «соткіге» үңілу – «мылқау қоғамның» белгісі.
Ержан ҚОЖАСОВ.