» » «Алжыған шал» (болған оқиға ізімен)

«Алжыған шал» (болған оқиға ізімен)


Таңертең қорадағы бес-алты уақ малына шөп салуға шыққан Тоқбай аң-таң болып тұрды да, кемпіріне айқай салды:
─ Әй, Қалыш, тұр! Тұр деймін, ойбай!
─ Не боп қалды? Таң азанымен!
─ Қора да жоқ, қорадағы мал да жоқ.
─ Жер жұтып кетіп пе сонда?
─ Мен қайдан білейін. Түнде қораны тас бекітіп, құлыбын салып-ақ жатқанмын. Оят ана балаңды! Іздейік. 
Бұлардың айқайынан 10-сыныпта оқитын баласы Иманберді оянып кетіп, не болғанын түсінбей көзін уқалап біраз тұрды да, мән-жайды білген соң, сыртқа шықты.
─ Әне, балам! Ауыл да жоқ, сенің шкөлің де жоқ. О, құдайым!.. Ақырзаман деген осы болар. Сақтай гөр өзің! – деп, Тоқбай өзі шала-пұла білетін дұғаларын оқып, бетін сипады. Иманберді жан-жағына қарап:
─ Көке, ешқандай ақырзаман болған жоқ. Ауылды да, біздің қораны да қар басып қалған, – деді.
Тоқбай есін жиып қараса, ой тоба, ауыл да, қора да орнында. Дөңкиіп-дөңкиіп қар астында жатыр. Түнде бір оянғанында даладан әлде ысқырған, әлде ышқынған бір дыбыстар шыққандай болып еді. Қарлы боран соққан екен ғой. Ойда Алматы–Шымкент тас жолының сүлбесі ғана байқалады. Әр жерінен төмпешіктер пайда болыпты. Олар қимылдай ма, қалай өзі…
─ Балам, анау тас жолға қарашы. Төмпешіктердің айналасында біреулер қараңдай ма, көзім жетпей тұр. Сірә, қар құрсауында қалғандар-ау, шамасы.
─ Иә, біреулер жүрген сияқты. Төмпешік дегеніңіз қар басқан машиналар, көке. Шамасы, жиырма-отыздай болар.
Тоқбайдың есіне әкесі айтып отыратын мына бір жайт түсті: «Жарықтық Шақпақ атаның желі кей жылдары көз аштырмай бірнеше күн соғып, осы өңірдің алай-түлейін шығаратын. Шақпақ ата әулие, киелі кісі болған екен. Ауыл-аймаққа тек жақсылық жасап, үшкірген науқасы жазылып, берген батасы қабыл болған. Ұры-қары, тентектерді тезге салып, кедей-кепшіктерге бар ықыласымен көмектескен. Арам ойлыларды райынан қайтарған. Теріс батасын алғандардың өздері де, ұрпақтары да өмірден зардап шегіп өткен. Сондықтан да Шақпақ атаны Әулиеата, Түркібасы өңірі қастерлеп, қадірлеп жүреді. Егемендік алған соң оның туып-өскен жеріне «Шақпақ ата» атауы беріледі. Ол кісінің тағы бір жұмбақ мінезі болыпты. Халықтың теріс іс-әрекетін айта-айта шаршаған шақта жер тамына кіріп алып: «Уа, халқым! Жүздеріңде мейірім, жүректеріңде жылу қалмады, оны көрсеткенше, Құдайым мені неге алмайды!» – деп күңіренеді екен. Сол мезетте жаз болса қиыршық пен құм суырған жел тұрып, қыс болса жолдардың бәрі жабылып, қар құрсауына тап болып, өзін тыңдамаған елдің апшысын қуырып, тәубесіне келтіреді. Табиғат дүлейі не бір күн, не үш, бес, жеті күнге созылып, әйтеуір, тақ сандармен аяқталады екен.
Тоқбай баласын шақырып алып:
─ Балам, түнде Шақпақ атаң қаһарына мініпті. Сірә, мына жүргіншілердің арасында жақсылығы өз басынан артылмайтын біреулер бар сияқты. Әйтпесе Шақпақ ата бостан-босқа ашуланбас еді. Қазір адамдардан иман кеткен заман болып тұр ғой өзі. Өткен жылы қар құрсауында қалғандарға тікұшақпен төбелерінен нан тастағанда Әпен, Төпен, Төкендердің істері анау: нанды әр жерден теріп алып, машиналардың ішінде бірнеше күн аш отырғандарға бір бөлкені мың теңгеге, арақтың шишасын екі мың теңгеге сатып, ауылды бүкіл Қазақстанға масқара қылды. Шақпақ ата осыны білмей жатыр дейсің бе! Әрине, біледі. Ал, балам, тұрмайық. Екеулеп қораны қардан аршып алайық та, анау төмендегі адамдарды құтқаруға барайық.
Таң да атты. Алдымен қораға барар жол аршылды. Тоқбай күрегінің сабына сүйеніп, біраз дамылдап алды да, кемпірін шақырды:
─ Қалыш, тез шәйіңді даярла! Іш жылытып алған соң, Оңғар, Ошақбай, Жұмаш, Көсемәлілерге барып, ана мүскіндерге жүрек жалғайтын бірдеңе апарайық. Айтпақшы, ана ісектің біреуін сойып, жолда қалғандарға құдайы тамақ берейік. Мен ойға түсіп келгенше Иманжан малды сойып, даярлап қояр…
─ Әй, шал-ау, сен алжыған шығарсың осы. Кемалымыз жүр Алматыда үй таппай, әркімнің босағасын жағалап. Немерелерге де обал болды. Тапқандары пәтерақы мен жолкірелерінен-ақ артылмайды. Малды соларға сақтап отырмыз емес пе?! Келеді ғой, қарақтарым демалыста «әкем-шешем» деп…
─ Кең болсаң, кем болмайсың, кемпір! Сабаңа түс!
─ Айтқаныңнан қайтушы ма едің сен! Тұрмысың атыңа сай болса ғой, шіркін. Білгеніңді істе, алжыған шал!
Ашудан жарыла жаздаған Қалыш жол ашылған соң, Сәнімкүл, Әнімкүл, Жәнімкүлдердің үйіне барып, шалының алжасқанын айтып, біраз шерін тарқатып алды. Абысын-ажындары да беттерін шымшыласты. Бәрінің келген қорытындысы: «Тоқбай алжыған».
Тоқбай бір топ ауыл қарияларын ертіп, қоржындарының басын томпайтып, жолаушыларға келгенше Әпен, Төпен, Төкендер тағы да пысықтық танытып, нанның бөлкесін мың теңгеден саудалап, жартылықтарын қылдай бөліп ішіп, Күйік асуына қарай кетіпті.
Көсемәлі қартты қасына алып, ауылдың бала-шағаларын ұйымдастырып, біраз көлікті қар құрсауынан босатып болған соң, Тоқбай жолаушыларды үйіне құдайы тамаққа шақырды. Алдымен кірген орыс шалы мен кемпірі болған соң, қонақтардың бәрі орыс деп ойласа керек:
─ Здрәстите, здрәстите… – деп, Қалыш та көңілжайлылық танытып, бәрін төрге оздырды. Ет желінді. Сорпа ішілді. Дастархан жинардың алдында жігіт ағасы болып қалған шешен жігіті таза қазақ тілінде сөз бастады:
─ Ағайындар, егер мына Тоқбай ақсақал болмаса, машина ішінде әлі бүрісіп отырған болар едік. Қазақтың даласы қандай кең болса, жүрегі де, құшағы да сондай кең. Кімдерге пана болмады бұл қазақ даласы. Егер қазақ тарапынан осындай ыстық ықылас болмағанда, біз, шешендер, әлдеқашан қырылып, сүйегіміз көмусіз қалар еді. Міне, бүгінгі оқиға соның тағы бір дәлелі. Ақсақал, мен сіздің алдыңызда бас иіп, киелі қазақ дастарханына 50 мың теңге тастаймын, – деп әмиянының аузын ашты.
─ Ой, оның не, қарағым! Мен сендерден бірдеңе дәметіп жайғам жоқ бұл дастарханды… – деп Тоқбай азарда-безер болды.
─ Мина жигит дурус айтады, – деп, орыс шалы да 25 мың теңге тастады. Өзгелер де қарап қалған жоқ: бес мың, он мың, он бес мың, жиырма мың… Дастархан үсті теңгеге толып кетті. Сасқалақтап қалған Тоқбай: «Бұларыңыз не? Ұят болады!.. Қазақ құдайы тамағына ешқашан ақша дәметпейді», – деп, тақиясын бір киіп, бір шешіп дегбірі қашты. Бата жасалған соң, келген қонақтар жалғыз аяқ жолмен машиналарына қарай құлдилай берді.
Ертеңіне «Ойбай, не дейсің… Тоқбай ақшаға көміліп қапты. Жолаушылар дастарханын теңге мен долларға толтырып кетіпті» деген сөздер ауылды гулетті де жіберді.
─ Біздің шалдар еш болмаса Тоқбайшалап та алжи алмайды, – деп еріндерін тістеледі әйелдер.
Келер жылы Тоқбай дағарадай төрт бөлмелі үй тұрғызып, дүрілдетіп той жасады. «Сығарға биті жоқ еді, Алла тағала берем десе есіктен де, тесіктен де береді екен», – деп жұрт тағы жағасын ұстады. Той үстінде бір жайсыз хабар жетті. Күйік асуының маңынан Әпен, Төпен, Төкендердің мәйіті табылыпты. «Боздақтар-ай! Арақ ішкеннен басқа не көрді дейсің бұл өмірден». Қариялар мұңая отырып осылай деп бет сипасты.

Тұрсынбек ЕШЕНҚҰЛОВ,
Журналистер одағының мүшесі.

https://tolqyn.kz
05 ақпан 2018 ж. 1 230 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 762

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930