ЖЕМҚОРЛЫҚТЫ БІЗДЕН ЖЫРАҚТАТУ МАҚСАТЫНДА
Бейсенбіде Сыр өңірінде ашылған «Ақмешіт – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің мүшелері аудандық емхана ұжымымен кездесіп, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг жүргізді.
Басқосуға жоба кеңсесінің басшысы Жандос Тұсмағанбетов, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыстық департаментінің бас маманы Әлішер Амангелдиев, облыстық денсаулық сақтау басқармасының бөлім басшысы Гүлназ Әбілқасымова, аудандық полиция бөлімі басшысының кадр жөніңдегі орынбасары Абзал Сералиев, амбулаториялық емханалық қызметі бар аудандық аурухананың бас дәрігері Әсия Бекбергенова және емхана қызметкерлері қатысты.
Жобалық кеңсе мүшелері тұрмыстық сыбайлас жемқорлықты жою және азаматтар үшін қолайлы жағдай жасау бағытында баяндама жасап, көпшіліктің ұсыныс-пікірлерімен бөлісті.
Негізі, тәуелсіз еліміздің әлемдегі ең дамыған отыз мемлекеттің қатарына енуіне ықпал ететін фактордың бірі – ол, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, оны мейлінше азайту болып отыр. Бұл мемлекеттік саясаттың да басым бағытының бірі. Соңғы жылдары Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің бастамасымен елімізде, оның ішінде аймағымызда аталған індетті жою бағытында толымды тірліктер атқарылып, тың жобалар жүзеге асырылуда. Осылай деген жоба жетекшісі Ж.Тұсмағанбетов медицина саласында сыбайластық індетіне жол берілмеу керектігін ескертті.
– Біздің жобалық кеңсе Елбасының жемқорлыққа қарсы күрестегі Астана қаласының тәжірибесін өңірлерге енгізу туралы тапсырмасына сәйкес ашылды. Мақсат – азаматтардың мемлекеттік билік институттарына сенімін нығайтып, халықтың қауіпті кеселге қарсы мәдениетін көтеру. Сондықтан да, жемқорлыққа бәріміз бірге қарсы тұруымыз керек. Басқа өңірлердегі денсаулық сақтау саласында кейбір келеңсіздіктерге жол берілген. Денсаулығына байланысты жұмысқа уақытша жарамсыз парағын заңсыз және негізсіз беруден сақ болған жөн. Сонымен бірге, кейбір азаматтар жұмысқа қажетті медициналық анықтама парағын жедел рәсімдеуді өтініп, заңсыздыққа барып жатады. Осындай әрекеттерге жол бермеуге тиіспіз. Сондықтан, әркім өзіне жүктелген міндетті адал атқарып, сыбайластық жемқорлыққа қоғам болып қарсы тұруымыз керек, – деді ол.
Мұнан соң ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыстық департаментінің бас маманы Ә.Амангелдиев пен АПБ басшысының кадр жөніндегі орынбасары А.Сералиев, зейнеткер дәрігер Х.Каметов мүлдем төзбеушілік қағидасын қалыптастыру, қызмет көрсету барысында әділдікті ұстану және ұжымда заңсыздыққа жол бермеу қажеттігін және сыбайластыққа қоғам болып қарсы тұру керектігін айтты.
Жиын соңында жобалық кеңсе мүшелері емхана ішін аралап, мұндағы жұмыстарға мониторинг жүргізді. Енді олар осы мазмұндағы түсіндірме шараларын құқық қорғау, білім, әлеуметтік салаларда жалғастырмақ.
Н.АЛПЫСБАЙҰЛЫ.