Қызылорда облысының Қоғамдық кеңестерінің 1-ші Съезі өтті
24 тамызда Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті Қызылорда облысының әкімдігімен бірлесе отырып «Достық» үйінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жұмыстарын күшейту мақсатында облыстағы Қоғамдық кеңес мүшелерінің бірінші Съезі өтті.
Аталған жиынға облыстық, қалалық, аудандық Қоғамдық кеңестердің төрағалары мен мүшелері, мемлекеттік қызметшілер, Арнайы мониторингтік топ мүшелері, мәслихат депутаттары, үкіметтік емес ұйымдар, кәсіподақ және діни бірлестіктер, ардагерлер, жастар, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері қатысты.
Келелі жиынның негізгі мақсаты - 2015 жылдан бастап өз жұмысын бастаған қоғамдық кеңес институтының қызметін одан әрі жетілдіру, олардың қызметін сыбайлас жемқорлыққа қарсы бағыттау мен осы арқылы қоғамдық бақылауды күшейту бойынша мәселелерді талқылау.
Съезді Департамент басшысы Мұхимов Абзал Сансызбайұлы ашып, жүргізіп отырды. Облыстық мәслихат хатшысы Н.Байқадамов, облыс әкімінің орынбасары Р.Рүстемов және Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі Б.Кесебаевалар сыбайлас жемқорлыққа қарсы жұмыстарды жүргізуде қоғамдық кеңестердің орнының ерекшелігіне тоқталып, Съез жұмысына сәттілік тіледі.
Қызылорда облысының Қоғамдық кеңес төрағасының орынбасары Б.Досмамбетов, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы Ұлттық бюроның Қызылорда облысы бойынша департаменті басшысының міндетін атқарушы Е.Тленов және Жаңақорған ауданының Қоғамдық кеңесінің төрағасы С.Ысқақовтар Съездің күн тәртібіне сәйкес хабарлама жасады.
Жиын соңында Съезге қатысушылардың ұсыныс-пікірлері тыңдалып, Жаңақорған ауданының қоғамдық кеңесінің төрағасы С.Ысқақов қоғамдық кеңестердің әлеуетін сыбайлас жемқорлықтың алдын алу шараларына бағыттау жөнінде Үндеу оқыды.
Алғаш рет өткізіліп отырған Съез қорытындысымен Қызылорда облысының Қоғамдық кеңестері, алдағы уақытта сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жұмыстарын күшейтіп, ел экономикасының дамуына кері әсер ететін індетпен күресуде бірлесе іс-шаралар қабылдауға уағдаласты.
Пікір 2