Қазақ жігіті Оңтүстік Кореядағы жұмыс туралы: Көбісі келіп, шыдай алмай қайтып кетті
Оңтүстік Кореяда соңғы жарты жылда ауыр жұмыс істеген 7 қазақстандық азамат көз жұмды. Бұл туралы еліміздің Сыртқы істер министрлігі хабарлады. «Жасыл дәліз» режимі бойынша виза тәртібін бұзған мыңнан астам отандасымыз өз еркімен елге оралып, тағы бірқатары депортацияланыпты. Алайда министірлік өкілдері «Кореяда әлі қалып қойғандардың саны бұдан да көп», дейді.
Корея шекарасын заңсыз қиып өтетін қазақстандықтар саны өткен жылы күрт артыпты. Мысалы, 2016-да заңсыз жүрген 3000 қазақстандық тіркелсе, 2018 жылы олардың саны 13 мыңға жуықтаған. Бұл әрине ресми статистика. Санаққа енбеген қаншама қазақстандық барын ешкімде білмейді. Бірақ өкініштісі ақша тауып, табысқа кенелеміз деп, мүгедек болғандар, тіпті осында қаза тапқан отандастарымыз да көбейе бастапты, деп хабарлайды «Еуразия бірінші арнасы».
«Бізге қайғылы хабарлар да келіп түсіп жатыр. Соңғы жарты жылдың ішінде Оңтүстік Корея аумағында заңсыз жүрген жеті азаматымыз қайтыс болды. Олар 30-40-тың арасындағы, жас жігіттер», - дейді ҚР сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров.
Сыртқы істер министірлігінің ресми өкілі марқұмдар қара жұмыс істегенін айтады. Үйлеріне шаршап келіп, ұйқыға жатқаннан оянбаған. Жалпы сол елге нәпақа табуға кеткен азаматтардың сөзінше, жұмыс іздеп Кореяға аттанған отандастарымыз кәрістер ұсынған кез келген жұмысты істеуге мәжбүр. Тіл білмегендіктен, көп қазақстандықтар зауыттарда еңбек етеді.
«Зауыттарда жұмыс істейміз. Оңай емес. Екінің бірі жасай алмайды. Көп жігіттер келіп, шыдай алмай қайтып кетті. Мұнда келгенімізге үш айдай уақыт болды. Үйге қайтқымыз келеді. Бірақ табыс табу үшін әлі бірақ қалуымызға тура келеді», - дейді Ержан.
Ал Youtube порталында өзінің Оңтүстік Кореядағы өмірін түсіріп салатын Самат жұмысының ауыр емес екенін айтады. Өзі бұл елге екі жарым жыл бұрын келіпті. Табысы жоғары. Айтуынша, мұнда жақсы жалақы алу үшін тіл білу маңызды.
«Қазақстан тарапынан, «ойбай, олар құл сияқты істеп жатыр» дейді. Бірақ ондай емес. Әркімнің өзіне байланысты. Қандай жерден, қандай жұмыс табатыны. Қалай істейтіні. Ең бастытысы, тілді біліп алса болды», - дейді Самат.
Мамандардың сөзінше, Оңтүстік Кореяда заңсыз жүрген 13 мың қазақстандықтың 50 пайызы 20-29-жаста. Қалған 36 пайызы 30 бен 40-тан асқан азаматтар. Әрқайсысында уақытылы төленбеген бір немесе бірнеше несиесі бар. Орта білімді. Қара жұмысшы. Еңбек келісімшарты мен медсақтандыру мүлдем жоқ. Осы себепті, биыл онда ауыр жұмысқа шыдай алмаған отандастарымызды елге жеткізу өте қиын болған.
«Оларда медициналық сақтандыру жоқ, жұмыс істеп жатқан мекемесімен жұмыс шарты болмағандықтан ешқандай құқықтары көзделмеген. Туыстары денесін елге жеткізетін кезде біраз қиналды. Себебі бір мәйітті Оңтүстік Кореядан елге жеткізуге 6-7 мың доллар қаржы кетеді», - дейді Айбек Смадияров.
Еңбек мигранттарының келуін тежеу үшін ресми Сеул бірқатар шара қабылдады. Солардың бірі «Жасыл дәліз» акциясы. Одан қалды ірі көлемде айыппұл бар. Бірақ күнкөріс мәжбүрлеп, мол қаржы табам деп өздеріне мақсат қойған отандастарымызға бұл тосқауыл болар емес. Өткен жылы 5 мыңнан астам қазақстандық шекарашылардың сұрақтарына жауап бере алмай, әуежайдан кері қайтыпты. Тағы 700-ден астам адам елден күшпен депортацияланған.