» » ҚАЛАМСАПТЫҢ КИЕСІ

ҚАЛАМСАПТЫҢ КИЕСІ

Тоқсаныншы жылдардың басында, суық тиіп Жалағаштағы терапия бөлімінде ем алдым. Бір палатада 4-5 адамға дейін жататынбыз. Бір күні облыстық «Сыр бойы» газетінде Бауыржан Момышұлының ерліктері мен өмір белестері туралы мақаланы оқып отыр едім. Газеттің екінші бетін аударып оқи бастағанымда «ей, мынау Бауыржан көкем емес пе?» деп жөтел шаршатқан үлкен кісі басын көтеріп, дауыстап оқуымды өтінді. Өтініш айтушы Бұқарбай батыр ауылының бас бухгалтері болып жұмыс жасаған Өрқара деген кісі еді. «Сендер газеттен оқып тамсансаңдар, мен үш жарым сөтке сол кісімен бір вагонда болдым» деді ол. «Онда айтыңызшы», деп біз
сол кездесу жайлы сұрадық.
– 1954 жылдың көктемі болуы керек. Үш жылдық әскери борышымды өтеп, елге қайту үшін Москваның Қа­зан вокзалына келіп тұрғанмын. Әс­­­кери патруль келіп құжаттарымды тек­­­­­­­серіп, жақын жердегі штабына алып барды. «Не болып қалды?» деп уайым­­­дап тұрғанымда, мені біз мі­­­нетін поезға тіркелген қызыл вагонға алып келді. Іштен шені жоғары біреу шығып «кәне, жаңағы таптым деген адамың?» деді. Мені ішке кіргізіп үш бөлмеден тұратын вагонды таныстырып, төрдегі жазу столы, жатын орны бар кең бөлмені көрсетіп, «қазір бір сыйлы қонақ келіп орналасады, соған сен қызмет көрсетесің» деді де, батыр Бауыржанға мені таныстырып, шығып кетті. «Жауынгер, маған кел!» деген Баукеңнің өктем даусы естілді. Дереу әскери киімімді ретке келтіріп, есікті қағып кіріп «Саулығыңызды тілеймін, полковник жолдас!» дегенімде. «Отставить, кругом, шагом марш!». «Қазақ­­шалап дұрыстап сәлемдес» деген соң қайта шығып, қайта кірдім. «Асса­лаумағалейкум» дегенімде: «Е, міне, Алаштың қазағы осылай амандасады» деді. Баукең екеуміз осылай таныстық.
Ол кісі отставкаға шығып, Алматыға бара жатыр екен. Жол-жөнекей батырға құрмет көрсетушілер көп болды. Уфа қаласына келгенде вокзалда қарақұрым халық, Бауыржан Момышұлын көреміз де­­ген­дердің саны көп. Астрахань, Урал­ сосын қазақ жеріне келгеннен кейін, тоқтаған жердің барлығында ба­­тырға құрмет көрсетілді. Төртінші күн дегенде Қармақшыға келдік. Жала­ғаш­­қа жақындағанымызды батыр аға­мызға ескерттім. «Олай болса әке-шешеңе сәлем айтарсың» деп маған екі сөмке зат берді. Өз бөлмеме кетерде көптен көзіме түсіп жүрген ай­рықша қаламсапқа назар аудардым. Осыны байқаған батыр «ағаңнан ес­керт­кіш болсын» деп әлгі қаламсапты қолыма ұстатты. Жалағашқа келгенде де вокзалға көп халық жиналыпты. Есік ашылып, перрондағы әдейі күні бұрын дайындалған жерде аудан басшысы тұр. Сол кезде Жалағаш ауданының бірінші хатшысы Байбол Сопбеков екен. Мұнда да батырға ­лай­ық­­­­ты құрмет көрсетілді. Баукең мені көрсетіп «мына солдатты үйіне жеткі­зіңдер» деп хатшыға тапсырды. Батырмен құшақтасып қоштастық. Мені уәделескендей үйіме әкеліп тастады.
Азын-аулақ дем алған соң мені колхозға есепші етіп қойды. Күзде мені Алматыға бухгалтерлік 2 жылдық тех­никумға оқуға жіберді. Несін жасы­райын,­ оқуға түсе алмадым. Бауыржан Момышұлы берген қаламсапты ұстап отырғанымда қасымдағы оқуға түскен Аралдың жігіті «Мынау ручканың тарихын тамсана айтқанда жақсысың, сен ертең сол кісіге бар» деп ақыл берді. Кешкісін Баукеңе барып мән-жайды баянда­дым. Ол техникум директорына қоңы­рау шалды да «ертең саған барамын» деп тұтқаны қоя салды. Келесі күні мені алып директордың кабинетіне кірді. Отырар-отырмастан айқайға бас­­­­­­­ты. «Сен қалайсың өзі? Ту алыс­тан оқимын деп келеді, сен түсірмей қай­­­­тарасың, оқуға қабылдайсың, оқы­­­­тасың, үйретесің, еліне бітіртіп қай­­та­ра­сың» деді. Директор «Иә, батыреке, мақұл» деп, жауап қайырды. Осылайша, батырдың бір ауыз сөзімен оқуға түстім. Сол қаламсап болмаса, Баукеңе бармас па едім, кім білсін? Оқуды бітіріп, елге келіп жұмыс істеп көп жыл бухгалтер болдым.
Бірде ауданда күрестен жарыс ұйымдастырылды. Әскерде батальон,­ қала берді ірі қалаларда күреске түс­кенім бар еді. Ауданда бірінші орын алып, облысқа жолдама берді. Об­лыс­­­­­­­­­­­тағы күрес қызу тартыспен өтті. Сөй­­тіп, ақырғы бас жүлде үшін бел­десетін болдым. Сол кезде батыр берген қаламсапты қатты қысып, «құ­дай­дан батырдың күшін бере гөр» деп сый­ындым. Сөйтіп, қарсыласымды жы­­ғып, таза жеңіске жеттім. Осы жарыс қорытындысымен келер жылы Алма­тыдан бірақ шықтым. Мұнда да солай, қаламсапты бір-екі рет сүйіп маң­дайыма тигізіп, құдайға сыйынып, кілемге шықтым. Арена іші адамға лық толды. Қарсыласымды әдіс қолдану арқасында таза жеңіске жеттім, – деп сөзін тәмамдады.
Ертесіне кеше күні бойы айтылған әңгімені бүгін жал­ғас­тырмақ болған Өрғара басын жас­тық­тан көтерді. – Иә, тағдырдың маңдайға жаз­ғанын көреді дейді ғой пендем. Ал, менің өмірімді түбегейлі өзгерткен ба­тырдың қаламсабы ма деп ойлаймын. Сол арқылы оқуға түсіп, ауданда алдыңғы қатарлы маман болдым. Қаламсапты облыстық тарихи музейдің қызметкерлері сұрастыра берген соң, Бауыржан Момышұлы мұражайына өткіздім. Міне, оған да үш-төрт жыл болды. Содан бері ауру-сырқау үйір бола бастады. Кейде «бекер бердім-ау осы қаламсапты» деп ойлаймын. Артынша тәубеме келемін. Ырзамын батырдың әруағына, – деп сөзін аяқтады.
... Одан бері де қанша уақыт өтті. Бұл оқиғаны кейінгі жұрт білсін деп, арнайы жаздым.

Мұқан МҰРАТБАЙ,
ардагер.
Есет батыр ауылы.

06 сәуір 2019 ж. 1 289 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 766

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930