СИҚЫРЛЫ СУСЫНДАР сергіте ме, еліте ме?
Біздің күннен-күнге «горилла», «диззи» деп аталатын энергетикалық сусындарға тәуелділігіміз артып отыр. Оны мына сіз де, біз де жақсы білеміз. Көшеге шықсаң қолдарына бөтелке ұстаған жасөспірімдер, «горилласын» құшақтаған жастар. Осы сусындардың не құдіреті бар екен деген ой келеді. Біз бұған зерттеу жүргізіп көрдік.
Негізінен, энергетикалық сусын беріректе пайда болды. Аты айтып тұрғандай шаршағаныңызды әп-сәтте басып, бойыңызды сергітіп қоя береді. Бұл сусындар студенттерге, жолда көп жүретін жүргізушілерге, түнде жұмыс жасағысы келген қызметкерлерге және кешкі серуенге көп шығатын жастарға таптырмас көмекші. Бір сөзбен айтқанда, шаршаса да өзін сергек сезінгісі келгендерге арналған. Бұл сөзіміздің жаны бар. Өйткені, сусынның бір құтысын ішсеңіз ұйқыңыз ашылып, бойыңыз сергіп қалады. Тіпті, көңіл-күйіңіз көтеріліп, ойыңыз жинақталады. Жұмысқа ынтаңыз да ашылады. Энергетикалық сусындардың бірі кофеин, екіншісі дәрумендер мен көмірсулардан құралған. Кофеинге негізделген сусындар студенттер мен қызметкерлерге, ал, дәруменді сусындар спортпен айналысатын белсенді адамдарға арналған. Бірақ, барлығымыз ұйқыны шайдай ашатын сиқырлы сусынның пайдасынан зияны көптігін де білеміз. Тек тәуелділік, еліктегіштік бойымызды билеп алған. Біз неге бұған тәуелдіміз? Біріншіден, энергетикалық сусындардың адам ағзасына әсерін жоғарыда айттық. Екіншіден, бір шыны кофенің әсері 1-2 сағатқа сақталса, ал, энергетикалық сусынның әсері 3-4 сағатқа дейін созылады. Үшіншіден, кофеге қарағанда кез келген уақытта, кез келген жерде өзіңізбен бірге алып жүре аласыз. Ыдыстары ыңғайлы, ең бастысы, барлық дүкеннен табылады. Осындай мүмкіндіктері бар сусынның сұранысқа ие болуы да заңдылық. Сусынның құрамында 10-15 шақты қоспа болады. Олар – глюкоза, матеин, мелатонин, таурин, гуарана, карнитин, кофеин, женьшень, рибоза, инозит. Бұларға қоса В тобының дәрумендері кездеседі. Мұның ішінде кофейн адамды өзіне тәуелді етеді. Оның мөлшері неғұрлым көп болған сайын, соғұрлым жүйке белсенді жұмыс істей бастайды. Біз энергетикалық сусындар энергия береді деп ойлаймыз. Шындығында, бұлар адамның өз бойындағы энергиясын іске қосып, екі-үш есе ағзаға күш түсіреді екен. Ал, сусынның сақталу мерзімі қайтқанда, ағзамызға түскен ауырлық психикамызға әсер етіп, ашушаңдық, шаршаңқылық, бас ауруы мазалай бастайды. Содан біз қайтадан сергіткіш сусындарды ішеміз. Осылай тәуелділіктен арыла алмайтын күйге жеткенімізді өзіміз де аңғармай қалуымыз әбден мүмкін.
Деректерге сүйенсек, энергетикалық сусындар Франция, Дания және Норвегияда ресми түрде рұқсат етілмеген және дәрі ретінде тек дәріханаларда сатылады. Өйткені, глюкоза мен кофеиннен тұратын энергетикалық сусын жас ағза үшін өте зиянды. Сонымен бірге, энергетикалық сусындардың құрамында «В» дәруменінің мөлшері көп болатындықтан, жүрек соғысын жиілетіп, аяқ-қолдардың дірілдеуіне себеп болуы мүмкін. Ескеретін жайт, сиқырлы сусындарды жаттығудан кейін ішуден аулақ болған дұрыс. Себебі, құрамында химикаттар көп болғандықтан, онсыз да белсенді жұмыс жасап тұрған қанайналым жүйесін одан әрі жиілетіп, қан қысымының көтерілуіне әкелуі бек мүмкін.
Балалар да осы сусындарға әуес болып алған. Қызық үшін бірден екі құтысын ішіп алып, өз денсаулықтарына зиян келіп жатқанын білмейді де. Олар жас болғандықтан бойларында күш-қуаты, энергиясы қалыпты деңгейде қызмет етеді. Ал, энергетикалық сусындардың балалар үшін қауіптілігін мамандар да растап отыр. Сусынды алып, сыртындағы ескертпесін оқысаңыз «аяғы ауыр әйелдерге, балаларға, жасөспірімдерге, қарттарға, жүрек-қан тамырлары ауруымен ауыратын адамдарға мүлдем пайдалануға болмайды» деп те жазылған. Бірақ, барлық жерде емін-еркін сатылып жатыр. Бір қызығы, осыдан бірнеше жыл бұрын «Сергітетін компоненттері бар сусындарды сатуға тыйым салу туралы» деген қаулы шыққан еді. Онда денсаулық сақтау мекемелерінде, жасөспірімдер мен жастар көп жиналатын жерлерде, мәдени-көпшілік шараларда және орта және арнаулы орта, жоғары білім беру орындарында мұндай сусындарды сатуға шектеу қойылғандығы көрсетілген болатын. Бұл турасында әріптестеріміз де талай сөз қозғап, жастардың болашағына алаңдайтындар үн қосып келеді. Дегенмен, жүйкені ынталандыратын сусындар күні бүгінге дейін жоғары сұранысқа ие және сатылымға оңай шығып кетті.
Осындайда біздің ойымызға шетелдік саясаткердің «егер заңға тіл бітсе, ол ең алдымен заң шығарушыларды айыптар еді» деген сөзі еріксіз оралады.
Нұр НАУАН.