Полицейлер қандай жағдайда көлік нөмірін шешіп ала алады
Жол инспекторларының мемлекеттік автонөмірлерді шешіп алуға құқығы бар 10 себеп. Жол қозғалысы ережелерін бұзушыларға шара ретінде мемлекеттік нөмірлерді алып тастау Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінде жазылған.
Белгіленген істердің көпшілігінде автокөлік иесіне автокөлік нөмірі айыппұл төлегеннен кейін қайтарылады. Егер көлік ақаулы болса, оны қалыпқа келтіріп, инспекциядан өткеннен кейін беріледі.
Енді сізге егжей-тегжейлі айтып береміз, қай жағдайда сіз мемлекеттік нөмірден айырылуыңыз мүмкін:
- Нөмір лас болса. Ластығы соншалық, оқу мүмкін емес болған жағдайда. Нөмір дұрыс орнатылмаса. Мысалы, бұрандалар сандарды, әріптерді және мемлекеттік нышандарды бүлдірсе;
- Егер машинада ақаулар болса. Мәселен, екі жақ айнасы зақымдалған болса не қозғалтқыштан түтін шығып тұрса;
- Көлікке қандай да бір зат заңсыз орнатылса. (Музыкалық дыбысы зор бампер салынса, терезесі қараңғыланса, қосымша жарық қондырылса)
- Техникалық тексеруден өтпесе;
- Аялдама мен тұраққа дұрыс тоқтамаса;
- Автотұрақ ақысын төлемесе;
- Жүргізуші жол апатына кінәлі болса. Көлікпен рұқсатсыз араласқан немесе зардап шеккендерге көмектеспеген жол апатының өзге де қатысушылары жауапқа тартылуы мүмкін;
- Егер жүргізуші апат болған жерден кетіп қалса;
- Автобус жүргізушілері медициналық тексеруден өтпесе. Көлікті алдын ала тексермесе;
- Егер нөмір белгісінің бірі жоқ болса. Эксплуатацияға тыйым салынған болса. Жалған нөмір тағылса.
Полицей көлік нөмірін не себепті шешіп алып жатқанын түсіндіруі тиіс. Айыппұл төлету мақсатында шеше алмайды. Мемлекеттік нөмір көлік иесінің емес, мемлекеттің меншігі саналады.