Қазақстанның білім және ғылым вице-министрі тағайындалды
Бүгін ҚР үкіметінің қаулысымен еліміздің жаңа білім және ғылым вице-министрі болып Фатима Жақыпова Надырқызы тағайындалды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі ҚР премьер-министрінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
2016 жылдан бері ҚР президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясының ректоры қызметін атқарып келген Фатима Жақыпова үкімет қаулысымен Қазақстанның білім және ғылым вице-министрі болып бекітілді.
Фатима Жақыпова1968 жылы дүниеге келген. Ол Алматының тумасы.
Тәуелсіздік алған жылы Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін "Саяси экономика" мамандығын тәмамдайды.
Кейіннен өзі түлеп ұшқан әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетінде түрлі лауазымдарда қызмет атқарды.
2001 жылы Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің проректоры болып тағайындалды. Ал, 2009 жылы сол университетті бітіріп, диплом алды. 2008-2011 жылдар аралығында Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің проректоры болды.
Түрлі жылдары Қазақстанның білім және ғылым министрлігінде директор орынбасары, кафедра меңгерушісі қызметтерін атқарды.
2014 - 2016 жылдары Назарбаев университетінің Жоғары мемлекеттік саясат мектебінің атқарушы директоры болып қызмет етті.
Фатима Жақыпова 2017 "Құрмет" орденін иеленді. Сондай-ақ, ол Жамбыл облысының әкімінен, ҚР Білім және ғылым министрінен құрмет грамоталарын алған.
Және ҚР тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың, Қазақстан халқы Ассамблеясының атынан алғыс хаттар алды. "Құқық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін", "ҚР прокуратурасына 25 жыл", "ҚР дипломатиялық қызметіне 25 жыл" медальдары мен "Үздік мемлекеттік қызметші" ведомстволық марапатының иегері атанды.
Бұдан бөлек, адал еңбегі үшін оған "Қазақстанның білім беру ісінің құрметті қызметкері", "ҚР ғылымын дамытудағы еңбегі үшін", "Мемлекеттік қызметтің үздігі", "Қазақстан Республикасы құқық қорғау әскеріне 25 жыл" төсбелгілері тағылды.
Stan.kz