Шымкентте 10 жасар қыз математикалық есептерді шешетін киіз үй ойлап тапты
10 жасар шымкенттік оқушы шығармашылық жобалардың республикалық байқауында екінші орынды иеленді. 4-сынып оқушысы Сәбина Мырзабаева киіз үй құрылымдары арқылы математикалық есептерді құру және оларды шешу жолын тапты.
Бұл туралы TVK арнасына сілтеп Stan.kz хабарлайды.Жуырда жас ғалымды қалалық білім бөлімінің басшысы Жанат Тәжиева қабылдады.
Сәбина Мырзабаеваның ерекше жобасы “Ертөстік” деп аталады. Бұл атауды төртінші сынып оқушысы халық ертегісінің негізінде алған. Осылайша жеткіншек математика мен әдебиетті тоғыстырудың жолын тапқан. “Есептеуіш-киіз үй” республикалық “Зерде” жас ғалымдар байқауында үздік туындылар қатарынан табылды.
“Киіз үйдің 12 қанаты бар. Оның бір жағы – жаз, ал екінші жағы – қыс мезгілі деп елестетіп көрейікші. Керегенің 30 саңылауы бар. Оны әр айдағы 30 күнге теңестірейік. Егер 12 қанатты 30 саңылауға көбейтсек, жылдың 360 күні шығады. Ал қалған 5 күн – ол біздің киіз үйдің қонақтары. Менің күнтізбемде шаңырақтың белгісі “плюс”, – дейді жас ғалым.
“Бұл жоба математикалық есептерді құрастырып, оларды шешу жолын табуға көмектеседі. Мен бұл жобамен бір жыл жұмыс істедім. “Зерде” байқауына қатысу мүмкіндігі қашан туады екен деп асыға күттім. Сондай-ақ, үздік жұмыстарын ұсынған бақталастарымды атап өткім келеді”, – дейді №65 орта мектеп оқушысы Сәбина Мырзабаева.
Айта кетейік, биыл “Зерде” байқауы он үшінші рет Ақмола облысының Щучинск аймағында ұйымдастырылды. Жас ғалымдар бәйгесіне 18 оңтүстікқазақстандық оқушы қатысты. Олардың 9-ы лауреат атанды. Қалалық білім бөлімінің басшысы жеңімпаздарды қабылдап, оларды жекелей құттықтады.
“Бұл тек үлкен жолдың бастамасы. Әлі көптеген байқауларда бақтарыңды сынап көресіңдер. Мынадай жастарыңда жетістікке жетсеңдер, болашақтарың жарқын болары сөзсіз”, – деді Жанат Тәжиева.
Кездесу соңында балаларға мақтау грамоталары тапсырылды. Жас ғалымдар жобаларын әрі қарай дамытуға және басқа да жобалармен айналысуға уәде берді.
http://stan.kz
Пікір 2