» » КҮРІШТЕН АЛҚА ТАҚҚАН КҮН

КҮРІШТЕН АЛҚА ТАҚҚАН КҮН

1981 жылы аудан мемлекетке күріш тапсыру жөніндегі халық шаруа­шылығы жоспарын артығымен орындап, Отан қоймасына алғаш рет 840 мың центнер күріш құйды.
Осы табысқа арналған 15 қараша күні кент орталығындағы алаңда арнайы митингі болды. Оған облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Тәкей Есетов қатысты. Митингіде мемлекетке күріш тапсыруда аса үздік көрсеткішке жету жолында еңбекшілерді ұйымдастыра білгені үшін Мәдениет совхозының партком хатшысы, аудандық партия комитетінің бюро мүшесі Мәжит Сағидатовты Жалағаш кентінің «Құрметті Азаматы» етіп қабылдап, кеудесіне күріштен алқа тағылған еді.
Сонымен, 1981 жылдың 15 қара­шасы күріштен алқа таққан күн болып есімізде сақталып қалыпты.
Ендігі әңгіме күріштен алқа таққан азамат жайлы болмақ.
Оны сыйлайтын адамдар өте көп еді. Көп жағдайда азаматқа деген құрмет істеген қызметіне, атқарған лауазымына қарай жасалатындығы жалған емес. Ал, біздің әңгіме еткелі отырған азаматымыз аса ірі қызмет атқармаса да елінің, өзі еңбек еткен ортасының нағыз құрметтісі болды.
Орта мектепті бітірген ол 17 жасында аудандық партия комитетінің бірінші хатшысының алдында отыратын қабылдау бөлмесіндегі хатшылық жұмысқа қабылданады. Яғни, қазіргі тілмен айтқанда көмекші хатшы деген сөз. Бұл Ұлы Отан соғысының жеңіспен аяқталған жылы еді.
Бұл қызмет оның бүкіл еңбек жолындағы алғашқы өмір мектебі болды. Аталған мектептен ол еңбек еткен үш жылда келешегіне азық болатын, мәнді де, маңызды өмірлік тәжірибе жинақтады. Жақсы мен жаманның арақашықтығын көре білді, іскер басшымен осал басшылардың айырмашылығын көріп өсті. Өзінің сая­­­си сауатын көтерді. Бір сөзбен айтқанда, аты жоқ институтта оқып жүр­гендей болды.
Сол кезең жайлы әңгіме еткенде «Нендей сиқырлығымен тартқанын білмеймін, бәрінде туыстай тұтып, жақын көріп кеттім. Олар да мені жассынбай бір аяулысындай-ақ, сый-құрметке бөлейтін» – еді деп айтқаны бар-ды. Соның дәлелі оны сол қыз­метте жүргенде партия қатарына қабылдапты. Бұл дегенің ол кез үшін үлкен сенім, үлкен мәртебе, келешек қызмет бабында өсуіңе жолың ашық деген сөз еді.
Шын мәнісінде, одан кейін ол қыз­мет бабында өсу баспалдығына түсіп, 1947-1973 жылдар ішінде ау­дан­дық партия комитетінде нұс­қаушы, Алматы Жоғары партия мек­­тебінің тыңдаушысы, Жалағаш қой совхозының партком хатшысы, аудан­дық партия комитетінің жалпы бөлім меңгерушісі болып жұмыс жасады.
Бәрі де кешегідей көз алдымда. Ойлап отырсам уақыт деген нет­кен жүйрік, содан бері де қырық бес жылдан астам уақыт өтіпті. Бұл 1974 жылдың қаңтар айы болатын. Жуырда аудандық партия комитетінің кезекті пленумы өтуі керек. Күн тәртібіндегі мәселе «Кадрларды іріктеу, тәрбиелеу және орналастыру жөніндегі аудан партия ұйымының міндеттері туралы» болатын. Өзімнің ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі болып қызмет жасап жатқаныма онша көп уақыт бола қоймаған. Ауданды толық біліп болмаған кезім. Оның үстіне кадрларын да жетік біле бермеймін. Бірақ, пленумға арнап баяндама жазып, бірінші хатшыға беруім керек. Жақында келгенің баяндама жазбау үшін дәлел емес. Сосын бөлімге қарайтын бес нұсқаушыны шақырып алып қайсыңыз баяндама жазасыз демеймін бе. Ешқайсысының баяндама жазуға құлқы жоқ. Бәрі де үндемейді. Байқаймын бұрын баяндама жазбағанға ұқсайды. Ол кезде менің кабинетім мен жалпы бөлімнің кабинеті екінші қабатта орналасқан еді. Содан соң бөлім меңгерушісі Мәкеңе, Мәжит Сағидатовқа барып, мән-жайды толық айтып бердім. Содан ол:

– Шәке, саспа. Баяндаманы мен жазамын – деді
– Сонда қалай? – дегенімде.
– Қалайы жоқ, жұмыстан кейін кең­седе екеуміз қаламыз. – Мен айтып оты­­рам, сен жазып отырасың – дегені,
– Ау, фактілерді қайдан аламыз,- десем.
– Менің басымның іші толған факті – деді.
Сонымен, ол айтып отырды, мен диктант жазғандай жазып отырдым. Сөйтіп, төрт күнде Сол кездің машинкасымен басқандағы 45 беттік пленум баяндамасы дайын болған еді. Баяндаманың сөзі мықты, фактілері өткір болды. Пленумға қатысушылар баяндамаға жақсы баға берді.
Жалпы, Мәкең бюро мәжілісінің қаулыларын машинисткалар отыратын бөлмеге кіріп алып, екі қолын артына ұстап, бөлме ішінде теңселіп жүріп, диктовка жасап жаздыратын. Оның жаздырған қаулыларынан қылау табылмайтын. Сонда біздер:
– Бұл жазуды қайдан үйрендіңіз, –дегенімізде
– Мен жастайымнан райкомның пешіне түсіп шыққанмын ғой, – дейтін.
Райкомның пешіне түсіп шыққандар көп қой. Бірақ, Мәкеңдей болып шық­қандары жоқ қой дейтінбіз. Шын мәнісінде де солай еді. Мәкең тумысынан іскер, талантты азамат болатын.
...1975 жылы Мәдениет совхозының партком хатшысы Өтеп Сәрсенбаев мамандығына байланысты басқа қыз­метке ауысты. Ол қызметке барғысы келгендер өте көп еді.
Біреулер енді біреулер арқылы басшыларға өтініш айтып, жеңіл жол тауып барғысы келді. Қайсы біреулер реті менікі ғой деген ойда болды.
Ал, аудандық партия комитеті болса, оның бірінші хатшысы Қонысбек Қазантаев бұл жұмысқа жеңіл-желпі қарауға жол бермеді. Себеп, Мәдениет совхозы күріш өндіруден аудандағы ғана көш бас­тау­­шы шаруашылық емес, облыстағы қала берді, республикаға танымал қысқа мерзім ішінде күріш өсіруден үш бірдей мемлекеттік сыйлықтың лау­­реаты шыққан, сов­хоздың директоры Социалистік Еңбек Ері атағына ие болған айтулы шаруашылық болатын. Сондықтан да, совхоз партия комитетінің хатшы­лығына ұсыны­латын адамға қатаң талап қойылды.
1975 жылдың күріш жинау, оны мемлекетке тапсыру жұмысы ауданда ұйымшылдықпен аяқталып, қабылданған Социалистік міндеттеме артығымен орындалып, аудан КППС Орталық Комитетінің, СССР Министр­лер Кеңесінің, ВЦСПС пен ВЛКСМ Орталық Комитетінің ауыспалы Қызыл Туын жеңіп алды. Осындай еңбек тойының жалғасып жатқан желтоқсан айының бірінші апталығында аудандық партия комитетінің бюро мәжілісі болды.
Бюро мәжілісін басқарып отырған аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Қонысбек Қазантаев күн тәртібіндегі мәселені айта отырып, сов­хоз директоры, Социалистік Еңбек Ері Ұзақ Еспановтың аудандық партия комитетінің жалпы бөлім меңгерушісі Мәжит Сағидатовты совхоз партия комитетінің хатшылығына жіберуді сұрап келіп отырғандығын хабарлады. Мәжіліс жүріп жатқан зал іші тым-тырыс бола қалды. Бұл өзі ешкімнің ойына келмеген жағдай еді. Бюро мү­ше­ле­рі бір-біріне қарасты.
– Кімде, қандай ұсыныс бар, – деді хатшы.
Бірінші болып сөз алған аудандық партия комитетінің екінші хатшысы Сейілбек Шаухаманов болды.
– Ұзекең, кандидатураны дәл тауып­ты, орынды ұсыныс жасапты, қолдаймын, – деді ол. Қалған бюро мүшелері де бұл ұсынысқа толықтай қосылды.
Сонымен, 1975 жылдың 15 желтоқ­санында Мәжит Сағидатовты Мәде­ниет совхозының коммунистері бір ауыздан партком хатшысы етіп сайлады.
Мәдениет совхозының партия­ ұйымы аудандағы есебінде 132 ком­мунисі бар ең ірі ұйым болатын. Ол осы партия ұйымын үзбестен 13 жыл басқарды. Соның дәлелі, 1982 жылы «Қазақстан» баспасынан «Түпкі жоғары нәтиже үшін» деген атпен партия ұйымының озат тәжірибесі арнайы республиканың партия ұйымының хат­шы­лығына арналған көмек ретінде өз алдына кітап болып, 3500 дана данамен басылып шығарылған-ды.
Ол халықпен байланысын, ком­мунис­тердің белсенділігін арттырды. Совхоздағы істің жай-күйі үнемі назарда болды. Партия комитетінің мәжілістері мен партия жиналыстарында қабылданған қаулылардың орындалуына бақылау жасаудың арнайы корточкалары, саяси оқу мен малшылар күнін өткізуді есепке алатын, механизаторлар кадрларын даярлаудың барысын, орта мектепті бітіргендердің қайда жүргенін, олардың немен айналысатынын көрсететін, сов­хоз директорынан бастап барлық буындағы ма­мандар мен кадрлардың жеке жос­пар­ының орындалуын қада­ғалайтын, коммунистердің алған тапсырмаларын, басқа да жұмыстарға бай­ланысты арнайы бақылау журналдары ашылды. Осының арқа­сында ком­мунистердің партиялық тапсыр­маға деген жауап­кершілігі арта түсті. Бұ­лар­­дың бәрі де партиялық жұмыстың ша­руашылық істермен ұштасуына жағ­дай жасады.
Партия комитетінің басшылығымен нақтылы көмегіңе сүйене отырып, бас­тауыш ұйымдар мен партия топтары жұмысшылардың мәдени-тұрмыстық жағ­дайларын жақсарту жөніндегі қамқорлықты өзінің бұқара арасында жүргізетін саяси жұмысының бөлінбейтін бір бөлігі деп қарады. Өйткені, халық арасындағы саяси- бұқаралық жұмыс – партия комитетінің маңызды жұмысының бірі. Коммунис­терден қоғамдық тапсырма үшін жеке жауапкершілікті талап ету, жоғары партия ұйымдарының шешімдері мен партия комитетінің өз қаулыларының орындалуына қатаң бақылау жасау алға қойылған міндеттер мен мақсаттардың сапалы орындалуына жеткізді. Сонымен қатар, совхоз партия комитетінің жанындағы 2 үгіт пункті, сая­­­си ағарту кабинеті, «Білім» қоғамының 2 бөлімшесінің қамтуындағы 11 саяси хабаршы, 10 лектор, 11 баяндамашы, 12 насихатшы, 39 үгітші және «Білім» қоғамның 50-ге тарта мүшелері еңбекшілер арасында саяси-тәрбие жұмыстарын үздіксіз жүргізді.
Соның нәтижесінде совхоз партия комитеті коллективті жаңа табыстарға қол жеткізуге ұйымдастыра білді. Кадр­ларды таңдау, іріктеу, тәрбиелеу, оларды өндірістің шешуші орындарына жұмысқа қою сияқты мәселені назардан бір сәт тыс қалдырмады. Әсіресе, жарыс озаттарына деген қамқорлықты үнемі қолдап отырды. Социалистік жарысқа айрықша назар аударып, оның пәрменділігін арттыруға күш салды. Соның арқасында жыл сайын­ алдыңғы буындағы жарыс озаттарына жаңа жас толқын лек-легімен қосылды. Совхоз коллективі оныншы, онбірінші бесжылдықтың Халық шаруашылық жоспарларын барлық салалар бойынша артығымен іске асырды. Бұл жұмыстардың нәтижелі табысты аяқталуы партия ұйымының ұйымдастырушылық қызметінің арқа­сын­да болғандығын бүгінде біреу біл­се, біреу білмейді.
Мәселен, 1981 жылы 3000 гектар күріштік жердің әр гектарынан 50.1 центнерден өнім жиналды, мемлекетке 140000 центнер күріш сатылды. Сөйтіп, жоспар 112.7 процентке орындалды. Мұнан басқа 2950 центнер бау-бақша өнімдері, 5700 центнерден астам сүт сатылды.
Совхоз коллективінің еңбектегі қол жеткен табыстары елеусіз қалған жоқ. Он бірінші бесжылдықтың қоры­тын­дысы бойынша 4 адам «Ленин», 3 адам «Октябрь ревалюция­­­сы», 30 адам «Еңбек Қызыл Ту», 21 адам «Құрмет белгісі», 11 адам 3 дәрежелі «Еңбек Даңқы» орденімен және 68 адам СССР медальдарымен наградталды.
Осылардың ішінде совхоз партия комитетінің хатшысы Мәжит Сағидатов, «Еңбек Қызыл Ту» орде­ні­нің иегері атанды.
Мәкеңнің қызметте абырой биігіне көтерілуіне жұбайы Үмітжанның да қосқан үлесі айтарлықтай болды десек, қателесе қоймаймыз.
Үмітжан Ізтілеуова өз кезегінде сау­да саласында жауапты қызмет атқара жүріп, ұзақ жыл қоғамдық негізде Мәдениет жұмысшылар кооперациясы бастауыш партия ұйымының хатшысы болып жұмыс жасады. Ерлі-зайыпты оларды замандастары кезінде «Партия­ның қос қайраткері» деп атады. Шын мәнісінде олар сол атаққа лайықты еді.
Олардың достары да, сыйластары да көп болатын. Олар бір-біріне сүйеу бола білді. Олардың қонақ жайлылығы басқаларға өнеге ретінде айтылатын.
Олардың отбасы өздерінің жара­сымдылығы мен балаларына тәр­бие берудегі өнегелерімен ел­дің­ қадір­лей­­тін, үлгі тұтатын айтулы­ шаңырақ иелері атанды. Олардың өмір­ге кел­тір­ген алты баласының алтауы да үз­дік оқып, мектеп мақтанышына айналды. Ержетіп қалаған оқу орындарына тү­сіп, бәрі де жоғары білім алды. Бұл күнде әр жұмыстың алуан саласын өздері басқарып, әрқайсысы бір қауым жұртты бастап жүр.

Шыңғыс Айбосынов,
Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі.
14 сәуір 2019 ж. 665 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 726

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031