21 мың теңге: пайдасын кім көреді, зардабын кім тартады?
Осы айдан бастап қоғамда қызу талқыға түскен атаулы әлеуметтік көмектің жаңа түрі тағайындала бастады. Енді отбасының айлық табысы бір адамға шаққанда 20789 теңгеден аспаса, әрбір балаға дәл осы сомада жәрдемақы берілетін болған. Алайда, кейбір аналар осындай қолдауға қол жеткізе алмай, жәрдемақы шартына түсінбей жүрген сыңайлы.
Негізі, мұндай көмек тұрмысы төмен барлық отбасыларға берілуі шарт. Тапсырма да солай. Атаулы әлеуметтік көмектің жаңа түрін аз қамтылған көпбалалы және жағдайы төмен отбасылар алуы қажет. Ал, жағдайы төмен отбасының қатарына бір баланы бағып отырған жалғыз басты ана да, екі баласы бар, бірақ, жұмыс таппай жүрген ата-аналар да кіреді. Сол себепті, олар да 21 мың теңгелік жәрдемақы алуға құқылы.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаевтың айтуынша, мамандар өтініште көрсетілген барлық мәліметтерді электронды базамен салыстырады. Ал, қандай да бір құжат жетпей жатса, халықты ары-бері шапқылатпайды. Өтінішті сәуір айының кез келген жұмыс күнінде беруге болады. Сондықтан, көпбалалы аналар осы жәрдемақыға қол жеткізу үшін қажетті құжаттарды дайындап, мамандарға өткізіп жатыр. Отбасындағы табысты есептегенде көпбалалы отбасының бұған дейінгі мемлекеттік жәрдемақысы, «Күміс алқа» мен «Алтын алқа»-ның төлемақысы, мүгедек балалардың жәрдемақысы мен стипендиялары есепке алынбайды. Алайда, қосалқы шаруашылық пен зейнетақы кірістің көзі болып есептеледі екен.
Осыған қатысты әлеуметтік желіде түрлі пікірлер айтылуда. Тіпті, бұған дейін желі қолданушылары көптеген отбасы жәрдемақы алу үшін ата-анасын тастап, бөлек тұрып жатқанын да жазды. Олардың пікірінше, егер көпбалалы отбасы зейнетақы алатын ата-аналарымен бірге тұрса және олардың қорасында малдары болса, аталған жәрдемақыға қол жеткізу қиын. Өйткені, шарт бойынша зейнетақы табыс көзі ретінде есепке алынады.
– Бір үйде зейнеткерлермен бірге тұрса неге жәрдемақы берілмейді? Зейнеткерлер өз ақшаларын өздеріне жұмсауы тиіс қой. Біздің қариялар шетелдік кәрі адамдар сынды әлем араламайды. Өйткені, оған зейнетақы жетпейді. Көпбалалы отбасылар үлкендермен бірге тұрып, сол кісілерге қамқор болып отыр. Менің естуімше, көптеген отбасылар кәрі ата-анасын жалғыз қалдырып, жәрдемақы алу үшін бөлек шығуда. Жалпы, заң бойынша жәрдемақы тағайындауда не деп жазылған? Кім біледі? Мен мұндай жарылқауды түсіне алмадым, – деп жазған "Qamshy.kz" ақпарат агенттігі Жанар Байсемізованың Instagram парақшасына сілтеме жасап. Желі қолданушысының бұл пікірін басқа да сайттар жарыса жариялап, жұртшылық жәрдемақыға қатысты өз ойларын әлеуметтік желіде білдіріп жатты.
Негізі, зейнетақы – бұл ардагерлердің ұзақ жылғы еңбектерінің өтеуі. Бейнеттің зейнетін көрер шағында қарттардың зейнетақысын табыс көзі ретінде қараған жәрдемақының бұл шарты талай жанның сағын сындырып, баланы өз несібесінен қағып отырған жоқ па? Осы сауал көптің көкейінде жүргені анық. Әлгі сайттарда жарияланған түрлі пікірлердің түйіні де осыған саяды.
Сонда 21 мың теңгенің пайдасын кім көреді, зардабын кім тартады?
Н.ҚАЗБЕКОВ.