"Анам, әкем үшеумізді ұрып-соқты": Елордада бойжеткенді көлікпен сүйреп, мүгедек еткен әскери қызметкер әлі жазаланған жоқ
Жарты жыл бұрын елорданың қақ ортасында ішімдікке сылқия тойып алған әскери қызметкер тұтас бір отбасыны ұрып-соғып, көлігін айдап әкетпекші болған еді. Бұл сұмдықты көрген тұрғындар бейжай қарамай оқиға орнынан қашуға тырысқан тәртіп бұзушыны жабылып жүріп ұстап алған. Міне содан бері алты ай бойы сот процесі жалғасуда.
Зардап шегуші тарап "құқығымызды қорғайды деген қызметкерлер керісінше күдіктінің сойылын соғып әлек" деген шағымын жеткізді. Бұл туралы Еуразиябірінші арнасына сілтеп Stan.kz хабарлайды.
Күдікті көшенің ортасына дейін қызды көлікпен сүйреп, қарсы бетте келе жатқан газельдің астына түсіре жаздады. Бір өлімнен аман қалған Диананың өкпесі қара қазандай. Екі аяғы қатар сынғандықтан енді өмір бақи біреуін сылтып басатын болады. «Мүгедек болып қалдым» дейді. Оның айтуынша, тергеушілер де, прокурор да сот процесі басталғанға дейін куәгерлерді жарытып іздемеген. Дәлелдерді де талапқа сай жинамапты. Барлығын өздері апарып өткізген. Абырой болғанда бейнебақылау камерасындағы видеоның көшірмесін алып үлгеріпті. Себебі ол дәлел ертеңінде-ақ түсініксіз жағдайда жоғалып кеткен. Бұл аздай прокурор енді күдіктіге тағылар айыптың бабын өзгертіпті.
"Жаңа айыптау актісінде "қарақшылық" бабы "көлiк құралын жымқыру мақсатынсыз айдап әкету" бабына өзгертілген. Прокурор жаңа айыптау актісінде күдікті өзінің арам ойын іске асыру үшін мені және әкемді ұрғанын және анамның бетінен соғып, ауыр жарақаттағанын растаған. Міне, бәрі анық бола тұрып неліктен бапты өзгертіп тастады? Бұлай жалғаса берсе, сот та прокурордың айтқаны бойынша шешім қабылдап жібере ме деп қорқамыз", - деді Диана.
Іс әскери сотта қаралып жатыр. Елордадағы әскери бөлімде қызмет атқаратын капитан шеніндегі күдікті осылайша отан қорғаудың орнына елдің мүлкін күшпен тартып алмақ болған. Көліктің сау жері қалмапты. Тәуелсіз сарапшылар келтірілген материалдық шығынның көлемі 15-20 миллион теңге екенін тексеріп дәлелдесе, тергеу тағайындаған маман техниканың тек сыртынан қарап ешбір фактісіз 3 миллион теңгенің көлемінде залал келді деп жазып берді дейді зардап шегушілер. Олар істің мән жайын анықтамақ болғанымен бәрі бекер екенін түсінген.
"Адвокатпен сөйлестік. Заңда анық жазылып тұр. Егер зардап шеккен тарап жаңа айыптаумен келіспейтін болса, тергеліп жатқан бапты өзгертуге болмайды деп жазылған. Осыны түсінбеймін! Прокурор өзін заңнан биікпін деп есептей ме?", - зардап шегуші.
Құзырлы орган өкілдері отбасыны дереу шақырып алып «БАҚ өкілдерімен сөйлеспеңдер, барлығын заң жүзінде қараймыз» депті. Бірақ үміттен күдік басым бола бастаған соң олар БАҚ-ты қайта көмекке шақырды. Диананың аяғын көлік мыжып өткеннен кейінгі фотоларға бейжай қарау мүмкін емес. Денең түршігеді. Ең сорақысы, тергеушілер оны абайсызда жарақат алып қалды деген шешім қабылдап сәйкестікке балаған.
"Күдікті мен оның әйелі біздің өзімізді кінәләй бастағанында жағамызды ұстадық. Олардың пікірінше мен өз аяғымды өзім сындырыппын. Ал анам қасақхана басын бір жерге соғып, жағын сындырып, миын шайқапты. Масқара ғой! Бәрі видеода тұр. Куәгерлер бар. Бірақ кінәсін мойындамай отыр", - дейді Диана.
Сот залында естіген тағы бір ақпарат бұл кісілердің шыдамын әбден тауысқан. Зардап шеккендердің айтуынша, жаңағы әскери қызметкер тергеу изоляторына қамалса да, оған әлі күнге жалақы түсіп отыр екен. Судья алдында жауап берген күдіктінің жұбайы мұны растапты. Отбасының бір мүшесін мүгедек қылып, екіншісінің жағын сындырған қаскөйге жасалып отырған не деген қамқорлық деп шамдануда. Біз бұл ақпараттарды негізге алып тиісті органдарға сауал жолдадық. Әзірге жауап жоқ. Отағасы келтірген барлық дәлелдері құр сөз емес, әрқайсысы құжатпен дәлелденген. Енді күдікті лайықты жазасын алмаса сот жүйесінен көңілі қалатынын айтады.
"Соттың адал өтуін талап етемін. Өткен жылғы оқиғада қылмыскер бүкіл отбасымызды қырып кете жаздады. Қыздың екі аяғын бірдей сындырды. Әйелімнің жағын сындырды, менің қолымды сындырып кетті. Осындай сұмдық оқиғадан кейін қалай оның жазасын жеңілдетуге болады?", - дейді зардап шегуші Ошақбай.
Соттың шешім шығаруына санаулы күндер қалды. Зардап шеккендердің айтуына қарағанда олардың құқығын қорғау керек тарап керісінше күдіктінің жағдайын ойлап әлек. Дегенмен олар судьяның әділ шешім шығаратынына соңына дейін сенеміз дейді.