Денесіне пышақ тығып, ыстық пештің үстіне шығарған: Түркістан облысында өгей ана қыздарына жантүршігерлік әрекеттер жасаған
Түркістан облысының Жетісай қаласында бір үйдің үш қызы өгей анасынан қорлық көріп келген. Өгей анасы олардың тілін кемпірауызбен қысып, аяғына пышақ тыққан. Бұл туралы қоғам белсендісі Эльмира Ешниязова Stan.kz ақпарат агенттігінің тілшісіне берген сұхбатында айтып берді.
Бұған дейін Эльмира Ешниязова сұмдық жайт туралы Instagram желісінде жариялаған. Оған оқиғаның мән жайын қыздардың туысы айтып берген екен. Айтуынша, 3 жасөспірім қыздың анасы жоқ. Ал әкесі екінші рет үйленген екен.
«Жұлдыз өгей балалардың тілдерін кемпірауызбен қысып, аяқтарына пышақ тығып қорлайды екен. Қыздардың денесінің сау-тамтығы жоқ. Әкелері таңертеңнен кешке дейін жұмыста. Ол жұмыстан келген кезде тамағына ұйықтататын дәрі қосып беріп, ұйықтатып тастайды екен. Қыздарды ваннаға суық су құйып жатқызып қояды екен», - деп жазды Ешниязова.
Ал қыздардың туысы жергілікті полицияның өгей анаға жақтасқанын айтыпты.
Біздің ақпарат агенттігіне сұхбат берген Эльмира Ешниязова бүгінгі таңда қыздардың ауруханада жатқанын айтты. Қыздардың денесіндегі жара жазылып келе жатқандықтан, уақыт өткен соң қатыгез әйелдің әрекетін дәлелдей алмай қаламыз ба деп қорқып отыр. Ал бүгінде екінші сәбиіне жүкті әйел өзіне ештеңе істей алмайтындарын айтады, дейді ол.
«Ол әйел қыздардың әкесіне тұрмысқа шығар алдында балаларының бар екенін білген. Бір ұлын дүниеге әкелгеннен кейін осындай әрекеттерді бастаған. Қыздардың қорқып қалғаны сонша, өздеріне не болғанын мойындатқыза алмадық. Істемеген қорлығы жоқ, картоп, пияздың қабығын тазалатып, өздеріне жегізген, қасықтап гель ішкізген, ыстық пештің үстіне шығарып қойып, табанын күйдірген. Жасаған әрекеттері сұмдық», - деген екен Ешниязоваға жанайқайын жеткізген қыздардың туысы.
Ендігі қыздардың туыстары өгей ананың жазасын алғанын қалап отыр.
Бұл жағдайға қатысты пікір білдірген Білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметі оқиғаны растады. Бүгінде оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалыпты.
«Түркістан облысында ауыл мектебінің мұғалімдері оқушылардың денелерінде ісіктер мен ұрып-соғудың іздерін байқап, полиция қызметкерлерін шақырған. Кейін АІІБ-і тарапынан қылмыстық іс қозғалған. Балаларды жәбірлеген әйел бірден полицияға жеткізілді. Өгей анасы балаларын ұрып-соққан, денелерінде пышақ іздері бар. Аталған іс Ішкі істер министрлігі, Бас прокуратура, Білім және ғылым министрлігі тарапынан бақылауға алынып отыр. Аталмыш факті бойынша тексеру жұмыстары жүргізілуде», - дейді министрліктің баспасөз қызметіндегілер.
Сондай-ақ, білім және ғылым министрі Күләш Шәмшидинованың тапсырмасымен Түркістан облысына министрдің кеңесшісі жедел түрде бағытталды.
Түркістан облыстық білім басқармасының ақпаратына сәйкес, соққыға жығылған оқушы үйіне жіберілмей, туған апасына жеткізілген. Қазіргі таңда ол толық қауіпсіздікте.
«Бүгінгі таңда 140-баптың 2-тармағына (Кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу жөнiндегi мiндеттердi ата-анасының немесе өзiне осы мiндеттер жүктелген өзге адамның кәмелетке толмаған балаға қатыгездік танытуымен ұласқан орындамауы немесе тиісінше орындамауы) сәйкес қылмыстық іс қозғалып, іс сотқа жіберілген. Сонымен қатар қамауға алу түріндегі жазаны орындау бойынша шара қолданылғаны белгілі болды. Ата-ана құқығынан тек өгей анасын ғана емес, сондай-ақ, әкесін де айыру жөніндегі сұрақ қарастырылуда», - дейді министрліктің баспасөз қызметіндегілер.