ШЫМКЕНТ: Дәрігерлер 6 айлық болып туылған нәрестеге өмір сыйлады
Нәрестенің салмағы 800 грамм ғана болған.
Шымкент қаласында ақ халаттылар 6 айлық болып шала туылған шарананы аман алып қалды, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.
Мерзімінен бұрын дүниеге келген нәрестенің салмағы 800 грамм ғана болған. Жарық дүние есігін мерзімінен ерте ашқан қыз баланың анасы Дилфуза Артықбаева бірінші ақпан күні Шымкент қалалық перинаталдық орталыққа ауыр халде жеткізілген. Жүкті келіншектің кенеттен жағдайы нашарлап, бірден реанимацияға түскен. Дәрігерлер ана мен баланы аман алып қалу үшін жүкті әйелге шұғыл түрде кесарь тілігін жасаған. Нәтижесінде ішіндегі алты айлық баласын аман алып қалды.
800 грамм болып туылған шақалақты дәрігерлер бірден жан сақтау бөліміне жатқызған. Барлық ағзасы жетілмей туылып, тыныс алуында қиындықтар болғандықтан, жасанды тыныс алу аппаратына қосылған.
Екі ай бойы 800 грамм салмақпен туылған қыз балаға қалалық перинаталдық орталықтың дәрігерлері ем-дом жасап, медициналық көмек көрсетті. Екі айдың ішінде сәби 1820 грамм салмақ жинап, жағдайы жақсарған. Нәресте өздігінен дем ала алатын халге жетіп, аппараттан алынып анасының қасына палатаға шығарылған. Қазір ана мен баланың жағдайы жақсарып, перзентханадан үйіне шығарылды.
ERNUR.KZ