» » Ұстаз ұлағаты бәрінен жоғары тұруы тиіс

Ұстаз ұлағаты бәрінен жоғары тұруы тиіс

“Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс”.
Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ,
Қазақстанның Тұңғыш Президенті.

Кім-кімге де өзіне қадірлі болған жан жайлы естелік жазу оңай емес. Өйткені, ол адам өзіңнің жақының немесе өзіңмен бірге қатар-құрбыларыңа да дәріс берген ұстазың болуы мүмкін. Оның өмірдерегі мен қызметтегі жетістіктерін қалдырмай тізбелеп жазып шығу оңай болар. Олай етсек әркімнің өзіне өте қадірлі болған жанның бойындағы адами қасиеттері мен кейінгі буын жастарға үлгі боларлық істері жайлы айтылмай қалуы да ғажап емес. Дегенмен, бүгін шама-шарқыма қарай өзіме және мен оқыған мектепті бітірген көптеген шәкірттерге дәріс беріп, біздерді өз бауырындай жақсы көрген қадірлі жан жайлы айтпақпын.
Біздерге мектепте тарих пәнінен дәріс берген сүйікті ұстазымыз Ілиясова Макуда апайым жө­нін­де жазуға бұрында қолыма қалам алып, талай рет оқталғаным бар. Кеше ғана сияқты көрінгенімен сол аяулы ұстазымыздың өмірден өткеніне де биылғы мамыр айында қырық жыл толады екен. Қанша жыл өтсе де жарқын бейнесі әлі күнге есімізден бір сәт шықпаған ұстазымыз Макуда Ілиясқызы жайлы естелік айтудың сәті енді келген сияқты. Десе де көпшілік оқырманға түсінікті болу үшін ұстазымыздың өмірдерегі мен ол шыққан орта жайлы айтып өтсек.
Макуда Ілиясова 1940 жылы 1 мамыр ауылдық кеңесіндегі «Қызыл жұлдыз» колхозында (Мәдениет ауылы) өмірге келген. 1957 жылы Мақпалкөл орта мектебін бітіргеннен кейін Қазалыдағы ауыл ­­ша­руа­шылық техникумының «бухалтерлік есеп» бөлімінде оқып, бухгалтер мамандығын алған. 1959-1960 жылдары Жамбыл атындағы колхозда (Мәдениет) бухгалтер болып еңбек еткен.
Орта мектепті жақсы бітіріп, ел-жер тарихын білуге құмар Макуда апайымыз өнер мен әдебиетке де өте жақын болған. «Өзінің көңіл-күйі мен өмірдің кейбір сәттерін өлеңмен өрнектейтін талант иесі де еді» –дейді оны жас шағынан бері жақсы білгендер. Қандай бір ата-ана болмасын өз ұрпағына берер тәрбиесі мен көрсетер үлгі-өнегесін өз бойынан алары сөзсіз шындық қой. Макуда апайдың әкесі Кенжетайұлы Ілияс ақсақал да көне тарих пен аңыз-әфсаналарға, ел мен жерге және осы өлкеден шыққан тау тұлғалы адамдарға байланысты әңгімелерге көкірегі тола шежіре қарт адам болған. Ал, анасы Жарылқапқызы Қаным ана Сыр сүлейлерінің көрнекті өкілі Шораяқтың Омарының аталас туысының ұрпағы дейді. Осындай ортадан жақсы рухани тәрбие алған ұстазымыз колхоз кеңсесінде шот қағып, есеп-қисаппен бас қатырып отыруды онша-мұнша қалай бермейді. Сөйтіп ол ауыл мектебіне аға пионер вожатыйы болып жұмысқа орналасып, мектеп пен ауылдың клубында өтетін мәдени-танымдық шаралардың басы-қасында жү­ре­ді. Ауылдағы ат төбеліндей белсенді жастардың арасынан ол «бар болғаны» жиырма үш жасында партия мүшелігіне қабылданған. Біз бұл жерде «бар болғаны» деп оның жасын айрықша атап өтуіміздің де өзінше мәні болғандықтан еді. Ол кездерде ауылдық жерлерде өте айрықша көзге түскендер болмаса жас­тар арасынан тек қана малшы, сауыншы не болмаса егінші механизатор мамандығымен еңбек ететін комсомол жастар ғана партия мүшелігіне қабылданатын.
Ата-анасының рухани тәрбиесімен келген тарих пен мәдениетке, өнер мен әдебиетке құмарлық жас маман Макуда апайымызды Қызылорда педа­го­гикалық институтының тарих факультетіне оқуға жетелеп келеді. Аталған институтты ойдағыдай бітірген ол қаладағы Ы.Алтынсарин атындағы орта мектепте және қазіргі Мырзабай ахун атындағы ауылдың «Қызыл дихан» орталау мектебінде тарих пәнінің оқытушысы болған. 1970 жылдан бастап, өмірінің соңына дейін Мәдениет ауылындағы 1 мамыр орта мектебінде (қазіргі І.Қабылов атындағы мектеп-лицей)тарих пәнінен шәкірттерге дәріс беріп, білім беру ісінде үздіктер қатарында еңбек етті.
...Сол жылдары бастауыш сыныпты бітіріп, тарих пәні оқулығынан алғаш тәлім ала бастаған біздің сыныбымызға бұл пәннен дәріс берген алғашқы ұстазымыз осы Макуда апайымыз еді. Ол кісі бесінші сыныпта оқитын біздерді ешқашан тегімізбен атамайтын. Сынып журналынан оқушылар түгендегенде де, басқа кездерде де өз есімдерімізбен атап шақыратын-ды. Қаншама тәрбие орны дегенімізбен кеңестік сірескен ресмиліктің салқыны мектептерде де болғанын біздердің замандастарымыз жақсы біледі. Ал, біздің сүйікті апайымыздың әрқайсысымызды өз атымызбен, тіпті, кейбіреулеріміздің атымыздың соңына «жан» деген сөзді қосып еркелете атау оның үйреншікті дағдысы еді. Өзіңнің туған аға-апайыңдай ерекше жақын тартып тұрған адамды кім жек көрсін? Оның үстіне ол адам өзің оқитын мектеп емес, бүкіл ауылға белгілі, құрметті апайымыз болса қандай оқушы оны шын ниетімен жақсы көрмесін? Жасымыз алпысқа келгенде де әлі күнге дейін өзімді «Болатжан» деген аға-апаларымызды жақсы көріп тұратынымды жасырмаймын.
Ұстазымыз Макуда апай мейлі үздік оқушы болсын, мейлі ол орташа оқитын оқушы болса да барлығымызға бірдей құрметпен қарайтын. Данышпан Мұхтар Әуезовтің: «Мұғалімнің ұдайы жақсы оқитын балаларға ғана сүйсініп, ылғи соларды ғана оқытуы дұрыс емес» – дегенін осы Макуда апайымыз сол кездерде басты мақсаты етіп алған шығар деп ойлаймын. Кім білсін, өте ізденімпаз, шәкірттеріне шексіз мейірімін төгіп жүретін апайымыздың да ғұлама жазушының бұл сөзін бір жерден оқып, оны үлгі етіп алмауы мүмкін емес қой.
Макуда Ілиясқызы біздерге тарих пәні оқытыла бастайтын сол бесінші сыныптан бастап, мектеп бітіргенімізше осы пәннен дәріс берді. Менің және менің сыныптастарымның бойында бұл пәнге деген құрмет пен ел мен жер тарихынан бүгінде есімізде қалған аз да болса білетіндеріміз біздің аяу­лы ұстазымыз Макуда апайымыздың еңбегі деп айта аламыз. Ұстазымыздың ерекше бір қасиеті ол сыныпқа кірген бойда бірден жаңа тақырыпты түсіндіріп, сосын барып сыныпты түгендеп алып, өткен тақырыпты сұрауға көшетін-ді. Апайымызға біз де еркіндеуміз, бірақ, шектен шығатын ешкім болмайтын. Біздер өткен тақырыпқа жақсы даярланып келген кезімізде апайымызға еркінсіп, қол көтеріп бірден тапсырма айтуға оқталғанымызда: «Мен сендердің дайындалып келгендеріңді білемін. Әуелі сендерге жаңа тақырыпты жақсылап түсіндіру менің бас­ты міндетім. Сондықтан, соңынан үлгіргенімізше бұрынғы тақырыпты сұрайтын боламын» – дейтін еді жарықтық. Әрине, өткен тақырыптарды сұралудан ешкім де шет қалмайтын. Апай апта соңындағы бір сабағын өткен тапсырмаларын сұрауға арнаушы еді.Сосын арасында өзіміздің өңір мен ауылымыздың тарихынан да сыр шертеуді ұмытпайтын. Ол кездер қалың дәптердің (общая тетрадь) өте қат уақыты.Апай біздерге мүмкіндігінше осындай қалың дәптер арнатып, оған кейбір деректерді, әсіресе, өз өңіріміз, өз ауылымыз жайлы тарихи мәліметтерді де жазып отыруды тапсырушы еді.
Бұл кісі жөнінде есімде айрықша сақталғаны –Қазақ КСР тарихын оқытуға аса мән беретін еді. Ол кездерде бұл пән КСРО тарихы оқулығына қосымша ретінде екі аптада бір рет қана өтілетін. Оқулықтың өзі жұқа мұқабада шығарылған, қалыңдығы пышақ сыртындай ғана жұп-жұқа кітап. Апайды соншалықты сыйлап, оның сабағына атүсті қарамасақ та баламыз ғой, кейде бұл пәнге мән бермеген кездерімізде «Айналайындар, КСРО тарихы барлық жерде оқытылады.Ертең мектеп бітіріп, оқу орнына түскендеріңде де осы пәнді оқитын боласыңдар. Ал, сендердің өз еліміздің тарихын білмегендерің ұят болады. Сондықтан Қазақ КСР тарихын да жақсылап оқу керек» – дейтін.
Апай мектептегі бастауыш партия ұйымы мен қыздар кеңесінің төрайымы болды. Бүгінде әрқайсысы бір-бір отаудың от анасы болып, немере тәрбиелеп отырған менің сыныптастарымның арасында оны еске алушылар апайдың осы қыз балаларға қатысты қоғамдық жұмысын ерекше атайды. Ол қыздар тәрбиесіне өте қатал, мұқият қарағанын біздер кілең ұлдар сезіп, біліп жүрдік. Ол кездерде біздер үшін (ұлдарға) өте құпия, сабақ соңында ұлдарды қайтарып жіберіп, бірыңғай қыздармен өтетін жиналыстың күн тәртібін білуге құмартып тұратынбыз. Ұлдар деген қызық, еркіндеу, тентектеу боламыз ғой, бірде мен апайымызға еркелеп: «Апай қыздар жиналысы неге құпия өтеді. Оған ұлдар да қатысса болмайды ма?» – дегенім бар. Апай маған сәл түсін суытып қарады да қойды. Бірақ, ол сабақ соңында ұлдарды үзілістен бір-екі минутқа алып қалып, бағанағы суық қарағанының белгісі де жоқ: «Айналайындар, жаңағы Болатжанның сұрағы барлықтарыңның да көкейлеріңде жүрген шығар. Сондықтан, барлығыңа айтарым – оны кейін өздерің ұл-қыз тәрбиелеген кездеріңде түсінесіңдер. Ал, сендер деген ер жігіттерсіңдер. Сендерге бөлек тәрбие онша қажет емес, түсіндіңдер ме?» деді түсін жылытып.
Біздің сүйікті ұстазымыз Макуда апай мектепте өзімен бірге ұстаздық қызмет еткен қатар құрбыларының арасында да өте сыйлы болыпты. Апайдың жақын құрбысы, ардагер ұстаз Роза Қаженова «Мен Макудамен жақын дос болдым. Оның жүрегі өте жұмсақ болатын. Әрбір оқушы оның туған баласындай еді. Оларды өзінің туған ұл-қыздарынан кем көрмейтін. Интернатта жатып оқитын балаларды демалыс күндері үйіне ертіп апарып, оларға шәй мен тәттілерін беріп, олардың жағдайларына қарайлап жүретін. Құрбымыздың осындай мейірбандығынан жас ұстаздар үлгі алғысы келіп тұратын», – дейді.
Өзінің достарына, қызметтестеріне және шәкірт­теріне өте сыйлы болған ұстаз апамыз өзі өмірге әкелген ұл-қыздары мен жолдасының да үнемі қас-қабағына қарап жүретін өте адал жар, мейірбанды ана да болыпты. Небары 39 жыл өмір сүрген анасы жайлы оның тұңғышы Светлана қарындасымыз «Біз анамыздан ерте айырылдық. Сонда да, оның жарқын бейнесі біздің көз алдымызда. Ол әкеміз екеуі бізді адалдыққа, мейрімділікке, еңбексүйгіштікке тәрбиеледі. Әсіресе, анамыз бізді ұлттық рухта тәрбиелеуге назар аударған сияқты. Ол өлең жазатын. Мерекелер мен туған күндерімізде біздің жас ерекшеліктерімізге сәйкес келетін әдеби кітаптар сыйлауды ұмытпайтын. Сыйлаған кітаптардың мұқабасының ішкі бетіне біздің сол кітаптан алар үлгі-өнегемізді бір-екі шумақ өлеңмен жазып беретін» – деп, анасын сағына есіне алады.
Біздер мектеп бітірердегі соңғы қоңырау салтанатына дайындықты да Макуда апайымыз өзі тікелей бақылап, ақыл-кеңесін айтып отырды. Өйткені, апай бітіруші екі оныншы сыныптың бірінің сынып жетекшісі еді. Бұрын бірімен-бірі жарысып шаралар өткізетін екі сыныпты Макуда апайымыз қосып дайындаған біздің мектептегі соңғы шарамыз өте есте қаларлықтай өтті. Ал, біздің сүйікті апайымыздың өзі де сол күндері біздермен бірге толқып, өте қимастық күйде жүрді.
Сөйтіп, біздер мектеп бітіріп әрқайсысымыз жан-жаққа кеттік. Менің тағы бір есімде қалғаны ол кездерде әскерге аттанатын бұрынғы шәкірттер мектепке арнайы соғып, ұстаздарға сәлем беріп, олардың батасын алып кететін жақсы дәстүр бар еді. Біз де мектепке барып, ұстаздарымызға сәлем бердік. Онда да өзіміздің Макуда апайымыз ерекше қуанып, әрқайсысымызды айналып-толғанып болды. Тағдыр кейде өте қатал ғой, сол жолы бізді әскерге өз бауырындай өбектеп, қимай шығарып салған Макуда апайымыз келесі жылы не бары отыз тоғыз жасында өмірден өтіпті. Мен ол кездерде Украинаның түкпірінде орманды алқаптағы бір деревнясында азаматтық борышымды өтеп жүргенмін. Менімен бірге өзімнің сыныптасым, Макуда апайымыздың жақын ағасының ұлы Әлімхан деген досым қызмет ететін. Оған үйінен хат келіп, апайдың қайтыс болғанын сол досым көзі жасаурап тұрып жеткізді. Бір жыл әскери қызметті артқа тастап, ауыл-елді сағынуымыз басылған уақыт. Бірақ, сыныптас досым екеуміз бір-бірімізге қарап, тамағымызға өксік жас тығылып, үндеспей ұзақ тұрдық.
Сәйкестік пе, әлде тағдырдың жазуы ма кім білген? Кейіннен ауылда қалған қыз-жігіттердің жазған хатынан білдік. Біздің сүйікті ұстазымыз мектептегі сол 1979 жылғы соңғы қоңыраудан бір күн өткенде ғана, өзінің ұстаздық борышын өз өмірі жеткенше адал атқарып, мына жалған дүниеден өтіпті. Ұстазды құрметтеген ауылдастарымыз қаралы митинг жасап, аудан орталығынан келген үрмелі аспаптар оркестрінің азалы әуеніне қосылып, үнсіз егіле жылаған үлкендер мен мектеп шәкірттері аз болмапты.
Биылғы жылы өмірден өткеніне қырық жыл толатын аяулы ұстазымыз Макуда Ілияқызы өзінің Құдай қосқан қосағы Әбілда Кәрімбайұлы ағамыз екеуі бес бала сүйген еді. Асыл ананың өзі қызығын көріп үлгірмеген ұл-қыздары бүгінде ер жетіп, бір-бір отбасының ұйытқысы болып отыр.

Болатбек НҰРЖАНОВ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

23 сәуір 2019 ж. 484 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 767

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930