» » » БІРЛІГІ ЖАРАСҚАН ЕЛ

БІРЛІГІ ЖАРАСҚАН ЕЛ

     Өткен ғасырдың ортасына тағдыр тәлкегімен елімізге қоныс аударған өзге ұлт өкілдері бүгін де бір шаңырақ астында бақытты ғұмыр кешіп, ұрпақ өрбітіп, бейбіт те, берекелі тіршілік кешіп келеді.
     Қазақ еліне табан тіреген көптеген ұлт өкілдерінің көкірегінде осынау кең пейіл халыққа деген айрықша алғыс сезімі жатыр. Олардың қай-қайсысымен пікірлесіп, сөйлессеңіз де аласапыран кезеңде айқара құшақ ашып, төрінен орын берген қазақ жұртына құрметі бөлек.
Сонау 1938 жылы  Арал қаласында дүниеге келген София Хайрутдинова сол өңірдегі орыс мектебін бітіріп, Қызылорда қаласындағы қазіргі Қорқыт Ата атындағы университеттен химия пәнінің оқытушысы мамандығы бойынша жоғары білім алып шығады. Сол бір студенттік кезеңде Болат есімді қазақ жігітімен дәм-тұзы жарасып, екеуінің арасында ерекше сыйластық сезімі қалыптасады да көп ұзамай екі жас ата-аналарының ақ батасын алып, отау құрды.
     – Қазақтың үйінен қонақ арылмайды. Сөйтіп жүріп, мектепте мұғалім болып жұмыс жасадым. Сегіз баланы өмірге әкеліп, оларды өсіріп, жеткіздік. Өзім ол кезде аудан орталығындағы №31 орыс мектебінде мұғаліммін. Ескі мектеп осы күнгі  №246 мектептің орны болатын. Сабағымның арасында уақыт тауып, үй жақта ойнап жүрген балаларымды сыртынан қарап кететінмін. Жолдасым Болат та жұмыста. Ол аудандағы “Автобаза”, “Казсельхозтехника” мекемелерінде еңбек етті. Жолдасыммен сыйласып,  жұмыстағы жауапкершілік пен отбасындағы міндетті қатар алып жүруге бар күшімді салдым. Соның нәти­жесі болар, балаларымыз қазір ер жетіп, әрқайсысы өмірден өз орындарын тапты, – дейді София Шарифқызы.
Иә, бүгінде украин, татар ұлттарымен құда-жекжат болып, он бес немерені, үш шөберені бауырына басқан София апай бақытты әжелердің бірі. Ауданның білім саласында айрықша еңбегі бар Хайрутдинова София Шарифовна бүгінде зейнеткерлік демалыста. Өмірінің елу жылдан астам уақытын ұстаздық қызметке арнап, қаншама шәкірттерін қанаттандырып, ұядан ұшырған ұлағатты ұстаз ел алдында абырой-беделден, мемлекет тарапынан берілген мадақ, марапаттаулардан да кенде емес.
     “Ұстаз шәкіртімен мақтанады” емес пе? Шындығында София Шарифқызының көптеген шәкірттері елге беделгі тұлғалар болып қалыптасты. Айталық, ҚР Сенат депутаты болған Қ.Баймаханов, ғылым докторлары Н.Табынбаев, Б.Баймаханов, Ә.Байдүйсенова, қазақтың тұңғыш әскери кемесінің капитаны, марқұм  Б.Алтынбаев, облыста, айтақта жо­ғары лауазымды қызметтер атқарып жүрген Ж.Жылқышиева, Т.Дүйсебаевтар ұстаздан дәріс алған, аудан орталығындағы  №31 орта мектептің түлектері.
– Ендеше бұл күн – өздерін құшақ жая қарсы алып, бастарына түскен ауыртпалықты бірге бөліскен қонақжай қазақ халқына Қазақстанда туып-өсіп, осы елде тұрып жатқан өзге ұлт өкілдерінің алғыс айтатын күні. Бұл күн – Тәуелсіз еліміздегі барша азаматтардың бірі-біріне жүрек қалауымен жақсылық жасап, көктем шуағындай жылы лебізін білдіріп, алғаусыз алғысын жеткізетін күні. Осы сәтті пайдалана отырып, мен де дархан қазақ еліне риясыз алғысымды білдіремін!, – деді сөз соңында ардагер ұстаз.

Нұрсұлтан ҚАЗБЕКОВ.
01 наурыз 2018 ж. 3 713 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 763

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930