"Қайтадан мені ұсынып отырғандаймыз": Назарбаев съезд кезінде көзіне жас алды
Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев Nur Otan партиясының кезектен тыс съезінде көзіне жас алды, деп хабарлайды Stan.kz тілшісі.
"Егер осы уақытқа дейін сенімді ақтай отырып, міндетімді орындаған болсам, бақытты адаммын. Егер мен осындай шешім қабылдаған болсам, жайдан-жай емес. Қаншама рет ойландым, бір күнде шешім қабылдамадым. Барлығымыз Тоқаевты бірауыздан қолдайық, сайлайық. Бүгін кандидат ретінде Тоқаевты ұсынып отырмыз, бірақ қайтып мені ұсынып отырғандай күйдеміз. Біз ортақ шешім қабылдадық. Барлығы бірауыздан президенттікке Тоқаевтың кандидатурасын қолдады", - деп айтты Назарабаев.
Ол қазіргі заманда Қазақстанға бірлік қажет екенін атап өтті.
"Басқа елдермен өзімізді салыстырсақ, біз алып та, шағын да ел емеспіз. Осындай уақытта артта қалмай, дамыған елдердің шаңында қалмау үшін бізге бірлік керек. Біз бір қолдың бес саусағындай тұтас болуымыз керек", - деді ҚР тұңғыш президенті партияның кезектен тыс съезінде.
Қазақстанның тұңғыш президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолын алып, оған қолдау көрсетті. Съезд соңында эстрада жұлдыздары орындаған "Елім менің" әнін қос президент қосыла шырқады. Көзіне жас алған Назарбаев баршаға зор денсаулық пен елімізге өркендеу тілеп, ол үшін аянбай еңбек ету керек екенін айтты. Осылайша, Nur Otan партиясының кезектен тыс съезі аяқталды.
Stan.kz