"Е, Алла, не жаздым саған деп жылаппын": Айнұр Тұрсынбаева басынан өткен қиындықтары туралы айтты
Айнұр Тұрсынбаева жолын кімнің байлағанын айтып, қиындықты шешудің жолдарын ұсынды, деп хабарлайды Stan.kz тілшісі.
Айтыскер ақын өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жолының ауырлығы туралы көптеген хат келетінін жеткізіп, мәселелерді қалай шешу керек екендігін айтты. Адам - өз өмірінің суретшісі деген қағиданы ұстанған өнер иесі бір кездері өз жолын өзі жапқанын жасырмады.
"Көптеген xаттар "жолым болмайды, жолым ауыр, жолымды қалай ашамын" деген мағынада келеді. Бір кездері мен де "неге мен сәтсіздікке ұшырай беремін, мен деген жақсы адаммын ғой, олай болса неге жолым болмайды, неге көп қателесемін" деп қиналатын едім. Сөйтсем өз жолымды өзім жауып тастаппын. Елдің бәріне ренжіппін, өкпелеппін, өсек айтыппын, ешкімге сенбеппін. Өзім қателік жасап алып "Е, Алла не жаздым саған" деп орынсыз жылаппын", - дейді ол.
Аллаға сенетін адамның күйзеліске ұшырамайтынын айтады ақын. Кез келген проблема адамның психологиялық ойлау жүйесінен басталатынын ескерген жөн дейді Айнұр Тұрсынбаева. Айтыскер ақын жол ашудың бірнеше түрін ұсынды.
"Жалпы Аллаға шын жүрегімен сенетін адам күйзеліске түспейді негізі. Барлық қиындықты шешуші бір Алла екенін жүрекпен сезінсеңіз, кәдімгідей жеңілдеп қаласыз. Жолыңызды ашқыңыз келе ме? Миыңызды жақсылап тазалаңыз, үйіңізді жақсылап тазалаңыз, садақа беріңіз, адамдардың сыртынан тек мақтау айтып үйреніңіз, мешітке барып Алламен сырласыңыз, науқастардың көңілін сұраңыз, ешкімнен ештеңені қызғанбаңыз, балалармен ойнаңыз, балалардан таза энергия алуға болады, тәртіппен ұйықтап үйреніңіз, күніне тым болмаса жарты сағат миыңызға тыныштық беріңіз. Өзгермейтін нәрсе жоқ!" - деп қорытындылады ол.