Қызылорда облысында көшедегі тастанды нәрестенің анасы табылды
Қызылорда облысында полиэтилен пакетіне оралып, көшеге тасталған нәрестенің анасы табылды, - деп хабарлайды КТК тілшісі.
Облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметіндегілер аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 119-бабы 1-бөлігімен (сәбиді қауіпті жағдайда қалдыру) қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді. Қазір тергеп-тексеру амалдары жүріп жатыр.
"Аталмыш оқиғаға байланысты полиция қызметкерлері кешенді жедел-іздестіру шараларын жүргізді. Нәтижесінде күдікті азаматша ұсталды. Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабының талаптарына сәйкес, сотқа дейінгі тергеп-тексерудің басқа деректері жария етілуге жатпайды", - деп мәлім етті Полиция департаменті өкілдері.
Қазалы ауданының орталығы Әйтеке би кентінде пакетке оралған шақалақ табылған еді. Кіндігі кесілмеген сәби дереу ауруханаға жеткізілді, деп жазады ҚазАқпарат тілшісі. Аудандық аурухананың бас дәрігер орынбасары Бақытгүл Алишеваның айтуынша, алынған анализдер бойынша нәрестенің денсаулығы қалыпты, салмағы - 2 келі 700 грамм. Оны Қызылорда қаласындағы сәбилер үйіне өткізу мақсатында құжаттар дайындалып жатыр.
kaz.tengrinews.kz